Көкшетаудың бірнеше шағынауданы үш күннен бері сусыз отыр. Мәселе осыдан үш күн бұрын қаланы сумен қамтамасыз ететін Сергеев су қоймасында болған апаттан туындапты. Қаланың Жайлау, Сарыарқа аудандары мүлдем сусыз қалса, қалған аудандарда судың қысымы төмендеп, үйлердің жоғары қабатына су жетпей қалған. Тамақ жібітетін су таппай қалған тұрғындар жергілікті билікке наразылығын білдіріп жатыр. Өйткені су болмайтыны туралы халыққа уақытында ескертілмеген. Тіршілік нәрінсіз қалып, тасымалданып жеткізіле бастаған суға ыдыстарын сүйреткен жұрт оның да уақытында берілмей қалғанын айтады.
Көкшетау қаласына ауызсу Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және қаланың іргесіндегі Шағалалы су қоймаларынан беріледі. Бірақ су құбырларының басым бөлігі осыдан 50-60 жыл бұрын салынғандықтан, әбден тозған. Сондықтан судың сапасы да аса төмен. Қала жұрты краннан аққан суды ішуге мүлдем пайдалана алмайды. Сондықтан қолы жеткені сүзгі орнатып барып ішуге қолданады. Ал көпшілігі су сүзгілері орнатылған ақылы автоматтардан, көлігі бары Бармашино бұлағынан тасымалдап амалдайды. Дегенмен тұрғындар осы сарғыш тартқан судың өзіне де зар болатын кездер аз емес. Су құбырлары жарылып, тұрғындардың сусыз қалатын кезі соңғы жылдары тым жиілей бастаған.Су қоймасында апат осыдан 5 жыл бұрын да болған
Осыдан бес жыл бұрын Сергеев су қоймасында болған апаттан кейін су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда араға бес жыл салмай су қоймасында тағы да күрделі апат болды. Салдарынан Шағалалы су қоймасынан берілетін су қоры қаланы қамтамасыз етуге жетпей қалған. Қазір қаланың бірнеше шағынауданында суды коммуналдық кәсіпорындар су тасығыш көліктермен жеткізуге көшкен. Ал тұрғындар жергілікті билік пен су таратушы ұйымнан судың берілмейтіні туралы дер кезінде хабарланбағанына қапалы.Су таситын көліктер уақытында келмей жатыр...
«Міне, бірнеше күннен бері сусыз қалдық. Бұл біздің Сарыарқа шағынауданында бірінші рет болған жағдай емес. Біресе су жоқ, біресе жарық болмай қалады. Халыққа алдын ала ескерту жасалған жоқ. Мұндай жағдай болатынын білгенде алдын ала қамданып, суды ыдыстарға құйып алатын едік қой. Бүгін таңертең суды көлікпен әкелді. Тұрғындар суық желде, далада тұрып кезекпен су алуға мәжбүр. Кешкісін тағы алып келді. Бірақ көлікті көп күтуге тура келеді. Жергілікті биліктен суды таситын қосымша көліктер қосуын сұраймыз», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Нияз Есмағұлов.Қала әлі бірнеше күн сусыз қалмақ...
Қаланы сумен қамтамасыз ететін «Көкшетау Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорнының директоры Ермек Хайдарұлының айтуынша, қала әлі бірнеше күн сусыз қалмақ.P.S. Сонымен, әзірге Көкшетауды сумен қамтитын негізгі су көзі Сергеев су жүйесіндегі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік су жүйесінің жақын арада қалпына келтірілуі тиіс екенін мәлімдеді. Бірақ жөндеуге миллиондар жұмсалғанымен, арада бес жыл өтпей жатып тағы апат болған су қоймасының тағы қанша уақытқа шыдас беретінін ешкім тап басып айта алмайды... Ал қаладағы су сапасының төмендігі өз алдына бөлек әңгіме...
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы