Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың жаңғырығы «жара» болып, жанға батып тұр. Күні кеше Нұр-Сұлтан қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының ауруханасында ем қабылдап жатқан 1993 жылы туылған өрт сөндіруші Жәнібек Тұрманов та көз жұмды. Осылайша, апат салдарынан қаза тапқандардың саны он жетіге жетті. Бір әскери із-түссіз жоғалғандардың қатарында. Ал ауруханада жатқандарға қатысты бүгінге дейін әртүрлі ақпарат айтылып жүр. Бірде олардың саны өсіп, бірде кеміп, талайдың ойын сан-саққа жүгіртіп отыр.
Қалалық ауруханада жатқан сарбаз жоқ
Әңгіменің әлқиссасын, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өткен жетіде Мемлекет басшысына телефон арқылы берген есебінен бастасақ, онда бүгінде 26 адам стационарда емделіп, 15 адам әскери госпитальде жатқаны айтылды. Алайда қаза тапқандар мен жаралыларды қақ жарып бөліп алған облыстық Төтенше жағдайлар департаменті, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы қанша адам қай ауруханада жатқаны туралы нақты ақпарат бермеді. Егер олардың бұған дейін таратқан статистикасына сенсек, Бердібек Машбекұлы Президентке баян еткен сандармен мүлде сай келмейді. Осыған орай жауапты мекемелерге өзіміз шығып, нақты ақпарат пен жаралылардың қазіргі жағдайын білуге тырыстық. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, ондағылар қалалық ауруханада жаралылардың бірде-біреуі жатпағанын айтты. Зардап шеккендердің барлығы әскери госпитальге ауыстырылғандықтан, мұндағы дәрігерлер олардың қазіргі жағдайы туралы да еш ақпарат бере алмайтынын мәлімдеді.Департамент госпиталінде 5 адам емделіп жатыр
Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің басшысы Сәуле Мұнатаев жарылыс кезінде 49 сала маманы жарақат алғанын айтады. Оның бесеуі бүгінде облыстық Полиция департаментінің госпиталінде жатыр екен. Жағдайлары қанағаттанарлық деңгейде. Десе де, департаменттің баспасөз қызметі 44 қызметкер үйіне шығарылғанымен, әлі күнге госпитальға келіп, ем қабылдап жүргенін баян етті. Осы тұста егер жарылыстан зардап шеккендер облыстық Полиция департаментінің госпиталінде жатса, демек тәртіп сақшыларының арасында да зардап шеккендер болғаны ма деген ой келеді. Бұған қатысты Полиция департаменті бастығының орынбасары, арнайы құрылған штабтың мүшесі Фахритдин Шанкаровқа қайырылғанымызда, ол жарылыстан бірде-бір полиция қызметкері жарақат алмағанын мәлімдеді. – Департаментке қарасты госпитальда тек төтенше жағдайлар қызметі саласының мамандары ем қабылдап жатыр. Аталған құрылымның мамандары ішкі істер саласының құрамына кіретіндіктен, осында емделеді. Ал Байзақтағы жарылыс кезінде бірде-бір полиция қызметкері жарақат алған жоқ. Департаменттің техникасына да зақым келмеді, – дейді Ф.Шанкаров.Әскери госпитальда сарбаз қалды
Жаралыларға қатысты ақпаратты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығынан да сұрадық. Баспасөз қызметінің басшысы Дина Мухаринованың сөзіне сүйенсек, қазір әскери госпитальде екі сарбаз ғана қалған екен. – Жарылыс болған алғашқы күндері әскери госпитальға 22 сарбаз түскен болатын. Алайда қазір соның екеуі ғана бізде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары жақсы. Өмірлеріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Екеуі де әскери прокуратураның қызметкерлері. Апаттан кейін бір сарбаз жара-қатына байланысты шұғыл түрде Алматы қаласындағы әскери ауруханаға ауыстырылған. Қазір ол сонда ем қабылдап жатыр. Біздің қатты алаңдағанымыз капитан Ерлан Қырғызалиевтің жағдайы болатын. Оны жағдайының ауырлығына байланысты медициналық ұшақтың өзімен Алматы қаласындағы ауруханаға ауыстыра алмадық. Содан ол қаза тапқан 16 әскери ретінде Тараз қалалық №1 ауруханада көз жұмды. Ал із-түссіз жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Даутбаевқа қатысты әзірге еш ақпар болмай тұр. Күні кеше ғана сарбаздарымыз оқиға орнын бірнеше шақырымға тағы тексеріп шықты. Алайда бұл әрекетіміз нәтижесіз болды, – дейді Д.Мухаринова.P.S. Жарылыстан жарақат алғандардың дені үйлеріне шығарылып, ауруханадағы сарбаздардың жағдайы қалыпты болғаны қуантады. Енді тек өзге өңірге алып кеткен әскериімізге де Құдайдың көзі түзу болсын деп тілейміз. Ең бастысы, барлық жаралылар ауруханадан аман-есен шығып, жақындарына тезірек оралғай!
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы