Тағы да әуежай сатылмақ
Тағы да әуежай сатылмақ
© коллаж: Елдар Қаба
225
оқылды

Ақтөбе халықаралық әуежайы саудаға қойылды. Бұдан бұрын Алматы әуежайының да иелері өзгерген. Биліктің  бұл қадамы бұқараға түсініктеу болып тұр. Себебі әуе қақпалары – мемлекеттің стратегиялық нысаны. Аса маңызды  нысандарды жекенің қолына өткізу ел қауіпсізідігіне  нұсқан келтірмей ме? Ойлану керек сияқты. 

Байлық бастауы – әуежай

Бірден айтайық, дауға та­мы­зық болған сауда уақытша доға­рыл­ды: мәртебесі – сауда қайта жан­данғанға дейін тоқтатылды. Ақтөбенің «Әлия Молдағұлова атын­дағы халықаралық әуежайы» үшін мемлекет небәрі 7,3 млрд теңге сұраған. Салыстыру үшін айт­сақ, осы сома Rolls-Royce-тың Boat Tail моделіндегі 1 ав­то­мо­билінің құнынан (20 миллион фунт) да арзан! Яғни, бір авто­кө­лік бағасына Қазақстанның 4-ші ірі қаласындағы және болашақ ме­гаполисіндегі стратегиялық ны­санды – халықаралық әуе­жай­ды қалтаға басуға болады. Сарапшылар пандемияға дейін­гі жылдары дәл осы әуе қақ­пасын AEON халықаралық ин­вест­тобы бұдан 3 есе қымбатқа са­тып алуға әзір болғанын еске сал­ды. Тіпті, Kazakh Invest онымен ме­морандум бекіткен. Мәжіліс де­путаты Андрей Линниктің тұс­палдауынша, сол мәміленің іске аспауына әлдекім мүдделі болуы мүмкін. Өйткені бұл – шынайы әрі мол табыс әкелетін, тұрақты түр­де жұмыс істейтін санаулы әуе­жайдың бірі. «Электронды сауда алаңы» (e-auction.gosreestr.kz) пор­та­лын­да жарияланған ақпаратқа жүгін­сек, Ақтау әуежайын кейіннен са­тып алу құқығымен 3 жылға се­­­­німгерлік басқаруға беру жос­пар­ланған. Сауда шарты бойын­ша қатысушылар 1 млрд теңгедей кепіл жарна енгізуі керек. Осы со­маның өзі құнды активті алды­мен сенімгерлік басқаруға алуға жет­кілікті болуы мүмкін еді. Со­дан кейін одан көрген табыс есе­бінен әрі жеңілдікті шарттармен то­лығымен сатып алуға болады: на­рықтық құнын 3 жылға дейінгі мер­зімге бөліп-бөліп төлеуге рұқ­сат етілген. Нысанның бүкіл 3 306 425 ак­ция­сын иеленген қожайыннан пер­соналдың ең болмаса 80%-ын сақтау сұралмақ. Онда 481 жұ­­­мыс­кер қызмет етеді. Әуежай  иесінің міндет­теме­лері көп емес: одан жолаушылар ағынын ұлғайту үшін аэровокзал алаңын 2 мың шаршы метрге кеңей­ту, жолаушыларға қызмет көр­сетуді жақсарту, жүкті өңдеу үшін арнайы техника сатып алу та­лап етілді. Осыны орындаса бол­ды, әуежай арқасында бай­лық­қа батуына жол ашық, өріс кең. Әуежай әзірге Ақтөбе облы­сы­ның Жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқарма­сы­ның балансында тұр. Бірақ ны­сан бәрібір жеке қолға табыс­та­латынға ұқсайды: жекешелен­ді­рі­летін мемактивтер тізімінен алып тасталмаған.

Қыруар мемлекеттік мүлікке кім қызықты?

Қоғам оның тым арзанға кет­келі тұрғанына ашынады. Жергі­лікті бағалаушы фирма – 32 жас­тағы Роман Рыжковтың «Незави­симая экспертная оценка» ЖШС биыл 19 тамызда «әуежай құны 7 млрд 320 млн теңге тұрады» деген қорытынды шығарыпты. Осы қызметі үшін ол ресми түрде небәрі 130 мың теңге алған. Облыстық Қаржы басқармасы онымен «бір көзден сатып алу» жолымен келі­сімге отырған. 24 тамызда мемлекеттік тілде «Заң газетінде», орысша «Юриди­ческая газетада» Ақтау әуежайы­ның сенімгерлік басқаруға бері­летіні туралы хабарлама басылды. Бұл ақпарат әлеуметтік желі арқы­лы тез тарап, наразы пікірлер гулей бастады. Дүрмекке жаңа сессиясын бастаған парламентшілер қо­сылды. Мәжіліс депутаттары Ақ­төбенің халықаралық әуежайының мүліктік кешенінің құны қанша­лықты дұрыс бағаланғанын тек­серуді талап етіп, депутаттық сауал жолдады. Олар сатылғалы тұрған әуежай кешеніне терминал, әкімшілік ғи­мараттар, жалға берілетін duty free аймағы, коммерциялық алаңдар, қоймалар, арнайы техника мен кө­ліктер, инженерлік желілер, отын-энергетикалық кешен, ЖЖМ-ге толы резервуарлар, тіпті төл теміржол бұтағы кіретініне назар аудартты. Оның мүлкінің бүкіл тізімі 396 бетте тізбеленген. Сату қарсаңында ғимараттар, құ­рал-жабдықтар, бүкіл инфрақұ­ры­лым ICAO ұсынымдары мен ха­лық­аралық стандарттарға сәйкес келтірілген. Қыруар ел қаржысы құйылған. Әуежайдың аэродромы І класқа жатқызылған, яғни Боинг 727-200, алып Ан-124-ті қабылдай алады. Әуежай әртүрлі ұшақтарға ұшу-қону жолағын ұсыну және ұшақтарға қызмет етудің сан алуан қызметтерін көрсетеді. Яғни, инвестор дап-дайын биз­неске қол жеткізеді. Енді осы­ның бәрі бір қымбат көліктен де арзан бағалануы қаншалықты әділ? «Әуе қақпасы Батыс Еуропаны Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын ірі ха­лықаралық аэронавигациялық трас­салардың тоғысқан тұсында орналасқан. Болашағы зор. Тек Батыс Қазақстанға ғана емес, 100 шақырым жердегі, іргедегі Ресей өңірлеріне арналған жүкті қабыл­дай береді. Ондағы аэродромда әскери авиация – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Әскери инс­титутының оқу ұшақтарының базасы орналасқан», – деді депутаттар. Кейінгі 5 жылда әуежай бюд­жет­ке 108-133 млн теңгеге дейін салық төлеп келді. Ал әуе тасымалы қайта жанданған биылғы 8 айда бюджетке 165 миллион теңге құ­йыпты. Мұның бәрі әуе қақпасы­ның табысы пандемия кезінде де өсіп жатқанынан хабар береді. 2020 жылғы жалпы кірісі – 1,9 миллиард теңгедей. Әзірге Ақтау халықаралық әуежайына қатысты мәселе түпкілікті шешімін тапқан жоқ.

Қанша әуежай мемлекет қолында қалды?

Биыл Алматы әуе қақпасының сатылуы да қоғамда алаңдаушылық туғызды. 2021 жылдың мамырында жарияланған Алматы халықаралық әуежайының 415 млн долларға шет­елдік компания меншігіне өт­ке­ні туралы хабарды естіп, қоғам бір дүрлікті. «Стратегиялық ны­сандар бұлай сатылып, талан-та­раж бола берсе, ұлттық қауіпсіз­діктен не қалады?» деп тіксінді жұрт. Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрі Бейбіт Атам­құлов блогы арқылы жауап беріп, елге басу айтты. Оның пікі­рінше, қажет болған жағдайда әуежайды мемлекет өз бақылауына ала алады. «Қолданыстағы  «Қазақстан­ның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 73-бабына сәйкес, стратегиялық объект саналатын әуежайды елдің мүддесiн, адамдардың өмiрi мен денсаулығын елеместен пайдалану салдарынан Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағ­дайда азаматтық авиация сала­сындағы уәкiлеттi орган ел Үкiме­тiмен келiсе отырып, халықаралық ұшуға қызмет көрсететін әуежайға уақытша басқаруды енгiзеді», – деді министр. Оның дерегінше, Азаматтық кодекс стратегиялық объектілердің мемлекеттік және жекеменшікте болуына рұқсат етеді. «Осыған орай «Алматы халық­аралық әуежайы» АҚ акциялары­ның мемлекеттік пакеті 1997 жылы жекеменшікке берілді. 2011 жыл­дан бері әуежайдың акционері Venus Airport Investments B.V. болатын. Ол таяуда әуежайды TAV Airports Holding компаниясына сатуға шешім қабылдады. Алматы қаласының әуежайын жаңғырту Ұлт жоспарының 66-қадамында көрсетілген. Сол себепті TAV Airports Holding компаниясының басты мақсаты – Алматы әуежа­йының мүмкіндіктерін арттыру және оны жаңғырту болады», – деді Б.Атамқұлов. Яғни, түрік инвесторы еліміз­дің ең ірі мегаполисінің әуе қақ­пасының жаңа жолаушылар тер­миналын, бизнес терминалын са­луға, ұшу-қону жолағын рекон­струк­циялауға және басқа жоба­ларға қаржы құюы шарт. Штаб-пәтері Стамбұлда орналасқан TAV Airports Holding Түркиямен шек­телмей, әртүрлі континентте – Фран­ция, Грузия, Тунис, Сауд Ара­биясы, Хорватияда халық­ара­лық әуежайларды басқарады. ИИДМ дерегінше, елде әуе көлігінің жердегі инфрақұры­лы­мын жаңғырту жұмыстары жалға­сып жатыр. Былтыр түркі әлемінің алтын бесігі Түркістанда заманауи жаңа әуежай ашылды. Ол еліміздің бірқатар қалаларынан – Нұр-Сұл­тан, Семей, Қостанай, Атыраудан, сондай-ақ Стамбұл мен Бішкектен рейстер қабылдайды. Биылғы жар­тыжылдықта Түркістан әуежайы небәрі 22 миллион теңгеден астам табыс тауыпты. Ішкі туризмді өркендету және ішкі рейстердің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жер­гілікті әкімдіктер Үржар және Үшарал шағын қалаларындағы әуежайлардың ұшу-қону жолақ­тарын реконструкциялап жатыр. Нәтижесінде, олар Boeing және Airbus секілді заманауи  ұшақтарды қабылдай алатын бо­лады. Бұл әсіресе, жазғы маусымда саяхатшылар ағынын арттыруға ықпал етуі тиіс. Бүгінде Шымкент әуежайының жаңа терминалын салу, Орал тер­миналын қайта құру, Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын қалпына келтіру қолға алынған. Алайда олар да дауға киліккен көрінеді. Қазір республикада 20 әуежай жұмыс істейді. Соның тек 12-сі әзір­ше мемлекеттік меншікте, бұ­лар – Нұр-Сұлтан, Атырау, Актөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл әуе қақпалары. 6 әуе порты (Ал­маты, Қарағанды, Тараз, Орал, Бал­қаш, Жезқазғанда) – жекемен­шікте. 2 әуежай (Ақтау мен Түркіс­тан) сенімгерлік басқаруға беріліп жатыр. Елордадағы Н.Назарбаев атындағы әуежай ерекше мәртебеге ие және тікелей Үкіметке бағына­ды. Ал қалған мемлекеттік әуе қақпалары жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

Елдос СЕНБАЙ