Сабақ пен құрылыс қатар жүргізіледі
Сабақ пен құрылыс қатар жүргізіледі
161
оқылды

Жаңа оқу жылы басталып кетсе де, Солтүстік Қазақстан облысындағы орта мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Оқушылар күрделі жөндеу жүріп жатқан ғимараттарда шаң-тозаңның ортасында білім алуға мәжбүр. Ал облыстық Білім бас­қармасындағылар құрылыс жұ­мыстары оқу процесіне кедергі келтірмейді деп отыр.

Ресми мәлімет бойынша, алты мектеп оқу жылына дайын емес. Бұған қаржының кеш бөлінгені себеп. Барлық алты нысан бойынша бір ғана мердігер – шымкенттік «ГрадСтройСервис» ЖШС. Конкурс өткізілгеннен кейін оның қорытындысы бойынша басқа қатысушының шағымы бір айдай Нұр-Сұлтан қаласындағы Мем­лекеттік сатып алулар жөніндегі комитетте қаралған көрінеді. Осы жайт қолбөгеу болып, бөлінген қаржы тек маусым айының бас кезінде ғана келіп түскен. Ал жөндеу жұмыстары шілде айының ортасы ауған кезде ғана басталып, оны аяқтауға келісімшарт бойынша жарты жылдай уақыт берілген. Ендеше жөндеуді қараша айында аяқтауға тиіс құрылыс компания­сының еш кінәсі жоқ. «ГрадСтройСервис» ЖШС қызметкері Мұқан Ордабеков құ­ры­лысшылар келісімшарт бойынша белгі­ленген мерзімде жұмысқа кіріскенін алға тартады. Оның айтуынша, оларға 6-қара­шаға дейін уақыт берілген, жұмыстар жос­парлы түрде жүргізіліп жатыр. Алайда жағдайды түсінген құрылысшылар жұ­мыс­ты мерзімінен бұрын, яғни қыркүйек айы­ның ішінде аяқтауға тырысып-ақ бағуда. Жөнделіп жатқан Айыртау ауданын­дағы Гусаков, Ақжар ауданындағы Май, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Чистов және Полудин, Мамлют ауданындағы Андреев және Тайынша ауданындағы Амандық орта мектептерінде бас-аяғы 800-ден астам бала білім нәрінен сусын­дауда. Қазір олар сарт-сұрт етіп жүріп жатқан құрылыстың ортасында шаң-тозаң жұтып жүруге мәжбүр. Әрі мұғалімдер де шаң-тозаң мен үйілген жиһаздың орта­сында уақытша ыңғайсыздыққа тап болып отыр. Олардың қауіпсіздік мәселесі назар­дан тыс қалғанға ұқсайды. Ал облыстық Білім басқармасындағы шенеуніктер бұған қалыпты жағдай деп қарап, құрылыс жұмыстары балалардың оқуына еш кедергі келтіріп отырған жоқ дейді. «Биыл күрделі жөндеу жоспарланған 42 мектептің 36-сы уақытында дайын болды. Алты білім ошағындағы жұмыстар қыркүйектің соңына дейін аяқталады. Қаржы кеш бөлінгендіктен, жөндеу жұ­мыс­тары кеш басталды. Бірақ бұл оқу про­цесіне кедергі келтіріп отырған жоқ. Балалар сол ғимараттарда оқып жүр», – деді облыстық Білім басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Татьяна Протопопова.

КОНКУРС ӨТКІЗУДЕ ОЛҚЫЛЫҚ БАР

Тайынша қаласындағы №4 орта мектеп директоры Айгүл Мұхаметқалиеваның пі­кірінше, мектептерді жөндеу жұмыста­ры­на жарияланатын конкурсты өткізуде олқы­лықтар бар. «Жылда дәл осындай жағдайға тап боламыз. Жөндеу жұмыстары жаз ортасы ауғанда басталады да, кейде желтоқсан айына дейін жалғасады. Бұған мердігер кінәлі емес, себебі оларға осын­дай мерзім беріледі. Меніңше, өңірдегі мектептерді жергілікті құрылыс компа­ния­лары жөндегені дұрыс. Сондықтан кон­курс жарияланған кезде жөнделетін нысан мен құрылыс компаниясы орна­ласқан мекенжайдың арасындағы қашық­тық көрсетілуі керек әрі 1-қыркүйекке дейін ғана мерзім белгіленуі тиіс. Өйткені алыстағы құрылыс компаниялары біздің өңірге келіп, жергілікті жұмыссыздардың арасынан аз ақшаға жұмыс істеуге келі­се­тін адамдарды іздеп тапқанша біраз уақыт өтіп кетеді», – дейді Айгүл Ботақызы. Ресми дерек бойынша, алты мектепте ғана жөндеу жүріп жатыр делінгенімен, шын мәнісінде ондай мектептер саны жиырмадан асып жығылады. Мәселен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Рузаев, Червнонное, Тоқсан би, Аққайың ауданындағы Шағалалы, Айыр­тау ауданындағы Имантау, Антоновка, Қызылжар ауданындағы Большая Ма­лышка, Мамлют ауданындағы Андреевка, Афонькино ауылдарындағы мектептерде әлі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Соңғысындағы оқушылар сабақ жүріп жатқан кезде үстіңгі қабаттағы тарс-тұрс дыбыс бөгет жасап отырғанын жа­сырмайды. Ал шенеуніктер құрылыс жұ­мыстары сабақтан тыс уақытта жүргізіле­тінін айтып ант-су ішеді. Мұндағы ғима­раттың шатыры, есік-терезесі, едені барлығы ауыстырылмақ. 40 жылдан бері жөндеу көрмеген мектепке биыл 180 миллион теңге бөлінген. Айналдырған 65 оқушы мұнда екі ауысымда оқып жүр. Себебі бірінші қабат қана дайын. Компьютерлер қосылмаған. Спорт залы да жабық, денешынықтыру сабағы ашық аспан астында өткізіледі. [caption id="attachment_160676" align="aligncenter" width="1019"]құрылыс © Эльмира Кәленова – фото[/caption] Мамлют ауданық білім бөлімінің басшысы Данияр Шәкенов бұған ата-аналар түсіністікпен қарап отырғанын айтады. «Афонькино мен Андреевка мектептерін жөндеу бір мезгілде басталды. Екеуіндегі жағдай қазір бірдей. Балалардың қауіпсіздігі үшін тыйым салынған жерлерге арнайы белгілер қойылды. Сабақтар да, үзілістер де қысқартылды. Алдағы 2-3 күннің ішінде екінші қабаттағы жұмыстар аяқталып, құрылысшылар үшінші қабатқа көшсе, арқамыз кеңейер еді. Құрылыс жұмыстары кешкі және түнгі уақытта ғана жүргізіледі», – деді Данияр Шәкенов. Тайынша ауданындағы Амандық ­мек­тебінің оқушылары 7 шақырым қа­шық­тықта орналасқан Ильичевкаға қа­тынап оқуға, ал Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданға қарасты Рузаев орта мек­тебінің оқушылары колледждің ескі ғи­маратында білім нәрімен сусындауға мәжбүр болып отыр.

АУЫЛ МЕКТЕБІНІҢ МҰҢЫ КӨП

Бұл – Солтүстік Қазақстан облысында жылда қайталанатын жағдай. Білім сала­сына қатысты бұдан басқа да олқылықтар жетерлік. Мәселен, облыстық білім сала­сында Сапаны қамтамасыз ету департа­ментінің мәліметінше, мектеп оқушы­ларын медициналық қызметпен қамта­масыз етуде назар аударатын түйткіл бар. Кейбір мектепте медицина кабинеті мүл­дем болмаса, басқаларында аурухана­лармен келісімшарт жасалғанына қарамас­тан, медицина кадрлары жоқ, ал кейбі­реуінде штаттық кестеде медицина қыз­меткерінің бірлігі мүлдем қарастырыл­маған. Сондай-ақ балаларға ыстық тамақ ұйымдастырылмаған мектептер де бар. Әсіресе, шалғайда орналасқан ауыл мектептерінде бала саны аз болғандықтан, жеке кәсіпкерлер олармен келісімшарт жасауға құлықсыз. 30-дан астам мектепте асхана мен буфет мүлдем жоқ. Бұл ереже бұзушылық болып саналады. Өйткені Үкімет қаулысына сәйкес әлеуетті жеткізіп беруші табылмаса, жергілікті бюджет есебінен аспаздар қарастырылуы қажет. 70-тен астам мектептің негізгі ғима­раты бейімделген бөлмелерде орналасқан. Он шақты мектептің пеші ғимараттың ішінде орналасқаны да талапқа қайшы. Біраз мектептің жылыту жүйесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Төбесінен су ағып жатқан мектептер қаншама?! 500-ден астам пән кабинеті тиісінше жабдық­талмаған. Барлық мектепте компьютер болғанымен, интернеттің сапасы сын кө­термейді. Сондай-ақ барлық білім ошақ­тарында бейнебақылау орнатыл­ғанымен, оның бәрі бірдей талап пен стан­дартқа сәйкес деу қиын. Мектеп дә­рет­ханаларына қатысты түйткілдер бір төбе: барлық білім мекемесінде жылы дәретхана жабдық­талғанымен, кейбіреуіне кіру үшін бәрібір далаға шығу керек, 20 шақты мектепте биодәретхана орнатылған, тиісінше жаб­дықталмаған, яғни унитазы, суы жоқ және күрделі жөндеуді қажет ететіндері бар­шылық, жартысының жеке кабинкалары, тіпті қалқасы жоқ, балалар­дың жынысына қарай бөлінбеген. Айта кету керек, мұндай мәселелердің барлығы негізінен шағын жинақты мектептерге тән. Осы және басқа да мәселелер шұғыл түрде шешуді қажет етеді. Жоғарыда атал­ған алты мектепте қазір жөндеу жұмыстары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатыр. Ауыл шынымен де ел бесігі болса, ондағы білім ошақтарын елік­тен осыншалық мүсәпір күй кешіп отыр?

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы