Жезқазғанда жас жігіт зейнеткерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
Жезқазғанда жас жігіт зейнеткерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен
Фото: Ашық дереккөзден
118
оқылды
«Жезқазған – Сәтбаев» тас жолында жеңіл көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде қарт әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай полиция қызметкерлері 21 жастағы көлік иесін ұстаған. Жол-көлік оқиғасы 12 қыркүйекте Жезқазған қаласында болған. Оқиға салдарынан әйел адам Жезқазған қаласының медициналық мекемесінде көз жұмды. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Куәгерлер жүргізуші қара түсті ВАЗ-21099 автокөлігінде болғанын айтты.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы ер адам күдікті ретінде ұсталды. Ол кінәсін толық мойындады. Ұсталған азаматтың автокөлігі тәркіленді. ҚР ҚК-нің 345-бабы «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» және ҚР ҚК-нің 347-бабы «Жол-көлік оқиғасы болған жерден кету» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қаскүнем уақытша ұстау изоляторына отырғызылды», – деп хабарлады Қарағанды облысының ПД.