Ауғанстанда әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салынды
Ауғанстанда әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салынды
Сурет: Fotorech
270
оқылды

Ауғанстанда "Талибан" қозғалысы әйелдерге спортпен айналысуға тыйым салды. Бұл туралы сәрсенбі күні "Талибанның" (Қазақстан және өзге елдерде террористік ұйым деп танылған) мәдениет жөніндегі комиссия жетекшісінің орынбасары Ахмадулла Васик австралиялық SBS News басылымына берген сұхбатында айтты.

Ол өзінің ұстанымын түсіндіру үшін крикет ойынын мысалға келтірген. Васиктің айтуынша, егер әйелдер спорттың бұл түрімен айналысса, олардың беті мен денесі ашық қалады.
"Ислам мен Ислам Эмираты бұған жол бермейді", — деді ол.
Оның айтуынша, "Талибандар" әйелдердің қажет кезде серуендеп жүруіне қарсы емес, алайда әйелдерге спорт қажет емес. Тамыз айында Васик Ауғанстанның крикет бойынша ерлер құрамасының Австралияда өтетін іріктеу матчына қатысуға келісім берген. Матч жыл аяғына белгіленген. Алайда, "Талибанның" бұл мәлімдемесінен кейін аталған шараға ауған ерлерін де кіргізбеуі мүмкін деген болжам бар. Крикет жөніндегі халықаралық кеңестің талабы бойынша, оған мүше барлық елде толыққанды әйелдер командасы да болуы тиіс. Бұл жөнінде сұраған кезде Васик "қалай болған күнде де "Талибан" ымыраға келмейді" деген. Сәрсенбі күні BBC сайты Ауғанстандағы провинциялардың бірінде полицей-әйелді күйеуі мен баласының көзінше атып кеткенін жазды. Оқиғаны дәлелдейтін суреттерді туыстары BBC сайтына жіберген. Ал "Талибан" өкілі Забиулла Муджахид "Талибандардың" оқиғаға қатысы жоғын айтты. Ол билік мән-жайды тексеріп, зерттеу жүргізеді, деп сендіруге тырысқан. Ал осы аптада Кабулда "Талибандар" әйелдерді жаңа үкімет құрамына кіргізуді талап етіп, митинг өткізген белсенділерді тарату үшін жас ағызатын газ пайдаланды. 8 қыркүйекте "Талибандардың" кез келген наразылық акциясын Ішкі істер министрлігі және Әділет министрлігі арқылы келісуді міндеттегені белгілі болды. Жаңа билік бұл ереже бұзылса, шараны ұйымдастырушы жазаланады деп қоқан-лоққы көрсеткен. Қазір "талибандар" әйелдерді ерлерден бөліп оқытатын ережелер енгізіп жатыр. Бірақ әйелдердің денесі мен бет-жүзі толық жабық болуы тиіс. Оларға тек әйелдер немесе қарт ер адамдар сабақ бере алады. Егер әйелдер ерлермен бір ғимарат ішінде оқыса, сабақтан бірнеше минут бұрын ерте шығып, ерлер кетіп қалғанша арнайы бөлмеде күтіп отыруы тиіс. Ауған әйелдері бұған қоса, күйеуі немесе туыс ер адамсыз үйден шыға алмайды. Бұл 20 жыл бұрын – АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізбей тұрған кездегі ережелерге қарағанда сәл жұмсақтау, "Талибан" ол кезде қыз-келіншектерге 4 жылдан артық білім алуына тыйым салған болатын.