Еріктілер мен полицейлер жоғалған 19 жастағы Өскемен тұрғынын іздестіруде. Дархан Зарыпханов 2 қыркүйекте үйінен шығып, із-түзсіз жоғалған. Instagram-дағы парақшада еріктілердің хабарлауынша, 19 жастағы Дархан Зарыпханов 2 қыркүйекте кешкі сағат 18.00 шамасында Өскемен автовокзалының маңында таксиге отырып, Алматыға қарай жол тартқан. Содан бері одан хабар жоқ. Жігіттің ерекше белгілері: бойы 165-168 сантиметр, дене бітімі мығым, көзі қоңыр, шашы қысқа, мойны мен ішінде тыртықтары бар. Ол жоғалған күні қара футболка, қара түсті джинс шолақ шалбар, қара кроссовка киген. Өзімен бірге телефоны мен рюкзагын алып кеткен. Еріктілер жігітті көргендер болса, 102 нөміріне хабарласуды сұрайды. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті хабарлағандай, 3 қыркүйекте полицейлерге 2002 жылы туған ұлы Дархан Зарыпхановты іздеуге көмектесуін сұрап анасы хабарласқан. Ол жігіттің Өскемен қаласы Виноградов көшесіндегі үйден бір күн бұрын сағат 16.00 шамасында шығып кеткенін және қайта хабарласпағанын айтқан. Жігіттің қайда екені әлі күнге дейін белгісіз. Тәртіп сақшылары іздестіру шараларын жүргізуде.