Ардагерлер Теміржолшылар күнін дербес мереке ретінде атап өтуді ұсынады

теміржол, мереке, Қазақстан темір жолы
Фото: rail-news.kz

Редакцияға Құрметті теміржолшы, зейнеткер Тәуекел Әділбековтен хат келді. Бұл туралы rail-news.kz хабарлады.

«Қадірлі ақсақалымыз жоғарыдағы мақалада Теміржолшылар мерекесі өз алдына, яғни жеке дата болу керегін айтады.

Тамыздың алғашқы жексенбісінде аталып өтетін кәсіби мереке теміржолшылар күні емес, көлік қызметкерлері күні болып өзгеруі дұрыс емес, теміржолшыларға төл мерекесі атауын қайтару керек деген ұсынысына қосыламын. Біз, байырғы теміржолшылар ол күнді тек теміржолшылар күні деп білеміз, әлі күнге теміржолшылар солай қабылдайды».

Көнекөз теміржолшы кәсіби мерекені дербес атап өтуді ұсынады. Осы мақалада ардагер ағамыз Ресейде теміржолшылар мерекесі 1896 жылы император І Николайдың туған күні, яғни 26 маусым болып бекітіліп, 1917 жылға дейін бұл күн демалыс болып келгенін сөз етеді. Ал революциядан кейін 1936 жылдан бастап тамыз айының бірінші жексенбісі теміржолшылар күні болып өзгертіліпті. Бертін келе екі елде де көлік қызметкерлері күні болып кетті. Егер Ресей баяғы патша І Николайдың туған күні, яғни 26 маусымды қайта жаңғыртып, теміржолшылар күнін белгілер болса, бізге расымен неге Түрксібтің туған күнін 30 сәуірді белгілемеске, бұл орайда ардагердің айтып отырған ұсынысы орынды. Сонымен қатар, өз тарапымнан қосар жеке ұсынысым – барымызды бағалай білейік. Теміржолшылар күнін біз де ұлттық теміржолға еңбегі сіңген біртуар екі азаматтың бірінің туған күнімен байланыстырсақ: бірі қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы, инженер М.Тынышпаевтың туған күні – 12 мамыр. Ал екіншісі, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың туған күні – 26 желтоқсан. Теміржол – жүз мыңдаған адам еңбек ететін үлкен, әлеуметтік сала. Сондықтан теміржолшылар құрметіне жеке мереке қажет деген пікірді қолдап-қуаттаймын, оған өзін теміржолшымын деп санайтын барлық әріптестерім қосылар деп ойлаймын.

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.