Ақтөбе халықаралық әуежайы саудаға қойылды. Бұдан бұрын Алматы әуежайының да иелері өзгерген. Биліктің бұл қадамы бұқараға түсініктеу болып тұр. Себебі әуе қақпалары – мемлекеттің стратегиялық нысаны. Аса маңызды нысандарды жекенің қолына өткізу ел қауіпсізідігіне нұсқан келтірмей ме? Ойлану керек сияқты.
Байлық бастауы – әуежай
Бірден айтайық, дауға тамызық болған сауда уақытша доғарылды: мәртебесі – сауда қайта жанданғанға дейін тоқтатылды. Ақтөбенің «Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайы» үшін мемлекет небәрі 7,3 млрд теңге сұраған. Салыстыру үшін айтсақ, осы сома Rolls-Royce-тың Boat Tail моделіндегі 1 автомобилінің құнынан (20 миллион фунт) да арзан! Яғни, бір автокөлік бағасына Қазақстанның 4-ші ірі қаласындағы және болашақ мегаполисіндегі стратегиялық нысанды – халықаралық әуежайды қалтаға басуға болады. Сарапшылар пандемияға дейінгі жылдары дәл осы әуе қақпасын AEON халықаралық инвесттобы бұдан 3 есе қымбатқа сатып алуға әзір болғанын еске салды. Тіпті, Kazakh Invest онымен меморандум бекіткен. Мәжіліс депутаты Андрей Линниктің тұспалдауынша, сол мәміленің іске аспауына әлдекім мүдделі болуы мүмкін. Өйткені бұл – шынайы әрі мол табыс әкелетін, тұрақты түрде жұмыс істейтін санаулы әуежайдың бірі. «Электронды сауда алаңы» (e-auction.gosreestr.kz) порталында жарияланған ақпаратқа жүгінсек, Ақтау әуежайын кейіннен сатып алу құқығымен 3 жылға сенімгерлік басқаруға беру жоспарланған. Сауда шарты бойынша қатысушылар 1 млрд теңгедей кепіл жарна енгізуі керек. Осы соманың өзі құнды активті алдымен сенімгерлік басқаруға алуға жеткілікті болуы мүмкін еді. Содан кейін одан көрген табыс есебінен әрі жеңілдікті шарттармен толығымен сатып алуға болады: нарықтық құнын 3 жылға дейінгі мерзімге бөліп-бөліп төлеуге рұқсат етілген. Нысанның бүкіл 3 306 425 акциясын иеленген қожайыннан персоналдың ең болмаса 80%-ын сақтау сұралмақ. Онда 481 жұмыскер қызмет етеді. Әуежай иесінің міндеттемелері көп емес: одан жолаушылар ағынын ұлғайту үшін аэровокзал алаңын 2 мың шаршы метрге кеңейту, жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту, жүкті өңдеу үшін арнайы техника сатып алу талап етілді. Осыны орындаса болды, әуежай арқасында байлыққа батуына жол ашық, өріс кең. Әуежай әзірге Ақтөбе облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының балансында тұр. Бірақ нысан бәрібір жеке қолға табысталатынға ұқсайды: жекешелендірілетін мемактивтер тізімінен алып тасталмаған.Қыруар мемлекеттік мүлікке кім қызықты?
Қоғам оның тым арзанға кеткелі тұрғанына ашынады. Жергілікті бағалаушы фирма – 32 жастағы Роман Рыжковтың «Независимая экспертная оценка» ЖШС биыл 19 тамызда «әуежай құны 7 млрд 320 млн теңге тұрады» деген қорытынды шығарыпты. Осы қызметі үшін ол ресми түрде небәрі 130 мың теңге алған. Облыстық Қаржы басқармасы онымен «бір көзден сатып алу» жолымен келісімге отырған. 24 тамызда мемлекеттік тілде «Заң газетінде», орысша «Юридическая газетада» Ақтау әуежайының сенімгерлік басқаруға берілетіні туралы хабарлама басылды. Бұл ақпарат әлеуметтік желі арқылы тез тарап, наразы пікірлер гулей бастады. Дүрмекке жаңа сессиясын бастаған парламентшілер қосылды. Мәжіліс депутаттары Ақтөбенің халықаралық әуежайының мүліктік кешенінің құны қаншалықты дұрыс бағаланғанын тексеруді талап етіп, депутаттық сауал жолдады. Олар сатылғалы тұрған әуежай кешеніне терминал, әкімшілік ғимараттар, жалға берілетін duty free аймағы, коммерциялық алаңдар, қоймалар, арнайы техника мен көліктер, инженерлік желілер, отын-энергетикалық кешен, ЖЖМ-ге толы резервуарлар, тіпті төл теміржол бұтағы кіретініне назар аудартты. Оның мүлкінің бүкіл тізімі 396 бетте тізбеленген. Сату қарсаңында ғимараттар, құрал-жабдықтар, бүкіл инфрақұрылым ICAO ұсынымдары мен халықаралық стандарттарға сәйкес келтірілген. Қыруар ел қаржысы құйылған. Әуежайдың аэродромы І класқа жатқызылған, яғни Боинг 727-200, алып Ан-124-ті қабылдай алады. Әуежай әртүрлі ұшақтарға ұшу-қону жолағын ұсыну және ұшақтарға қызмет етудің сан алуан қызметтерін көрсетеді. Яғни, инвестор дап-дайын бизнеске қол жеткізеді. Енді осының бәрі бір қымбат көліктен де арзан бағалануы қаншалықты әділ? «Әуе қақпасы Батыс Еуропаны Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын ірі халықаралық аэронавигациялық трассалардың тоғысқан тұсында орналасқан. Болашағы зор. Тек Батыс Қазақстанға ғана емес, 100 шақырым жердегі, іргедегі Ресей өңірлеріне арналған жүкті қабылдай береді. Ондағы аэродромда әскери авиация – Қазақстан Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтының оқу ұшақтарының базасы орналасқан», – деді депутаттар. Кейінгі 5 жылда әуежай бюджетке 108-133 млн теңгеге дейін салық төлеп келді. Ал әуе тасымалы қайта жанданған биылғы 8 айда бюджетке 165 миллион теңге құйыпты. Мұның бәрі әуе қақпасының табысы пандемия кезінде де өсіп жатқанынан хабар береді. 2020 жылғы жалпы кірісі – 1,9 миллиард теңгедей. Әзірге Ақтау халықаралық әуежайына қатысты мәселе түпкілікті шешімін тапқан жоқ.Қанша әуежай мемлекет қолында қалды?
Биыл Алматы әуе қақпасының сатылуы да қоғамда алаңдаушылық туғызды. 2021 жылдың мамырында жарияланған Алматы халықаралық әуежайының 415 млн долларға шетелдік компания меншігіне өткені туралы хабарды естіп, қоғам бір дүрлікті. «Стратегиялық нысандар бұлай сатылып, талан-тараж бола берсе, ұлттық қауіпсіздіктен не қалады?» деп тіксінді жұрт. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов блогы арқылы жауап беріп, елге басу айтты. Оның пікірінше, қажет болған жағдайда әуежайды мемлекет өз бақылауына ала алады. «Қолданыстағы «Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының 73-бабына сәйкес, стратегиялық объект саналатын әуежайды елдің мүддесiн, адамдардың өмiрi мен денсаулығын елеместен пайдалану салдарынан Қазақстанның ұлттық қауiпсiздiгіне қатер төнген жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган ел Үкiметiмен келiсе отырып, халықаралық ұшуға қызмет көрсететін әуежайға уақытша басқаруды енгiзеді», – деді министр. Оның дерегінше, Азаматтық кодекс стратегиялық объектілердің мемлекеттік және жекеменшікте болуына рұқсат етеді. «Осыған орай «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ акцияларының мемлекеттік пакеті 1997 жылы жекеменшікке берілді. 2011 жылдан бері әуежайдың акционері Venus Airport Investments B.V. болатын. Ол таяуда әуежайды TAV Airports Holding компаниясына сатуға шешім қабылдады. Алматы қаласының әуежайын жаңғырту Ұлт жоспарының 66-қадамында көрсетілген. Сол себепті TAV Airports Holding компаниясының басты мақсаты – Алматы әуежайының мүмкіндіктерін арттыру және оны жаңғырту болады», – деді Б.Атамқұлов. Яғни, түрік инвесторы еліміздің ең ірі мегаполисінің әуе қақпасының жаңа жолаушылар терминалын, бизнес терминалын салуға, ұшу-қону жолағын реконструкциялауға және басқа жобаларға қаржы құюы шарт. Штаб-пәтері Стамбұлда орналасқан TAV Airports Holding Түркиямен шектелмей, әртүрлі континентте – Франция, Грузия, Тунис, Сауд Арабиясы, Хорватияда халықаралық әуежайларды басқарады. ИИДМ дерегінше, елде әуе көлігінің жердегі инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр түркі әлемінің алтын бесігі Түркістанда заманауи жаңа әуежай ашылды. Ол еліміздің бірқатар қалаларынан – Нұр-Сұлтан, Семей, Қостанай, Атыраудан, сондай-ақ Стамбұл мен Бішкектен рейстер қабылдайды. Биылғы жартыжылдықта Түркістан әуежайы небәрі 22 миллион теңгеден астам табыс тауыпты. Ішкі туризмді өркендету және ішкі рейстердің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті әкімдіктер Үржар және Үшарал шағын қалаларындағы әуежайлардың ұшу-қону жолақтарын реконструкциялап жатыр. Нәтижесінде, олар Boeing және Airbus секілді заманауи ұшақтарды қабылдай алатын болады. Бұл әсіресе, жазғы маусымда саяхатшылар ағынын арттыруға ықпал етуі тиіс. Бүгінде Шымкент әуежайының жаңа терминалын салу, Орал терминалын қайта құру, Өскемен әуежайының ұшу-қону жолағын қалпына келтіру қолға алынған. Алайда олар да дауға киліккен көрінеді. Қазір республикада 20 әуежай жұмыс істейді. Соның тек 12-сі әзірше мемлекеттік меншікте, бұлар – Нұр-Сұлтан, Атырау, Актөбе, Көкшетау, Павлодар, Өскемен, Семей, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Шымкент, Петропавл әуе қақпалары. 6 әуе порты (Алматы, Қарағанды, Тараз, Орал, Балқаш, Жезқазғанда) – жекеменшікте. 2 әуежай (Ақтау мен Түркістан) сенімгерлік басқаруға беріліп жатыр. Елордадағы Н.Назарбаев атындағы әуежай ерекше мәртебеге ие және тікелей Үкіметке бағынады. Ал қалған мемлекеттік әуе қақпалары жергілікті атқарушы органдардың қарауында.Елдос СЕНБАЙ