Студенттің баспанасыздық мәселесі шешіледі

Студенттің баспанасыздық мәселесі шешіледі

Жыл соңына дейін 37 жаңа студенттер жатақханасы пай­далануға беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады. Бұған дейін соңғы 3 жылда елімізде 85 жаңа жатақхана салынып, 22 мыңнан астам студент қоныстанды. «Министрлік Елбасының үшінші әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында студенттер жатақханаларын салу мен қайта құру қарқынын жеделдетудің жаңа тетіктерін әзірледі. Атап айтқанда, жатақханалар нысаналы құрылыс және ЖОО-лардың өз қаражаты есебінен, сондай-ақ МЖӘ қағидатымен салынады. Яғни, инвесторлар өз қаражатына жатақхана тұрғызады, ал министр­лік оларға мемлекеттік тапсырыс орналастырып, студенттің әрбір жатын орнын төлейді», – деді БҒМ Қаржы орталығының президенті Асқар Ибраимов. Құрылыс жұмыстары Нұр-Сұлтанда, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында белсенді жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жеке инвесторларды қосымша ынталандыру үшін мемтапсырыс көлемін 47 АЕК-тен 92 АЕК-ке дейін ұлғайту мүмкін­дігі қарастырылып жатыр. Бұларда жатақханаларға аса қажеттілік байқалады. Сондай-ақ мемтапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 5 жылға дейін қысқарту ұсынылып жатыр. Кейбір оқу орындары тұрғын үй, жатақханалар мен қонақ үй­лерді жалға алу арқылы студент­тердің баспанаға деген қажет­ті­лігін өтеуде. 13 ЖОО 5 мың сту­­денті үшін жатын орынды жал­­ға алды. Келесі жылы 60-қа жуық «Студент үйін» пайдалануға беру жоспарланып отыр. 

А.ШӘРІП