Ескерткіштер: ескілік пен ерсілік
Ескерткіштер: ескілік пен ерсілік
668
оқылды

Мүсіншілерде сезім жоқ па, әлде қиялға ерік бермей ме, әйтеуір соңғы жылдары мүсін өнеріне сын көп айтылып жүр. Рас, елімізде ескерткіш көп. Бұған қарап, еліміздегі мүсін өнерінің тынысы кең ашылып, айы оңынан туып тұр деп айта алмаспыз. Өйткені көп ескерткіштің арасында сиам егіздері сияқты ұқсастары өте көп. Неге бұлай?

Соңғы жылдары ескерткіш төңірегінде дау көбейіп кетті. Мә­селен, Райымбек ауданының ор­талығы Нарынқол елді меке­нінде қойылған ескерткіштің түр-сипаты мен орналасқан жері­не көңілі толмаған жұрт мүсіннің дұрыс жасалмағанын айтып, әлеу­меттік желіде шу көтерді. Журналист Қанат Әбілқайыр: «Ескерткіште Мұқағалидың бойы аласа. Оның биік, асқақ кісі бол­ғанын білеміз. Шеберханада жа­салған кезде биік болып көрі­неді. Өйткені ескерткіштің биіктігі – 3,5 метр. Бірақ тұғырға қон­дыр­ған кезде көзге қораш көрініп тұр. Бұл жерде ескерткіш Қадыр Мырза Әлінің кейпіне көп ұқсап кеткен. Барлығын айтатын болсам, ескерткішті толықтай өзгерту керек болады. Ескерткіш­тегі Мұқағалидың тұрысында мен тұра алмадым. Бір қол жамбаста, аяғы қисайған, екінші қолы белде тұр. Адамда ондай тұрыс бол­майды» деп жазды. Әлеуметтік же­лідегі шудан кейін жауапты адам­дар қайта «түзететінін» ай­тып, уәде берген-ді.

Сіресіп тұрған «шенеунік»

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында Қа­бан­бай даңғылының бойындағы Жақсы­лық Үшкемпіров атындағы спорт сарайы­ның алдында чемпионның ескерткіші қойылды. Мәскеу Олимпиадасының же­ңім­пазы, әлем чемпионы, Қазақстан­ның Еңбек Еріне қойылған ескерткішке де көпшіліктің көңілі толып тұрған жоқ. Бұл туралы белгілі публицист Қайнар Ол­жай өзінің Facebook парақшасында жазды. Онда: «Берік Сұлтан бауырымыздың АҚШ-тағы Калифорния өңірінде бір ескерткіш түбінде отырған фотосына қы­зық­тық. Бауыр өзіміздікі ғой, бізді қызық­тырғаны – ескерткіш. Соған қарап, біздің елде әлі ескерткіш қоя алмай жүргенімізді мойындадық. Қонаев, Мұқағали, енді Жақсылық. Мойнына бар медалін асып алып, сықиған костюм киіп, қылғынған галстук таққан «Жақаң» еш ұнамады. Өмір­де талай қасында жүрдік. Сұхбат құр­дық, салтанаттарда көрдік. Ол кісі киімге мән беретін шенеунік емес, медальге мәз болып соны санап отырған маңғаз емес еді. Балуан еді, кәсіпкер еді, шаруақор еді, қамқор еді, халқына жанашыр еді. Мына мүсінде соның бірінің ізі бар ма? Жақаң Олимпиада чемпионы болып, одан кейін спортпен қоштасқан кезде «Лениншіл жас» газеті мақала берді. Тақырыбы қан­дай! «Кілемнен кетіп барады». Сондағы фото қандай! Бозкілемге қимастықпен мойын бұрып, сыртқа кетіп бара жатқан Үшкемпіров. Сол фотоның құны біз үшін мына сіресіп тұрған ескерткіштен мың есе артық» деген еді. Расында, қазір кеңес кезіндегідей қа­тып қалған цензура жоқ. Ол заман қатаң сүз­гіден өткенін білеміз. Бүгінде таңға­ларлық дүние тудыруға мүмкіндік бар. Шығарма­шы­лық еркіндік те бар. Ендеше, неге керемет дүние жасай алмай отырмыз? мүсін Бұл сауалымызды мүсін жасау шебері Тілеуберді Бинашевке қойып едік. «Ес­керткіштердің бір-біріне ұқсап кетуінің ең бі­рін­ші себебі тапсырысқа байланыс­ты. Оны кім беріп отыр? Әкімдік пе, жеке кә­сіп­кер ме? Олардың көбі мүсіншіге ер­кін­дік бермейді. Орыстарда мақал бар: «кто платит, тот и заказывает музыку» дей­ді. Ақшасын төлегеннен кейін соның тапсырысын орындауға тырысады. Оның үстіне, рулық көзқарас деген де бар. Әр ру өзінің батырының басқа батырдан кем болмағанын қалайды. Ескерткіш қою да бизнеске айналып кетті. Олардың бір-бі­рінен айнымай, ұқсап кетуінің себебі – осы», – дейді. Мүсінші айтқандай, жалпы елдегі ба­тырлардың көбінің ескерткіштегі бейнесі бір-біріне қатты ұқсайды. Бәрі де аттың үстінде, найзасы қолында, семсері жанын­да дегендей. «Батырлар көп. Бөгенбай да, Қабанбай да қазақтың батыры. Оларды бір-бірінен жоғары не кемсітіп көр­се­туге болмайды. Көшеде тұрған ескерт­кіш­тердің барлығы шығармашылық деп қа­рауға болмайды. Тапсырыспен жасалған дүниелер көп. Ал шығармашылық адам­ның өз жүрегінің қалауынан туады. Бү­гін­де көп мүсіншілер тапсырыспен істейді. Бірақ оларда шығармашылық жоқ. Содан кейін тұлғалар аттың үстінде отырғаннан жа­л­ықты. Өзге де қаһармандар жетер­лік», – дейді мүсінші.

Мүсін өнерінің халі мүшкіл ме?

Біздегі ескерткіштердің дені аттың үстінде, тастұғырға қойылады. Болмаса, орындықта отырады. «Аяғы талса, орын­дыққа отырады, белі ауырса, атқа қонады. Іші пысса, кітап оқиды». Мүсін өнерінің елдегі көрінісі осындай. Жақында Нұр-Сұлтанда тағы бір сәулетті ескерткіш тұ­ғырға қонды. Бұл мүсіннің жөні де, жолы да бөлек еді. Ол қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновке қойылды. Елі ар­дақтаған тұл­ғаның да мүсіні айрықша жасалған. Авторы – мүсінші Ермек Ержанов. Елдегі мүсін өнеріне қатысты сынымызды ай­тып, сауалымызды мүсіншіге де қойдық. – Ермек мырза, біздегі ескерткіштердің дені бір қалыптан шыққандай, бір-біріне ұқсап кетуінің сыры неде? – «Бір қалыптан шыққандай» деп ай­туға келмес. Бір-біріне ұқсас деуімізге бо­лар. Дегенмен әр мүсіннің жасалуы әр­түрлі. Адамның қалыбы бірдей: екі қо­лы, екі аяғы бар дегендей. Мұндағы ерек­шелік – бейнелеуде. Ол үшін ізденіс болуы керек. – Мүмкін, мүсіншінің оны қалай кө­ретінінде шығар. Жазушы көркем суреттейді, сол секілді мүсінші де суреткер болуы шарт емес пе? – Әрине, мүсінші оны қалай көреді? Соған да байланысты. Ең алдымен, кез келген тұлғаға ескерткіш қойылар алдында байқау жарияланады. Ол байқауға бір ғана мүсінші қатыспайды. Бірнеше мү­сінші эскиз жасауы мүмкін. Сол бейненің арасынан біреуін мемлекеттік комиссия таңдап алады. Мәселен, Жақсылық Үш­кемпіровтің ескерткішін алайық. Оның бір­неше мүсіні жасалды. Жас кезі, боз­кілемнің үстіндегі сәті, тағы басқа бейнелері жасалады. Он шақты жұмыс болды. Солардың арасынан біреуін таңдап алып, соған тапсырыс береді. Біздегі ең үлкен мә­селе – көркемдік кеңестің болмауында. Мемлекеттік комиссияда бір-екі мүсінші болуы мүмкін. Қалғаны – өзге саланың адамдары. Мысалы, Ресейде комиссияда он адам болса, соның онының да мүсін са­­ласына қатысы бар. Яғни, олар образды көре алады. Мүсінші емес адам мүсінге қалай баға бере алады? Кез келген дайын мүсінге мүсіншінің көзімен қарау керек. Сонда оған қандай қателік бары анық кө­рінеді. Сол себепті де мүсін өнерінде із­деніс жоқ деген сын-пікірлер пайда болады. Екіншісі – тамыр-таныстыққа жол беру. Ермек Ержановты мазалайтын тағы бір дүние – талантты мүсіншілердің аздығы. Мықты мамандар жетіспейді. «Бұл да саланы ақсататын дүниелер» дейді мүсінші. Олар «өнерге қызығатындардың саны кемігенін» айтып, қапаланады. Керісінше, «дүниенің соңында кетті» деп кінә артады. Кеңес заманында үкіметтің арнайы қау­лысы болған екен. Ол қаулы Суретшілер одағына беріліп, арнайы мамандар тартылатын. Әрі көркемдік кеңес жұмыс істейтін. Ол кеңеске сәулетші, суретші, мүсін­шілер кіретін. «Барды бар, жоқты жоқ» дей­тін кеңес болған. Сол кеңестің сын тезінен шыққан туындыға сұраныстың болатыны анық. Қазір мүсін өнерінде кә­сібилер де, әуесқойлар да жүр. Кәсіби мүсінші мен әуесқойдың жұ­мы­сының айырмасы – жер мен көктей. Сапасыз ескерткіштердің көбеюінің бір ұшы осында жатқан жоқ па? Сондықтан біз ОАР-дағы Нельсон Манделаның бейнесіне қарап, қызығып отырамыз. Болмаса, Исландияның Рейкьявик қаласының көшелерінің бірінде орналасқан «Белгісіз шенеунік» мүсініне таңдана қараймыз. Атақты «Прозерпинді ұрлау» мүсінін жасағанда Джованни Бернини бар-жоғы 23 жаста екен. Мұндай әлемдегі ерекше мүсіндерге қарап-ақ көз сүйсінеді. Көп нәрсені ұғасың. Керемет! Өзге елдегі мұндай кереметтерге сүйсін­гендей, өз еліміздегі ескерткіштерге сүй­сінетін кез туар ма екен?!

Айым БЕКТҰР