Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздегі саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау мәселесіне үлкен көңіл бөлінгені белгілі. «Саяси жаңғыру процестерін кезең-кезеңімен жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық курсының басым бағытының бірі. Соңғы екі жылда біз бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс жасай алдық. Митинг өткізу үшін алдын ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды» деген болатын Президент. Осы орайда пікірін білмекке Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Айдос Сарыммен сұхбаттасқан едік.
– Айдос Әміроллаұлы, осы соңғы өзгерістер бойынша сайлау процедураларынан өткен депутаттың бірі өзіңізсіз. Сондықтан сарапшы ретінде ғана емес, саяси қызметкер ретінде не айтар едіңіз? Саяси жаңғыру өз дәрежесінде, өз ауқымында жүзеге асып жатыр ма? – Бүгінде қоғам ішінде сан алуан әңгіме бар. Соның бірі – саяси реформалардың жылдамдығы мен бағытына қатысты әңгіме деуге болатын шығар. Бұл жерде екі нәрсені ашық һәм анық айтуға болады. Елдің реформа, жаңғыру жолына түскені – айқын дүние. Біреуге ұнасын-ұнамасын, реформа жолы – Қазақстан мемлекетінің эволюциясының сара жолы. Екіншіден, еліміздегі реформалардың ішкі, заңды жолы мен бағыты айқындалған. Ешкім де реформаны мемлекетті әлсіздендіру, оның пәрмені мен күшін әлсірету үшін жасамақ емес! Реформалар мемлекетті нығайту, оның қоғамдық қолдауын күшейту үшін жүзеге асырылып жатыр. Саяси реформалар еліміздің қоғамдық, саяси, экономикалық және әлеуметтік даму үрдістерін ескере отырып жүргізіледі. Кез келген реформаның мақсаты мен түпкілікті бенефициары – халық, қазақ қоғамы. Басты идея – қоғам мен билік арасын жақындату, азаматтардың әл-ауқатын, бақуаттылығын жақсарту, әрбір азаматты мемлекет пен билік ісіне жақындату. Егер осы кезге дейін елдегі жағдай мен оның даму үрдістерін негізінен күшті және ықпалды билік жүзеге асырып келсе, енді даму үрдістері биліктің қоғаммен етене жақындасып, қоғамның, белсенді топтардың билік ісіне барынша жақындасуын, етене араласуын талап ететін кезеңге келдік. Бұл екіжақты жауапкершілікті, талапшылдықты, мәмілегерлікті қажет ететін кезең екені анық. – Қазақстан – президенттік-парламенттік мемлекет. Саяси реформалардың соңғы бір асуы – осы. Бұл басқару формасының потенциалын қаншалықты пайдаға асырып отырмыз? Жалпы, елімізде соңғы 30 жылда саяси реформалардағы сабақтастық қаншалықты үзілмей жалғасып келеді? Одан да өзге қандай ой қосар едіңіз? – Өз ойым, Қазақстан қашан да өзінің конституциялық векторы мен форматы – президенттік-парламенттік республикадан бас тартпауы керек. Бұл – кемі алдағы 15-20 жылда бізге ауадай қажетті формат. Еліміздің ішкі және сыртқы жағдайы, ішкі құрылымы мен геосаясаты бізді ықпалды, бірегей және күшті мемлекет болуға итермелейді. Ал оның алғышарттары мен үрдістерін қамтамасыз етудің жалғыз және баламасыз жолы мен құралы – жауапты, беделді президенттік билік екені хақ. Президент институтын әлсіретпей, керісінше күшейте түсу қажет. Қорғаныс, халықаралық қатынастар, елдің бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету бағытында президенттік институттың пәрмені мен әлеуеті аса түсуі де керек болар. Ал экономикалық даму, әлеуметтік қарқындау бағытында заң шығарушы, өкілетті органдардың ықпалы мен беделінің артуы, атқарушы биліктің оларға деген тәуелділігінің артуы да заңды. Бүгінгі реформалар дәл осы бағытта іске асырылып жатыр. – Демократиялық процестердің алғышарты – теңқұқылық десек, биылғы әкім сайлауы ауылдықтар көптен күткен саяси процесс болды. Оны олардың белсенділігінен аңғаруға болады. Мұндай сайлау пилоттық режимде бұған дейін де болған еді. Ендеше оның жүзеге асу деңгейі, дәстүрлі басқару форматымен интеграциялануы қаншалықты пісіп-жетілді? Бюджет, өкілеттік, бағыныстылық, есептілік мәселесінде проблемалар бар ма? – Қазақ елі ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлаған кезде нені көздейді? Ең алдымен, биліктің қоғамға, халыққа жақын болуын көздейді. Елдегі жұрттың басым көпшілігі аймақтарда тұрады. Олар Үкіметті, министрлерді күнде көре де, іздей де бермейді. Олардың негізгі мәселесі, сұрағы мен сұрауы сол өздері тұратын аймақта шешіледі, шешімін табады. Бәлкім, 90-95 пайыз мәселесі ауылдан, ауданнан, қаладан аспайтын мәселе де болар. Биліктің осы тарабы мен деңгейінің халыққа аса жақын болуы, қоғаммен етене араласып, қоғамның ішінен шығып, тыныстауы – абсолютті заңдылық. Ауыл, аудан, қала әкімдерін қоғамның өзі таңдап, өзі сайлауы – еліміздегі реформалардың заңды һәм логикалы кезеңі, межесі. Президенті мен парламентін сайлауға қабілетті қоғам, әкімдерін де сайлай алатыны еш күмән тудырмайды. Елді біріктіру, тұтастандыру, жинау үшін бізге мықты, беделді, белсенді, әрбір ауыл-ауданға дейін өкілдерін жеткізген жалпыұлттық партиялар ауадай қажет. Саяси партиялар мәжіліс пен мәслихаттарды құрайды, қоғамның саяси векторы мен даму үрдістерін айқындайды, елді жинап, ұлттық күн тәртібін айқындап отырады. Ал жекелеген азаматтар, партия мен қозғалыстарға сыймайтын тұлғалар өзін жекелеген аймақтық сайлауларда танытып, өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асыра алатын үрдіске қол жеткіздік. Қоғам қоғам болған соң бөлінбей, жіктелмей тұрмайды. Олай болса, қоғамның конституциялық, заңды институттарға арқа сүйеп, ел мен мемлекетті жоққа шығармайтын институттар аясында тіршілік жасағаны, айтысқаны, тартысқаны дұрыс. Ру, тайпа, секта, теріс ағым болып айтысып-тартысқанша, саяси партия, саяси қозғалыс болып айтысып-тартысқан дұрыс. Елдегі саяси партиялар ауыл-ауданға дейін жетіп, тұрақты өкілдіктерін ашуы тиіс. Бізге екі-үш мегаполисте отырып әләулайын айтып, ашыла сайрайтын емес, әрбір аудандық мәслихатқа тізім, әрбір ауыл әкімінің сайлауына кандидат ұсына алатын партиялар қажет. Сонда әрбір партияның бағдарламасы жалпыұлттық реңге, сапаға, сарынға ие болып, радикалды, экстремистік бағыттан ада болады. Бір облысы екінші облысына ұқсамайтын, тіпті бір облыстағы аудандары бір-бірінен өзгеше кең-байтақ ел үшін дәл осындай ұстаным керек сияқты. – Билікті орталықсыздандыру, ол – біздің мемлекеттің тәуелсіздік алғаннан бері баяу да болса табандылықпен беттеп келе жатқан саяси бағыты. Ендеше азаматтық бастамалар мен әлеуметтік белсенділікке қосар ұсыныс-тілектеріңіз бар ма? – Жұртпен кездескенде мен кейде мынадай мысал айтамын. Егемен тіршілік жасап жатқанымызға 30 жыл толайын деп жатыр. Осы 30 жылда еліміздің аймақтарында белгілі бір топ немесе партия шығып, «Әй, айналайындар, біздің облыстың немесе ауданның спорт немесе көлік бағдарламасы дұрыс жасалмаған, біз онымен келіспейміз, сондықтан балама бағдарламасын жазып береміз» деп айтып көрмеген! Балама бюджет дегенді айтпай-ақ қояйын! Арыз жазу, донос жазу дегеннен Кеңес кезінен кенде емес шығармыз. Бүгінде аспанды жерге түсіріп, айналаны балағаттап, әлеуметтік желіде батыр болуды да меңгерген шығармыз. Бірақ шын саясат, нақты саясат – заң шығару мен бюджетті бекіту. Заң мен бюджетті негізінен білімі, хабары бар, артында ғылыми және сараптамалық потенциалы бар топтар мен күштер жүзеге асыра алады. Осы күндерден бастап біздің ел ай сайын, тоқсан сайын сайлауы тұрақты өтіп тұратын елге айналып келеміз. Қай жерде сайлау өтеді, қай орын босады, біздің жігіттер мен қыздарымыз дайын дейтін белсенді партиялардың заманы келе жатыр. Тек қана адамы мен азаматы емес, нақты ойы мен қағазға түскен бағдары мен бағдарламасы бар партиялардың заманы туындап келеді. Мұның өзі гуманитарлық саланың, зиялы ортаның мүлдем жаңа сапасын, мүлдем өзгеше сарынын талап етеді. Шындап келсе, бізде, әсіресе аймақтарда гуманитарлық революция қажет. Саясаттанушы, философ, экономист, заңгер, дінтанушы, әлеуметтанушыларға деген сұраныс еселеп артуы тиіс! Сонда ғана елдің әрбір аймағының дұрыс дамуын қамтамасыз ете аламыз. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ