Ashyq Ақмола облысында 1804 адамның үй карантині ережесін бұзғанын анықтады

Ashyq Ақмола облысында 1804 адамның үй карантині ережесін бұзғанын анықтады

Ақмола облысында үй каратиніне жатқызылған 1804 адам ережені бұзып, көшеге шығып кеткен. Тәртіп бұзғандар Ashyq жобасы көмегімен анықталды, — деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Бұл туралы өңірдің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті. Үйде оқшауланған «Қызыл» статусты тұлғаларға қатысты санитарлық қызмет мамандары әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің 425 бабымен «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық хал-ахуалы саласында заңнама талаптарының сонымен қатар гигиеналық нормативтердің бұзылуы» бойынша жауапкершілікті қарастыратын хаттама толтырған. Аталған бапқа сәйкес жеке тұлғалар 30 АЕК яғни 87 510 теңге сомасында айыппұл арқалауы мүмкін. «Жалпы Ashyq жобасымен үй карантинін бұзған 1804 адам анықталды. Оның ішінде 1369 адам «қызыл» статусты, яғни ауру жұқтырғаны, 435 адамның «сары» статуспен, яғни ауырған адаммен жақын қатынаста болғаны белгілі болды». «Қызыл» статуспен ұсталған 356 адамға айыппұл салынды», – дейді ведомстводан. Естеріңізге сала кетсек, өңірде Ashyq жобасымен 4330 қатысушы өз қызметін жүзеге асырады. Оның ішінде 88-і жобаның үздіктері болып танылған. Жобада жөнсіз тірлікке жол берген 212 қатысушы шығарылып тасталған.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы