Бастапқы жарнасыз ипотеканы қалай алуға болады?
Бастапқы жарнасыз ипотеканы қалай алуға болады?
©www.inform.kz
890
оқылды

Үй алу үшін әуелі бастапқы жарнаңыз болуы тиіс. Ал бастапқы жарна — алатын пәтеріңіздің 20-30 пайызы. Мұндай ақша бәрінен табылу мүмкін емес. Алайда бастапқы жарнасыз ипотека алудың жолдары бар екен. Ал қандай жолы барын Жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы, Ipoteka Group негізін қалаушы Мерей Әлімбаев жауап берді.

Маманның сөзінше, бастапқы жарнасыз ипотека алудың үш жолы бар екен. Оның екеуі – жылжымайтын мүлікті кепілге қойса, біреуінде ипотеканы онсыз алуға болады. Бірінші жол ретінде «Орда» бағдарламасын қарастыруға болады. Алғашқы төлемнің орнына (20 немесе 30%-дан) кепілге жылжымайтын мүлік қойылады. Оның артықшылығы — бұған сіз өз мүлкіңізді не болмаса туыстарыңыздың да мүлкін қоя аласыз. Тіпті, басқа қалада орналасқан мүлік болса да жарайды. Оған қоса, кепілге қоятын мүлкіңіз тұрғын үй ғана емес, коммерциялық кеңсе де бола береді.

Жылдық мөлшерлеме – 12%. Кірісті растайтын құжатпен ипотекалық несие 70%, табысыңыз болмаса 50% берілуі ықтимал. Жалпы, несиелеу мерзімі 20 жылға дейін беріледі. Ал қарыз мөлшері Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары үшін 1 млн теңгеден 65 млн теңгеге дейін, басқа қалалар үшін 1 млн теңгеден 40 млн теңгеге дейін беріледі. Өтінім үш жұмыс күн ішінде қарастырылады.  

Негізі есептелген сыйақыны өтеп, қарызды кез келген уақытта мерзімінен бұрын толық немесе ішінара жабуға болады. Қарызды алған күннен 6 ай өтпей тұрып қарызын өтесе, қарыз алушы өтелген негізгі борыш сомасының 1% мөлшерінде комиссиялық сыйақы төлейді. Оған қоса, мерзімінен бұрын ішінара өтелетін сома банктік қарыз шарты бойынша үш айда төленетін төлем сомасынан кем болмауы тиіс екен.

Екінші жолы – өзіңіздің жылжымайтын мүлкіңізді кепілге қойып, банктен тұтынушылық несие алу. Бұл жерде банктен ақша алып, қолайлы пәтер тауып, оны қолма-қол сатып алу қажет. Мұның артықшылығы – пәтеріңіз кепілде болмайды. Еліміздегі банктердің несие мөлшерлемесі 14%-дан 23%-ға дейін қарастырылған.

Әр нәрсенің екі жағы бар демекші, екіншіден бұл тиімді дүние емес. Алайда уақыт өте банктен алған несиені төлеуден қиналып кетсеңіз, пәтерді сатып, банк алдындағы қалған қарызыңызды жауып тастай аласыз. Әрине, пәтерсіз қалуыңыз мүмкін. Банк алдында қарызын уақытынан бұрын өтеген клиент ретінде жақсы жағынан көрініп, сенімге ие боласыз.

Үшінші жолы, кәдімгі бастапқы жарнасы 20 немесе 30 пайыз құятын кез келген бағдарламаны таңдайсыз. Артынан банкке пәтер құнын, несие сомасын көрсетіп, өтініш бересіз. Олар сіздің өтінішіңізді қарастырып жатқанда, басқа банктен алғашқы жарнаңызға кепілсіз несие алуға болады. Әрине, екі бірдей несие төлейтін болғандықтан тиімді жол емес. Бірақ осы жолмен пәтер алатындар да жеткілікті.