Кінәсіз деп танылды. Неге?
Кінәсіз деп танылды. Неге?

Былтыр төтенше жағдай кезінде дәріханаларда дәрі жетіспей, ал ауруханаларда дәрігерлерге қорғаныш костюмдері уақытылы жеткізілмей, екі мыңнан астам ақ халатты коронавирус жұқтырды. Олқылықтың соңы ауыр індетті жұқтырумен ғана аяқталған жоқ. Өкінішке қарай, сол кезде отандық медицина бірқатар білікті мамандарынан айырылды.  Ендеше ауыр індетпен күресте қызметін асыра пайдаланғаны және дәрігерлердің жаппай ковид жұқтыруына жол бергені үшін айыпталған «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпті сот не үшін бостандыққа шығарды?

Қоғамда үлкен шу тудырған сот ісінің басты айыпталушысы Берік Шәріпов 2004 жылы Қазақ мем­лекеттік медициналық ака­де­миясының емдеу ісі, дәрігер-хи­рург мамандығы бойынша білім ала жүріп, елордадағы екі бірдей жер­де дәрігер болып істеген. Сон­дай-ақ осы жылдары Нұр-Сұл­тан қаласы мен Оңтүстік Қа­зақстан облысының Денсаулық сақ­тау департаменттерінде түрлі қыз­меттер атқарады. Ал 2009 жы­лы Қазтұтыну одағының Қа­ра­­ғанды экономикалық универ­ситетінде «Экономика саласын­да­­ғы құқықтық реттеу» маман­ды­ғы­мен бірге, Қазақстан Пре­зи­ден­­ті Іс басқармасының Меди­ци­­­­налық орталығының сарап­шы­сы, бас сарапшысы, сондай-ақ бас заңгер, бас менеджер мен бө­лім бастығы, «СҚ-Фармация» ЖШС басқарушы директоры се­кілді жауапты қызметті қатар алып жүрген.  2012 жылы Ха­лық­ара­лық бизнес академиясында іс­керлік әкімшілік магистрлі­гін­де оқи жүріп, 2017 жылға дейін «Қа­зақ­стан Президенті Іс бас­қармасы Медициналық ор­та­лығының ауру­ханасы» РМК стратегиялық даму жөніндегі бас дәрігердің орын­басары мін­детіне жауапты болады. 2017 жыл­дың тамыз айы­нан бастап 2018 жылдың ма­мы­ры­на дейін Қа­зақстан Денсаулық сақ­тау ми­нистрлігі қоғамдық ден­сау­лық сақтау комитеті төра­ға­сы­ның орынбасары, кейін жауап­­кер­шілігі шектеулі серік­тес­тік­тің басқарма төрағасының орын­­­­­басары, былтыр сәуір айы­нан тамыз айына дейін «СҚ-Фар­мация» ЖШС басқарма төра­ғасы лауазымын атқарды.

Президенттің көңілі толмады

Өзі дәрігер, өзі заңгер мамандығы бо­йынша бірнеше жоғары оқу орнында білім ала жүріп, бірқатар жауапты қызметті ат­қарған басшының басындағы дау былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «СҚ-Фармация» төңірегіндегі кландық мүдделер туралы сынынан кейін үдей түс­кен еді. Сол кезде «СҚ-Фармация» туралы соңғы 15 жыл бойы естіп келемін. Онда бар­лығы жұмыс істегісі келеді, осы ұйым­ның айналасындағы кландық мүдделер туралы әңгімелер де желдей есіп тұр. Ендігі жерде не істемек ойыңыз бар?» деген Президент Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға сұрақты төтесінен қойған. Денсаулық сақтау министрі бұл ұйым­ның негізгі міндеті – мемлекеттік сегментке медициналық препараттарды жеткізу екенін айтып: «Ауруханалар мен емхана­ларға орталықтандырылған жеткізу бо­йынша жұмыс істейді. Бұл жеткізілімдер цифр­ландырылған, барлық келісімшарт­тар электронды форматта жасалады. Бар­лығы үнемделген. Яғни, тікелей зауыттардан сатып алынады. Отандық тауар өндіру­ші­лерді қолдау бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Осының арқасында фарм-өнер­кәсіп 22 пайызға негізгі өсім берді», – деді. Алайда министрдің жауабына қанағаттан­баған Мемлекет басшысы Премьер-Министрге бұл мәселемен егжей-тегжейлі ай­налысуды тапсырды. Сондай-ақ жағ­дай­дың өршуіне жол берген барлық адамды қызметтен босатып, Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына ұйымдағы сыбайлас жемқорлық тәуекел­деріне тексеріс жүргізу керегін айтқан.

Қызметінен босатылып, изоляторға қамалды

Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін бірнеше сағаттан соң-ақ Берік Шәріпов қызметінен босатылды. Ауру өршіп, ет жақындарынан айырылып, қай­ғыдан қан жұтқан көпшілік әлеуметтік желі ар­қылы жанайқайларын жеткізіп, лауа­зым­ды тұлғаның жауапқа тартылу керегін та­лап етті. Ел басына жауапты күн туғанда жауапсыздыққа жол берген «СҚ-Фар­мация» басшысын қызметтен алып қана қоймай, заң алдында жауапқа тарту керегін айтқан. Өйткені сол уақытта емханалар мен ауруханаларда медициналық препарат жетіспей, 2 мың дәрігер СOVID-19 жұқты­рып, жағдай ушыға түскен. Қорғаныш киімдерінің тапшылығы салдарынан ауру жұқтырған ақ халаттылар арасында ауыр дерттен көз жұмған дәрігерлер де аз болмады. Әлеуметтік желінің әсері қоғамда үлкен шу тудырған соң ба, Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері Берік Шәріпті Нұр-Сұлтандағы Уақытша ұстау изоляторына қамады. Артынша Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Берік Шәріпке қатысты күзетпен ұстау түріндегі таңдалған бұлтартпау шарасы екі ай мерзімге санкцияланғанын мәлім етті. Ол ҚР ҚК-ның 361-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы «Ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазым­дық өкілеттіктерді теріс пайдалану» және 287-бабы 2-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғы­ларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақ­тау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша айыпталған-ды. Егер айыпталушының кінәсі толық дәлелденсе, лауазымын асыра пайда­ланғаны үшін жеті жылға, ал қаруды заң­сыз сақтағаны үшін бір жылға жаза ар­қалауы тиіс-тұғын.

Экс-басшы кінәсін мойындады

Биыл әріптестерінің жаппай ковид жұқтырып, төсекке таңылуына жол берген «СҚ-Фармация» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Берік Шәріповтің қорғаушысы дәрігерлердің арасында коронавирустың өршуіне қорғаныш киімдерінің тапшы­лығы емес, ақ халаттылардың карантинді өрескел бұзғаны себеп болды деген мәлім­деме жасады. Оның айтуынша, дезин­фек­циялық заттарды дайындау кезінде үй-жайларда желдетудің болмауы, арнайы киімді сақтау ережелерін бұзу және меди­циналық қалдықтармен жұмыс тәртібін сақтамау салдарынан олқылықтар болған. Ауруханаларда жүргізілген тексеріс барысында бұл толық дәлелденген көрінеді. Сондықтан айыпталушының адвокаттары бұл айғақтар Берік Шәріпке тағылған айыпты түбегейлі жоққа шығаратынын жеткізді. Сегіз ай қамауда отырған «СҚ-Фарма­цияның» экс-басшысы соттың алдын ала тыңдалымында қаруды заңсыз сақтағанын сотта растағанымен, қызметтік лауазымын асыра пайдаланғанын жоққа шығарып, сотта өзін босатуын сұрады. Алайда судья Берік Шәріптің өтінішін қанағаттандырған жоқ.

Прокурор жаза сұрады, судья сот залынан босатты

Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабымен айыпталған «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысының ісіне таяуда ғана нүкте қойылды. Прокурор Дастан Купербаев соттан «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басшысы үшін бес жыл мерзімге бас бос­тандығынан айыру жазасын сұрағанымен, судья оны қамаудан босатып, айыппұл салуға шешім шығарды. Нұр-Сұлтан қа­ласы Есіл аудандық сотының судьясы Қанат Дүйсембиев Берік Шәріповті 287-баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыс­тық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 2 миллион 778 мың теңге сомасында 1000 АЕК айыппұл төлеуге үкім шығарды. Ал 361-баптың 4-бөлігі 3-тар­мағында көзделген қылмыстық құқықбұзу­шылық жасауда кінәсіз деп танылу керегін айтты. Себебі судья айыпталушының іс-әрекетінде қылмыс құрамы жоғын алға тартқан. «ҚК-нің 62-бабы 3-бөлігі 4-тар­мағына сәйкес айыппұл түріндегі жаза мерзімі 2020 жылғы 12 тамыздан бастап 2021 жылғы 4 тамызға дейінгі кезеңде айыппұл түріндегі жазаны өтеудің 4 АЕК үшін күзетпен ұстау уақытының бір күні есебімен қамауда ұстау уақыты есептелсін. Берік Шәріпке тағайындалған жаза өтелді деп есептелсін және ол сот отырысында қа­маудан босатылсын. Күзетпен ұстау тү­ріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын», – делінген судьяның қаулысында.

Айтқаны келмеген министр

Екі айдың ішінде екі мың дәрігердің коронавирус жұқтырғаны үшін айыпты болған Берік Шәріповті сотта бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та қорғап шықты. Оның айтуынша, Берік Шәріпов форс-мажор жағдайында шешім қабылдауға мәжбүр болған. Сон­дай-ақ экс-министр пандемия кезінде пай­да тапқысы келген фармацевтикалық ком­паниялардың қандай жауапты қадам­дарға барғанын жеткізген. Сөзіне сенсек, Қазақстандағы фармацевтикалық нарық аса күрделі және тым қауіпті. Бәсекелестік салдарынан Денсаулық сақтау министрлігі мен «СҚ-Фармация» көп зардап шегеді. Өйткені тендерде жеңіліс тапқан бизнесмендер конкурс кезінде заңбұзушылық болды деп шағымданады екен. Елжан Біртанов Берік Шәріптен мемлекеттік сатып алулар процесін ашық әрі заң аясында ұйымдастыруды талап еткенін айтады. «Берік Шәріпұлы – сауатты, кәсіби басқарушы. Ол күрделі кезеңмен бетпе-бет келді. Кейде осы қызметтен кеткісі келетінін, кейін тергеудің астында қалуымыз мүмкін дегенді айтатын. Ал мен мұндай болмайды деп сендірдім. Өкінішке қарай, айтқаным келмеді», – деді сотта Елжан Біртанов.

Костюм тапшылығы болды

Сондай-ақ сотта Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джувашев та куәлік етті. Ол да өткен жылы жүзден астам медицина қызметкері коронавирус жұқ­тырғаннан кейін жұмыстан босатылған. Ай­туынша, былтыр көктемде жедел жәр­дем дәрігерлері жеке қорғану құрал­да­рынсыз қоңырауларға шыққан. «Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы 50 ЖҚЗ берді. Біз бюджеттен тыс қаражатқа 540 костюм сатып алдық. Сол кезде костюм тап­шылығы болды. Тәулігіне 200-ден астам дәрігер жұмыс істейтін ауруханаға 800-ге жуық костюм керек болды», – деді Алмаз Джувашев. Ұзаққа созылған тергеу ісі бойынша, Берік Шәріп Inkar компаниясының мүддесін қорғап, онымен Тизов жеткізуге 8,3 млрд теңге келісімшарт жасаған. Жеткізуші алдын ала төлем алып, бірақ өз міндеттемелерін орындамаған. Борт Қы­тайдан Қазақстанға жүксіз екі рет оралады. Екі бап бойынша қозғалып, 135 томнан тұрған іс айыпталушының босатылуымен аяқталды. Сот міндет еткен айыппұлды айыпталушы мемлекетке қайтарады-ау. Алайда ауыр індеттің салдарынан ата-анасынан айырылған баланың, баласынан айырылған ата-ананың көз жасын кім сүртпек? Оның үстіне медицинада маман тапшылығы туындап тұрғанда мықты дәрігерлерден ай мен күннің аманында айырылып қалғанымыз өзекті өртеп кеткені рас.

Жадыра МҮСІЛІМ