Қарағанды облысында із-түзсіз жоғалған кәсіпкердің көлігі табылды
Қарағанды облысында із-түзсіз жоғалған кәсіпкердің көлігі табылды
Фото: newtimes.kz
134
оқылды

5 қыркүйекте Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне Бұқар жырау ауданы Доскей кентінің 36 жастағы тұрғыны арызданған.

Оның айтуынша, 3 қыркүйекте күйеуі Өмірсерік Әлімқұлов сағат 8:30 шамасында Мерседес-230 автокөлігімен Нұра ауданына қарай Шұбаркөл кентіне вахтаға кеткен. Бірақ сол уақыттан бері хабар-ошарсыз. Жаңаарқа ауданының полициясы Өмірсерік Әлімқұловты іздестіріп жатыр.

Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин: «12 қыркүйекте Қаражал қаласы және Жаңаарқа ауданының полицейлері Шалғы кентінен Жаманайбат кенішіне дейінгі аралықта жоғалып кеткен ер адамды іздеді. Іздеуге бес мототехника және жол талғамайтын 3 көлік тартылды. Шалғы ауылынан 50 шақырым жерде полицейлер жоғалған ер адамның Мерседес-230 маркалы автокөлігін тапты. Көлікке көзге көрінетін зақым келмеген және бұзылмаған. Автокөлік есігі құлыптанған. Кинологтар, еріктілер және полиция департаментінің бүкіл гарнизоны жұмылдырылған іздеу шаралары жалғасып жатыр. ТЖМ Ми-8 тікұшағы іздеу аумағына ұшып шықты», – деді.

Бұған дейін де Қарағанды облысында кәсіпкер жоғалып, оның көлігі өзеннің ортасынан табылған болатын.