Көлікті тізгіндеген сол білім ордасында сабақ беретін мұғалім екен. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Ал Қосөзен ауылында жаңадан ашылған бұл мектептің айналасында оқушылардың қауіпсіздігі мүлдем сақталмаған. Жол ережесіне қатысты қауіпсіздік белгілері түгілі, мұнда балалар жүретін тротуар да жоқ. Жергілікті әкімдік тек қайғылы оқиғадан соң қимылдап жатыр. Қайғылы оқиға жол бойында болған. Сабақтан соң алаңсыз үйіне қайтып келе жатқан баланы сол мектепте жұмыс істейтін мұғалім қағып кеткен. Айдың-күннің аманында ұлынан айырылып аңырап қалған ата-ана: «Мектеп маңында қауіпсіздік шаралары сақталса мұндай күйге түспес едік» дейді. Отбасында бір қыздан кейінгі Ерасыл үйінің кенжесі екен. Сол күні мектепке кеткен ұлды қайтар жолда әпкесі жетектеп келе жатыпты. Қас-қағым сәтте жүйткіген көлік түйреп өткен бала ауруханаға жетпей көз жұмған.Қосөзеннің шетінен жаңа мектеп ашылғанда бір жасап қалған жұрттың қуанышы ұзаққа созылмаған. Өйткені жақын маңдағы саяжайдан келетін балалардың мектепке қатынауы нағыз қиямет. Оқушыларды тасымалдауға автобус берілмеген. Екі ортадағы жол бойында тротуар атымен жоқ. Жылдамдықты ескертетін бірде-бір белгі қойылмаған. «Олқылықты әкімдікке сан рет ескерттік» деген тұрғындар баламызды сабаққа жіберуге қорқамыз дейді.Ерасылдың әкесі Жанахмет Алтыбаев: «Құлындай боп еркелеп жүрген бала еді ғой. Жеті жастағы бала, ең тәтті кезі. Сабағын да жақсы оқитын, беске. Бес жасынан бастап сабаққа барған. Мен ұлымның атынан шағым айтайын деп тұрған жоқпын. Бірақ мектепті айдалаға салып тастаған. Мына жерде жүк көліктері ағылып жүреді. Тротуар жасап беру керек еді. Екі жағына қоршау жасауы тиіс еді», – деді.
Десе де оқушы өлімінен соң әкімдіктегілер жандәрмені қалмай іске кіріскен көрінеді. Бүгіннен бастап саяжайдан балаларды тасуға екі автобус бөлініпті. Тас жол үстіне жылдамдықты бәсеңдетуге септігін тигізетін кедергілер қойылған. Жақын күндері жылдамдықты асырмауды ескертетін белгілер орнатамыз деп сендірген шенеуніктер жаяу жүргінші жолының да мәселесін шешеміз дейді.Ауыл тұрғыны Кәмила Ысқақова: «Мына жақта 4-5 карьер бар деп естиміз. «КамАЗ» дегендер күндіз-түні біздің жолдан үзілмейді. Жолымыз тар. Бір үйдің кішкентай балапаны кетіп отыр. Міндетті түрде сондай шығын болу керек пе еді, сондай заңдылықты істеу үшін. Мынау сұмдық қой», – дейді.
Қараой ауылдық округінің әкімі Айдос Тәженов: «Біздің тарапымыздан хат жазылды. 900 метрлік тротуар, жарықтандырумен бірге. Қазір жұмыс басталды, қазан айында жүргізіп береміз. Енді ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша, мына жаққа да тағы 900 метрлік тротуар салсын деп жатыр. Барлығы 18 мың метр, соған 35 миллион теңге қаражат бөлініп жатыр», – деді.
Полицейлер оқушыны қаққан 23 жастағы дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр.