Атырау – аймағы мұнайымен бірге балығымен де танымал өңір. Бекіре тұқымдас балықтардың бірнеше түрі экспортталған аймақта балықты мемлекет тарапынан қолдан өсіруге қаражат бөлініп отыр. Атыраудағы екі балық зауытынан Жайық өзеніне 7 млн-нан аса шабақ жіберіледі. Осылайша, бағалы балықты қолдан өсіру жолға қойылып, мамандардың маңдай терімен жойылып кетпей тұрған балықтарды қорғаушы органдардың өздері құртуға жол беріп отыр...
Бұлай деп айтуға себеп те жоқ емес. Жайық өзені тартылып жатыр десек те, қоры азайса да, әйтеуір балық бар. Дегенмен балықты сақтауға және қорғауға жауапты құзырлы органдардың браконьерлермен және балық қорын сақтаушылармен ым-жымы бір болуы келешекте Жайықты балықсыз қалдыру қаупі төніп тұрғандай. Айталық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ инспекторларына қатысты пара алу фактісі, Солтүстік Каспийдің ерекше қорғалатын табиғи аймағына браконьерлерді кедергісіз өткізгені және оларға «қамқорлығы» бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары А.Мамыттың айтуынша, бұл бір ғана оқиға емес. Биыл сәуір айында Атырау стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол вокзалында 4,6 келі бекіре балығы салынған жүгі бар жолаушыны анықтаған. Жолаушыдан қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 50 мың теңге көлемінде пара алған полиция қызметкерлері тұтылды. Бұл істің ақыры полиция қызметкерлерін атағынан айырып, 1,7 млн теңге көлемінде айыппұл салумен аяқталды. Ал былтыр аталмыш департамент мамандары Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерін параға қатысты іспен әшкереледі. Ол кәсіпкерлік қызметті кедергісіз жүзеге асырғаны және жалпы «қамқорлығы» үшін ішінара балық аулаумен және сатумен айналысатын ЖШС директорынан 1,5 млн теңге көлемінде пара алған. Жасаған қылмыстық іс үшін Полиция департаментінің қызметкері 3 жыл 6 ай бас бостандығынан, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан және әскери шенінен айырылды. Міне, бекіре тұқымдас балықтарды қорғайды деп сенген жауапты органдар тарапынан болып жатқан жағдайлар осындай. Елімізде барлық балықтың 30 пайызы Жайық-Каспий бассейнінде ауланады. Бұл дегеніңіз – балық аулаудан Атырау өңірі көш бастап тұр деген сөз. 2021-2030 жылдарға арналған Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы жүзеге асса, тауарлы балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 25 мың тоннаға артады. Ал Жайық-Каспий бассейнінде кәсіптік балық аулау көлемі 1,5 есеге көбейіп, жылына 25 мың тоннаны құрамақ. Келешекке үмітпен қараған жөн, бірақ балықты аулаудан гөрі өсіруге басымдық беріп отырған Балық шаруашылығы басқармасының жобасы басталмай жатып құлдырауға ұшырап кетпесе болды. Себебі жоғарыда жазғандай, оқиғалар күнделікті қайталанбай жатқанына ешкім кепілдік бермейді.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы