Спорттық нысандар тек кәсіби спортшылардың жарысы мен жаттығуы өтетін орын ғана емес, сонымен қатар балалар спортпен шұғылданатын мекеме болуы тиіс. Мұндай мекемелер Нұр-Сұлтан қаласында көбейетін болады.
«Спорт нысандарын балалар мен жастар үшін қолжетімді етіп жатырмыз. Бұл жаттығу сапасына, дамуға серпін береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спорт, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін дамытуға басымдық берілмек. Спорттық инфрақұрылымды кәсіби клубтарға емес, бұқаралық спорт түрлеріне баса назар аудара отырып дамытамыз», – дейді қала әкімі Алтай Көлгінов. Бұған мысал ретінде әкім 2020 жылы ашылған жеңіл атлетика спорт кешенін де айтып өтті. Онда жеңіл атлетиканың 7 түрінен тек кәсіби спортшылар ғана айналыса алатын. «Енді қала тұрғындарын көбірек қамту үшін қыркүйек айынан бастап балалар да бара алады. Ол үшін жеңіл атлетикадан Nur-Sultan спорт клубы құрылды. Ол жаттықтырушыларды жалдауға және олардың еңбегіне жалақы төлеуге, сондай-ақ спортпен айналысатын балалар санын арттыруға мүмкіндік береді. Клубтың ерекшелігі – жеңіл атлетикамен ниет білдірген өзге оқушылар да айналыса алады. Яғни, бұған дейін БЖСМ-де болудың қажеті жоқ, дайындықсыз келіп те жаттыға аласыз. Ол үшін қалалық федерацияға жүгіну немесе №9 БЖСМ арқылы тіркелу қажет», – деді Алтай Көлгінов.Ж.НҰРЛАН