Ақтауда такси жүргізуші жолаушыларды тегін тасып жүр
Ақтауда такси жүргізуші жолаушыларды тегін тасып жүр
Kazakhstan, ASTANA -JULY 06, 2016. Wet asian Pedestrians woman run under rain between car. freak thunderstorms. Rainy weather. Back view

Ақтау қаласының 43 жастағы тұрғыны күнде кешкісін қала ішін көлігімен аралап, жолаушыларды діттеген жеріне ақысыз апарады. Мейірімді жанның ісіне біреулер таңқалса, енді бірі ризашылық білдіреді.

Тұрғындар "Қала бойынша тегін TAXI" деп тақтайша жабыстырған көлік жүргізушісін бірден таниды. Ақша төлемей жеткендер әлеуметтік желіге жарыса жазады. Ал Қуандық Өміровтің мақсаты - пандемия жағдайында тұрғындардың көңілін көтеру, сауапты іс жасау, деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.
"Бұл идеяны ойлап жүргеніме үш ай болды. Бірақ халық қалай қарайды деп ойладым. Ашқаныма бір жұма болды, такси тегін деп аялдамаға келіп айғайлаймын, елдер қуана-қуана мінеді. Біреулер түсінбейді, вакцина салдыртасыңдар ма деп сұрайды. Қорқатын да шығар, Маңғыстауда тегін такси тарихта болмаған дейді", - дейді Өміров.
Ақтаулық азамат автоэлектрик болып жұмыс істейді. Шағын нүктесінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Темір-терсек жөндеп, тапқан нәпақасын отбасына жұмсайды. Артық қаражатына көлігіне жанар-жағармай құяды. Дүйсенбі-жұма күндері таңертең 7-ден 8-ге дейін, кешке 8-ден түн жарымға дейін қала тұрғындарын тегін жеткізіп салады. Ал сенбі, жексенбіде күні бойы жолаушыларды тасымалдайды.
"Көздеген жеріме жеттім, ақшасын төлейін десем, ақша алған жоқ. Қуанып кеттім, таңғалып жатырмын. Қазіргі кезде үлкен адамдар бар, жұмыссыздар бар, соларға үлкен көмек, жомарт жандар көбейе берсін. Еңбегі Алладан қайтсын", - дейді қала тұрғыны Әйгерім Серікбаева.
Қуандық Өміров алдағы уақытта да сауапты ісін жалғастыруды жоспарлап отыр. Мүмкіндігі болса, аптасына бір рет жолаушыларды тегін таситын автобус шығарғысы келеді.