Көкшетауда тұрғындар сусыз қалды
Көкшетауда тұрғындар сусыз қалды
144
оқылды

Көкшетаудың бірнеше шағынауданы үш күннен бері сусыз отыр. Мәселе осыдан үш күн бұрын қаланы сумен қам­тамасыз ететін Сергеев су қойма­сында болған апаттан туындапты. Қала­ның Жайлау, Сары­ар­қа аудан­дары мүлдем сусыз қалса, қалған аудан­дарда судың қысымы төмендеп, үйлер­дің жоғары қабатына су жетпей қалған. Тамақ жібітетін су таппай қалған тұрғындар жергілікті билікке наразылығын білдіріп жатыр. Өйткені су болмайтыны туралы халыққа уақытында ескертілмеген. Тіршілік нәрінсіз қалып, тасымалданып жеткізіле бастаған суға ыдыстарын сүйреткен жұрт оның да уақытында берілмей қалғанын айтады.

Көкшетау қаласына ауызсу Солтүстік Қазақстан облысын­дағы Сергеев және қаланың ір­гесіндегі Шағалалы су қоймала­рынан беріледі. Бірақ су құбыр­ларының басым бөлігі осыдан 50-60 жыл бұрын салынғандық­тан, әбден тозған. Сондықтан су­дың сапасы да аса төмен. Қала жұрты краннан аққан суды ішуге мүлдем пайдалана алмайды. Сон­дықтан қолы жеткені сүзгі ор­натып барып ішуге қолданады. Ал көпшілігі су сүзгілері орнатылған ақылы автоматтардан, көлігі бары Бармашино бұлағынан тасымал­дап амалдайды. Дегенмен тұрғын­дар осы сарғыш тартқан судың өзіне де зар болатын кездер аз емес. Су құбырлары жарылып, тұр­ғын­дардың сусыз қалатын кезі соңғы жылдары тым жиілей бастаған.

Су қоймасында апат осыдан 5 жыл бұрын да болған

Осыдан бес жыл бұрын Сер­геев су қоймасында болған апат­тан кейін су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда араға бес жыл салмай су қойма­сында тағы да күрделі апат болды. Салдарынан Шағалалы су қой­масынан берілетін су қоры қала­ны қамтамасыз етуге жетпей қал­ған. Қазір қаланың бірнеше ша­ғынауданында суды комму­налдық кәсіпорындар су тасығыш көліктермен жеткізу­ге көшкен. Ал тұрғындар жер­гілікті билік пен су таратушы ұйымнан судың бе­рілмейтіні туралы дер кезінде хабар­лан­ба­ғанына қапалы.

Су таситын көліктер уақытында келмей жатыр...

«Міне, бірнеше күннен бері сусыз қалдық. Бұл біздің Сары­арқа шағынауданында бірінші рет болған жағдай емес. Біресе су жоқ, біресе жарық болмай қала­ды. Халыққа алдын ала ескерту жасалған жоқ. Мұндай жағдай болатынын білгенде алдын ала қамданып, суды ыдыстарға құйып алатын едік қой. Бүгін таңертең суды көлікпен әкелді. Тұрғындар суық желде, далада тұрып ке­зекпен су алуға мәжбүр. Кешкісін тағы алып келді. Бірақ көлікті көп күтуге тура келеді. Жергілікті биліктен суды таситын қосымша көліктер қосуын сұраймыз», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нияз Есмағұлов.

Қала әлі бірнеше күн сусыз қалмақ...

Қаланы сумен қамтамасыз ететін «Көкшетау Су Арнасы» ша­руашылық жүргізу құқы­ғын­дағы коммуналдық кәсіпорны­ның директоры Ермек Хайдар­ұлының айтуынша, қала әлі бір­неше күн сусыз қалмақ. Көкшетау «Сарыарқа шағынауданына бүгін су жібердік. Бірақ әзірге уақытпен беріледі. Қазір Жайлау шағынауданы ғана сусыз отыр. Сергеев су қоймасында болған апаттан кейін су қоры жетіспей жа­тыр. Сондықтан халықты су­сыз қалдырмау үшін Солтүстік және Шығыс өнеркәсіп ай­мақ­тарына берілетін суды уақытша тоқтатып, халыққа су бере бас­тадық. Қазір Сергеев су қойма­сында жөндеу жүргізіліп жатыр. Халықты сумен қамтамасыз ету үшін таңғы 9.00-ден 11.00-ге де­йін және кешкісін 17.00-ден 19.00-ге дейін «Тазалық» және «Зерен плюс 2006» коммуналдық кәсіпорындарының 4 су тасығыш көлігімен Жайлау және Сарыарқа шағынауданына су тасымалданып жатыр. Әлі бірнеше күн жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Тұр­ғын­дардан сабырлық танытып, түсі­ністікпен қарауын сұраймыз», – дейді «Көкшетау Су Арнасы» ком­муналдық мемлекеттік кәсіп­орнының директоры Ермек Өмір­ғалиев. Коммуналдық кәсіпорынның мәліметінше, Сергеев су қойма­сынан су беретін «Нұра топтық су құбыры» РМК-ның «Есіл» фи­лиалы апатқа байланысты Көк­шетау қаласына берілетін суды жөндеу жұмыстарына байла­ныс­ты шектеген. Ал оның салдарынан қаланы сумен қамтамасыз етуге жалғыз Шағалалы су қоймасының су қоры жетпей қалған. «Жалпы, сумен қамтамасыз етуде әлі толықтай халықтың талабын қанағаттандыра алмай жатырмыз. Қаланың барлық ау­ма­ғында су беру жүргізіліп жатыр. Бірақ судың ағу қысымы төмен болғандықтан, жоғары қабат­тар­ға су жетпей жатыр. Шамамен аптаның ортасына таман су беру жүйесін қалпына келтіруге тыры­самыз», – деп толықтырды Ермек Өмірғалиев. Аталған мәселе жө­нінде қала әкімдігіне де хабар­ласып, су беру жүйесіндегі жұ­мыс­тардың қашан қалпына келтірілетінін білмек болдық. «Сергеев су қоймасындағы апат салдарын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сумен қам­тамасыз ету мәселесі әкімдіктің бақылауына алынған. Әкімдік «Нұра топтық су құбыры» РМК-нің Есіл филиалына өз өкілін жіберді. «Көкшетау Су Арнасы» резервуарларда судың жиналуына қарай Сарыарқа шағынауданына суды таңғы уақыттарда жібере бастады. Су тасымалы тек қала тұрғындарына ғана емес, бала­бақшалар, мектептер мен меди­циналық мекемелерге де жеткі­зіледі. «Көкшетау Су Арнасы» ШЖҚ МКК өкілдерінің мәлі­ме­тінше, аптаның ортасында жұ­мыс­тар аяқталады», – делінген Көк­шетау қаласы әкімдігінің рес­ми хабарламасында.

P.S. Сонымен, әзірге Көкшетауды сумен қамтитын негізгі су көзі Сергеев су жүйесіндегі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік су жүйесінің жақын арада қалпына келтірілуі тиіс екенін мәлімдеді. Бірақ жөндеуге миллиондар жұмсалғанымен, арада бес жыл өтпей жатып тағы апат болған су қоймасының тағы қанша уақытқа шыдас беретінін ешкім тап басып айта алмайды... Ал қаладағы су сапасының төмендігі өз алдына бөлек әңгіме...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы