Қазақстандық балуан Румынияда өткен турнирде жеңімпаз атанды
Қазақстандық балуан Румынияда өткен турнирде жеңімпаз атанды
Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызылжар Арландары» спорт клубының мүшесі Мұхит Тұрсынов Румынияның Констанца қаласында халықаралық этникалық мәдениет фестивалі аясында қазақ күресінен өткен Әлем кубогында жеңіске жетті. «Qazaq kuresi» қауымдастығының мәліметінше, Румынияның Констанца қаласында өткен Әлем Кубогына 21 елден келген 128 балуан қатысты. Жарысты Қазақстан Республикасының «Qazaq kuresi» қауымдастығы, Румыния «Qazaq kuresi» қауымдастығы және Румыния Сыртқы Істер министрлігі ұйымдастырған. Екі ел бірігіп өткізген бұл сайыс – коронавирус пандемиясы басталғалы бері қолға алынған алғашқы ірі халықаралық дода.
«Бұл – Әлем чемпионатының алдындағы дайындық жарысы деуге болады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған халықаралық мамандардың төл өнерімізге берген жоғары бағалары дәлел. Жарыс барысында солтүстікқазақстандық балуан Мұхит Тұрсынов 100 кг салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды», – делінген хабарламада.
Әлем кубогы барысында ұлттық дәстүр насихатталып қана қоймай, өзге күрес түрлерінен де фестивальдар өтті. Қазақ күресінен Әлем Кубогында топ жарған спортшылар медальмен және ақшалай сыйақымен марапатталды.