Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімдегі оқ-дәрі қоймасының жарылуы бүгін болып, ертең ұмытылар қорқынышты түс емес екенін қалың бұқара ұғынды. Арыстан кейін қайталанып отырған апат өзге өңірдегі ағайынның да үрейін еселей түсті. Еліміздегі әскери бөлімдерге жақын орналасқан ауылдардағы жұртшылық «Жамбылдағы жағдай бізде де қайталануы мүмкін бе?» деген оймен алаңдай бастады. Үкімет өз кезегінде бәрі бақылауда екеніне сендіріп отыр.
Президент Сапарбаевқа қандай тапсырма берді?
Жасыратыны жоқ, Жамбылдағы жарылыстың «жарасы» бүгін-ертең жазылмайтыны анық. Себебі екі жыл бұрын болған Қордай қақтығысынан жұрт енді есін жия бастағанда бұл апат «жығылғанға жұдырық» болды. Оған қоса, әлемдік пандемия ағайынды әбігерге салып, өлім-жітім көбейіп жатқанда жұрт не істерін білмей абдырап қалды. Әсіресе, әскери бөлімге жақын орналасқан Қайнар ауылының тұрғындары қираған үйлері қайта қалпына келтірілгенше «шатырда» түнеп, Үкіметке үмітті көзбен қарап отыр. Бейсенбі күні Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон арқылы есеп беріп, апат салдарымен күресу жұмыстарын баян етті. Аймақ басшысының есебіне сүйенсек, жарылыстан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік нысан, барлығы 122 жылжымайтын мүлік зақымданған. Осы нысандарды қалпына келтіру үшін 12 мекеме, 23 техника және 185 жұмысшы жұмылдырылған. Бердібек Машбекұлы Президентке қазір 62 тұрғын үй жөнделгенін, ал жалпы қалпына келтіру жұмыстары 10 қарашаға дейін аяқталатынын мәлімдеді. Ал Жібек жолы ауылындағы қираған №5 орта мектептің орнына жаңа білім нысаны салынбақ. Жаралыларға келсек, 26 адам стационарда емделіп жатыр. Олардың 15-і әскери госпитальде. Емделіп жатқандар төтенше жағдайлар, полиция қызметкерлері мен әскерилер екенін айтты.Жаралылардың санынан кім жаңылып отыр?
Жалпы, төтенше жағдай болғанда статистика «сүрініп», сандар сандырақтап кететіні бар. Көп жағдайда мамандар жаралылар мен қаза тапқандардың нақты санына жете алмай жатқанда осындай келеңсіздіктер болады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Президент алдында есеп бергеннен кейін де осындай кикілжің туды. Көпшілік ауруханада жатқан жаралылардың саны облыс әкімі Мемлекет басшысына берген есебіндегі сандар мен арнайы құрылған штаб таратқан ақпаратпен сай келмейтінін алға тартып, шулап кетті. Тіпті, «Сапарбаевты әдейі саннан жаңылдырды» дегендер де табылды. Алайда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі жарылыстан кейін 22 сарбаз әскери госпитальге, ал 10 адам қалалық ауруханаға түскені туралы толықтыру берді. Әскерилер қатарында қаза тапқандардың саны алтау. Кіші сержант Бауыржан Даутбаев із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Ал қалалық ауруханада жатқан сарбаздардың барлығы әскери госпитальге көшірілген. Дәл қазір әскери емханада бес адам ем қабылдап жатыр. Оның үшеуі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының сарбаздары болса, екеуі әскери прокуратураның қызметкерлері. Бір сарбаз жарақатына байланысты шұғыл түрде Алматы қаласындағы әскери ауруханаға ауыстырылған. Міне, осындай анықтама берген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі өздерінің салаларына қатысты жаралылар мен қаза тапқандардың саны нақты екенін көрсетті. Ал облыс әкімінің есебіндегі сандар мен арнайы құрылған штабтағы мәліметтің сәйкес келмейтініне қатысты облыс әкімдігі әзірге ресми ақпарат берген жоқ.Өрт сөндірушілер ескі жабдықтармен жұмыс істеуге мәжбүр
Байзақтағы жарылыстан кейін түрлі сала мамандары ойын ортаға салып, пікір білдірді. Ал Сенат депутаты Бекболат Орынбеков қайғылы оқиғаға қатысты төтенше жағдайлар қызметінің осал тұстарын анықтағанын айтып, сала жұмысын қатаң сынға алды. Депутаттың сөзіне сүйенсек, қала мен облыстағы өрт сөндіру стансаларының саны, сондай-ақ кезекші қарауылдың жауынгерлік есебі мен жеке құрамының штат саны нормаға сай келмейді екен. Сондай-ақ сенатор өрт-құтқару техникасы мен жабдықтарды сатып алуға ақшаның бөлінбеуінен құтқарушылар ескі жабдықтармен жұмыс істеуге мәжбүр болғанын айтады. «Жамбыл облысында өрт сөндіру қызметінің автотехника паркі 136 дананы құрайды. Баланста бар автокөліктің 26-сы ескірген техника, оның пайдалану мерзімі 20 жылдан асады. Бұдан басқа, Байзақ ауданында төтенше жағдайды жою кезінде 18 дана өрт сөндіру техникасы жарамсыз болып қалғанын атап өту қажет», – дейді Бекболат Орынбеков. Осылайша, ойын өріп, пікірі мен пайымын білдірген сенатор төтенше жағдайлар қызметіне түбегейлі талдау жүргізіп, жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды.P.S. Әрине, «байыбына бармай байбалам салудан» аулақпыз. Алайда Байзақтағы жарылыс біраз мәселені су бетіне қалқып шығарғаны анық. Енді бұдан ел Үкіметі қандай сабақ шығаратыны белгісіз. Бір анығы, еліміз әскери қоймаларға келгенде төтенше жағдайға дайын емес екенін екінші мәрте көрсетіп қойды. Ендігі тілек жамбылдықтар бастан кешкен жағдайды өзгелер көрмесе игі...
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы