Қаржылық мониторинг агенттігі Алматыда алкогольдің заңсыз айналымы саласында 16 қылмысты анықтады. Жүз мыңнан астам қолдан жасалған арақ-шарапты тәркілеген. Агенттік суррогат алкоголь өнімдерінің негізгі бөлігі астыртын цехтарда, көбінесе антисанитариялық жағдайларда жасалатынын айтады. Бірақ арланбай тұтынатындар болса керек.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті жалған есепке алу-бақылау таңбалары бар спирттік ішімдіктерді дайындап, кейін Алматының сауда орындарында, базарларда сатқаны үшін 1998 жылы туған Алматы қаласының тұрғыны Б.Камалды қылмыстық жазаға тартты. Жалпы алғанда, 2021 жылдың басынан бері Алматы қаласында спирт және алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымы саласында 16 қылмыс әшкереленді. Суррогат алкоголь өнімдерін дайындайтын 8 астыртын цех қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан барлығы 91 мың данадан астам жалған акциздік таңбалар, Jack Daniel’s, Jameson, «Казахстан», «Воздух», «Зерно», «Бульбаш», «Хортица» «Царская», «Финляндия» және басқа алкоголь өнімінің танымал маркалары жапсырылған 110 мыңнан астам бөтелке тәркіленді.Елдос СЕНБАЙ