Боксшы қыздардың арасындағы дау
Боксшы қыздардың арасындағы дау
209
оқылды

Бір елдің намысын қор­ғап, бір жаттықтырушының тәлімін алған қазақстандық боксшы қыздар Ангелина Лукас пен Назым Қызайбай арасындағы даулы оқиға ба­сылар емес. Екі боксшы ара­сындағы жанжал наурыз айында басталған. Одан бері алты ай өтті. Жағ­дай ушық­паса, жақсарған жоқ.

Бокс федерациясындағылар биыл Қазақстан чемпионатында Лукастың тәжірибелі боксшы Қызайбайдан жеңілгенін, осыдан кейін спортшының қитұрқы әрекеттерге барғанын айтады. Тіпті, Ангелинаның жеке бапкері Назым Қызайбайдың бөлмесінің алдына дуаланған тұз сеуіп кеткен видеосын жариялады. Бірақ одан кейін жағ­дай сәл де болса сая­бырсығандай болған. Қыркүйек айының басында боксшы қыздардың Алматыдағы оқу-жаттығу жиынына Бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков пен мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев барды. Федерация өкілдері ұлттық құрама бапкерлері мен құрамадағы 22 қыздың жазған арыздарын және видеоны қарап, Ангелинаны құра­ма­дан шеттету туралы шешім қабыл­дады. Осы жайттан соң бокстан Қазақстанның үш дүр­кін чемпионы Ангелина Лукас «басшылық мені еш негізсіз құрамадан шығарып жіберді» деп, Елбасы мен Президенттен араша сұрап, ашық хат жазды. Тіпті, әлеуметтік желісіндегі парақшасында да осы даулы мәселеге қатысты бірнеше жазба жариялады. – Бұл іске қатысты ешқандай тергеу жүргізілген жоқ. Барлығы біржақты шешілді. Мен дәлел­дердің бар-жоғын білгім кел­генімен, олар жауап берген жоқ. Федерация басшылығы бір ғана видеоға байланысты мені құра­мадан шеттетті. Назым Қызай­бай Ақбұлақтағы оқу-жаттығу жиынында біз тұрақтаған қо­нақ­үйдің ІТ маманымен ке­ліскен. Сөйтіп, оның компьютеріне отырып, осы видеоны өзі монтаждап алды. Видеода менің жаттықтырушым дәлізде тұз сепкені ғана бар. Ал мен сол кезде оның бөлмесінің жанында жүрдім. Жағдай жүйкеге қатты әсер етеді, оны Қызайбай бірнеше күннен бері қолдан ұйым­дастырып келді. Негізінде, о баста жаттықтырушым есіктің алдында жатқан тұзды көрген, сосын оны Назымның есігіне апарып тастамақ болды. Видео­да мен жаттықтырушыма оның арандатушылығына мән бермеуді сұрап жүрдім, – деп ақталды Лукас Instagram парақ­ша­сын­да. Ал Назым Қызайбай өзінің таза екенін, еш ақтал­ғысы келмейтінін айтты. Ол Лукас өзінің қатесін біледі, сон­дықтан осындай қадамдарға барып жүр деп санайды. Бұл іске қатысты түсініктеме берген бокстан ҚР құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Бақтияр Артаев Ангелина Лукастың рұқсаты болмаса да, бірнеше рет жарнамаға түскенін, спорттық этиканы сақтамай, бас­шыларға «Президентке дейін шығамын» деп сес көрсетті. Артаев осының бәрін қорытын­дылай келе осындай шешімге барғанын да тілге тиек етті. Мәдениет және спорт министрлігі бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Ангелина Лукастың әлем чемпионаты ал­дында спорттық шаралардан шеттетілгеніне қатысты түсінік­теме берді. Министрліктегілер, сондай-ақ Ангелинаның ісін жеке бақылауға алғанын хабарлады. «Бокс федерациясы Қазақ­стан әйелдер боксының бас жат­­тық­тырушысы Ерік Алға­бек­­тің Қазақстан спорт­шы­ларының этикасына сілтеме жасаған есебіне сүйене отырып, Ангелина Лукасты белгісіз мерзімге дисквалификациялады. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынық­тыру істері комитеті спорт түрі бойынша аккредиттелген спорт федерациясының ұсынысы бо­йынша жүргізді. Мұндай ұсы­ныс комитетке келмеді, соған байланысты Ангелина Лукас ұлттық құрамадан шығарылған жоқ», – деп хабарлады министр­лік. Аталған даулы жағдайды Қазақстан спортшылар одағы да жіті назарда ұстамақ. Одақта­ғылар Ангелина Лукас пен Қазақстан бокс федерациясы арасындағы кикілжіңге қатысты пікір білдірді. – Қазақстан спортшылар одағы ұлттық құрама боксшысы Ангелина Лукас пен Қазақстан бокс федерациясы арасындағы қазіргі жағдайды біледі. Кәсіп­одақ федерация басшылығымен және спортшымен байланысқа шықты. Өздеріңіз білесіздер, Мәдениет және спорт министр­лігі жанынан бұл мәселені жеке қарау үшін жұмыс тобы құрыл­ды. Біз оның шешімін күтеміз. Өз тарапымыздан Ангелинаның құқығы бұзылған жағдайда оған толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Біз екі тарапты да өзара құр­метпен бейбіт бірлескен шешімге келуге шақырамыз, – деп қорытындылады кәсіподақ. Рингтегі қарсыласын өмір­дегі бақталасына айналдырып алған Ангелина Лукастың Назым Қызайбайдан бөлек оны жақтап отырған Қазақстан бокс федерациясына өкпесі қара қазандай. Боксшы қыз бұл істі соңына дейін жеткізетінін бірнеше рет айтты. Бізге белгілісі, жақында Мәдениет және спорт министрлігі бұл даулы мәселеге қатысты арнайы жұмыс тобын құрды. Енді Ангелина Лукастың арызы қайта қарастырылады. Сол кезде істің ақ-қарасы ай­қын­далып, жазықты тарап та белгілі болмақ.

Абылайхан ЖҰМАШ