Мұхтар Төлеген: «Әр маман IT қабілетке ие болуы шарт»
Мұхтар Төлеген: «Әр маман IT қабілетке ие болуы шарт»
734
оқылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдық межесін еңсерген Қазақстанның жеткен жетістіктері аз емес. Соның бірі – болашақ мамандарды даярлау ісі, басқаша айтса, жоғары білім жүйесінің жетілуі. Соңғы жылдары Қазақстан орталық қалаларда ғана емес, сондай-ақ өңірлерде де ірі білім ордаларының мүмкіндігін арттырды. Олар аймаққа қажет кәсіп иелерін оқытуда айтарлықтай жетістікке жете бастады.

Бүгінде бұл бағытта Шығыс өңірі де көштен қалған жоқ. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақ­стан мемлекеттік университеті облысқа қажет мамандық иелерін даярлауда біраз өзгеріс енгізе бас­тады. Осы тақырыпты кеңірек талқылау үшін университет ректоры Мұхтар Төлегенмен сұхбаттастық.

– Мұхтар Әділбекұлы, Сәрсен Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­ле­кеттік уни­верситеті келер жылы 70 жыл­дық мерей­тойын атап өтеді. Бүгінде білім ордасында қандай өзгерістер бар? Оқытушылардың еңбекақысы өсті ме? – Расымен, келер жылы Өскемендегі тұңғыш педагогикалық институттың іргесі қаланғанына тура 70 жыл толады. Бүгінде Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті еліміз­дегі білім беру және ғылым кеңістігінде өзінің лайықты тұғырына шыққан, бай тарихы мен қалыптасқан дәстүрі бар қара шаңырақ. Білім ордамыз республикалық рейтингте Қазақстанның 128 жоғары оқу орны арасында 6-орынды иеленеді, ал әлемдік рейтингте «А» санатындағы университеттер тобына жатады. Бұл – кәсіби кадрларды даярлаудың жоғары сапасының кепілі. Бүгінде университеттің білім беру бағдарламалары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бағалауында көш бастап тұр. Тек соңғы үш жылдың ішінде облыс аумағында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бакалавриат, магистратура және докторантураның 32 жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды. Жалпы, биыл біздің университетке 3 мыңға жуық талапкер оқуға түсті. Олар­дың дені педагогикалық маман­дықтарды таңдады. Ерекше айта кетер жетістік, Білім және ғылым министрлігі, сондай-ақ өңірлік әкімдік тарапынан ең көп мөлшерде бакалавриат гранттары биыл ШҚО бойынша біздің ЖОО-ға бөлініп отыр. Көптің көкейінде жүрген, жаңағы өзіңіз айтқан басты сұрақ, ұстаздардың еңбекақысы бойынша айтарым, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ бұл міндетті 2018 жылдан бастап кетті. Үш жыл көле­мінде тек профессорлық-оқытушы­лық құрамның ғана емес, жалпы қызмет­керлердің еңбекақысын Президент тапсырмасына сай, үш рет көтердік. Нәтижесінде, жасақталған еңбекақы қо­ры қыркүйектен бастап Білім және ғы­лым министрлігі белгілеген шекті мөл­шерге жеңіл шығуға мүмкіндік беріп отыр. – Коронавирус пандемиясы еліміздің жоғары ғылыми потенциалын көрсетті десек, артық болмас. Вирусқа қарсы вак­цина шығарған Қазақстан ғалымдары мемлекетіміздің білім және ғылым сала­сының дамудағы әлеуетін айқын аңғартып отыр. Аманжолов университетінде ғылыми потенциалды жаңғырту, инфрақұрылымды жаңарту жұмысының барысы қалай жүріп жатыр? – Үш жыл ішінде университте ғы­лыми-зерттеу жұмыстарын қаржылан­дыру көлемі 10 есеге артып, 1 миллиард 163 миллион теңгені құрады. Ғалым­дарымыз 20-дан астам ғылыми жобаны жүзеге асырды. Машина жасау, мате­риалтану, энергетика, биотехнология, гуманитарлық салалардағы ғылыми әзірлемелері ғылыми қызметкерлерімізге осы жобалармен табыс табуға, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, соңғы үш жылда жұмыс беруші серіктестердің қолдауымен оннан астам зертхана, арнайы кабинеттер мен ғылыми орталықтар ашылды. Ғылыми инфрақұрылым мен ғылыми жабдықтар жаңартылды. Тек 2020 жылы 70 млн тең­геден астам сомаға зерттеу жабдықта­рының 30 атауы сатып алынды. Сондай-ақ ЖОО-да түрлі оқу кабинеті мен Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісін­дегі оқу зертханалық жабдықтары бар жаратылыстану-математикалық бағыт­тағы зертханалар ашылды. Robolab оқу робототехникалық зертханасы, жаңа IT сыныптар, KAZ Minerals кәсіпорнымен бірлесіп химия бойынша оқу сыныбы және екі химия зертханасы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор А.С.Ахметов атындағы химия кабинеті, Ж.Ахмеров атындағы цифрлық гуманитарлық ғылымдар кабинеті, цифр­лық педагогика зертханасы, STEM-орталық және тағы да басқа кабинеттер студенттерге теориялық білімдерін тәжі­рибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Университет оқытушылары мен қызметкерлеріміздің еңбегі халықаралық ғылыми журналдарда үнемі жарық көреді. Мысалы, былтыр Scopus және Web of science ғылыми журналдардың деректер базасында жарияланған мақалалар мен патенттердің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 61,2%-ға артқан. Талантты жас ғалымдарды тарту сая­саты негізінде үш жыл ішінде универ­ситетке 10-нан астам PhD докторлары келді. Бұл бір жеке ЖОО-ның ғылыми беделін көтеру үшін ғана емес, тұтастай алғанда ғылымның дамуына, Шығыс өңірінің және жалпы Қазақстанның ғылыми жетістіктеріне әсер етеді. Себебі біз осы өңірге қызмет ететін, болашағын байланыстыратын ғалымдарды, өндіріс­тік өлкенің әлеуетін арттыру үшін қызмет ететін жастарды тәрбиелеуіміз керек. Университетімізде сондай-ақ аймақ­тағы шағын су электр стансасының тә­жі­рибелік коммерциялық үлгісі әзірленіп жатыр. ЖОО ғалымдары энергетика саласында ғылыми әзірлемелерді бел­сенді жүргізеді. Шығыс Қазақстан облы­сының шағын су қоймаларында көлденең ағынды және шнекті турбиналарды қолдана отырып, шағын ГЭС құру мемлекеттік электрэнергиясын беру желісіне 10 кВ қосу арқылы жылына 150 млн кВт/сағ дейін өндіруге және электр энергиясын кВт/сағ үшін нарықтық бағадан төмен сатуға мүмкіндік береді. Студенттер мен магистрантта­рымыз­дың стартап-жобаларының негізгі ба­ғыттары – биотехнология, мате­риалтану және наноматериалдар, жаратылыстану бағыты (физика, химия), кәсіптік оқыту (ұлттық ойыншықтар, ұлттық киімдер және тағы басқалар). Мысалы, университеттің жас ғалымы, физика және технологиялар кафедра­сының шебері Нұрлан Досмұраттың Balausa стартап-жобасы «Stratup Bolashak: менің арманым» стартап-жобалар ұлттық конкурсының финалына шықты. Жас ғалымымыз бүгінде ертегілер мен мультфильмдер негізінде табиғи мате­риалдардан ұлттық нақыштағы ойын­шықтар шығарады. Қазір ол Өскеменде шағын өндіріс ашты. Ал HealingJelly стартап-жобасы бойынша биология кафедрасының жас ғалымдары ара шаруашылығы өнімдері мен өсімдік компоненттері негізінде бал желесінің технологиясы мен өндірісі бойынша сертификат алды. – Қазір елдің шығыс, солтүстік аймағындағы жастар көрші Ресейге көшіп, білім алып жатыр. Сонда қалып қоятыны қаншама? Оның алдын алудың бір жолы өңірлік ЖОО күшейту болар. Отандық университеттер деңгейін арттыру үшін тағы не істеу қажет? – «Білікті маман» жобасы аясында 2017 жылдан бастап мектеп және колледж түлектерінің шетелге кетуін төмендету мақ­сатында сәтті жүзеге асырылып жатыр. Осы жобаны іске асыру шеңберінде бес жыл ішінде жергілікті бюджеттен 1 846 білім беру гранты бөлінді. Бүгінде «Білікті маман» жобасы аясында өңірдің жеті жоғары оқу орнында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1 400-ден астам, соның ішінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 493 студент білім алады. Өңірдің еңбек нарығы үшін жоғары білімі бар кадрларға қажеттілікті ескере отырып, 2021-2022 оқу жылына 400 грант, оның ішінде 320 білім беру гранты бөлінді. Олардың 132-і педагогикалық ғылымдарға арналған. Жергілікті әкімдік қаражатынан бө­лінетін грантпен тек осы өңірдің түлек­тері оқи алады. Бітірген соң үш жыл көлемінде алған мамандығы бойынша еңбек етеді немесе магистратураға түсіп, білік деңгейін шыңдайды. Бұл шаралар нарықтағы маман тапшылығын шешуге бағытталған. Мәселен, биыл 140-қа жуық студент облыстық әкімдік гранты негі­зінде біздің университетке оқуға түсті. Университетте дарынды және талант­ты оқушыларды қолдау үшін жоғары оқу орнымызда «Абай Құнанбаев», «Сәрсен Аманжолов» атындағы стипендиялар, пәндік олимпиадалардың жүлдегерлеріне университет гранттары беріледі. Біздің басты ұстанымымыз – сту­дент­терге сапалы біліммен қатар са­налы тәрбие беру. Мәселен, «Денешы­нықтыру және спорт» мамандығының 3-курс сту­денті, Серебрянск балалар үйінің тәрбиеленушісі Боровиков Артем суға батып бара жатқан әйел адамның өмірін құтқарды. Қыстың қақаған сары аязына қарамастан, үлкен ерлік жаса­ды. Бұл ба­тылдығы үшін 2021 жылдың қаңтарында университет ғылыми кеңесінің шеші­мімен Артем Сәрсен Аманжолов атын­дағы медальмен, Абай атындағы стипен­диямен марапатта­лып, барлық оқу кезеңіне университет грантын иеленді. Сондай-ақ Артем еліміздегі бірінші ADAM BOL AWARDS марапатының MYQTY ADAM медалін иеленді. Бір мил­лион теңге сыйлық алды. Бұдан бөлек, «Қазмырыш» АҚ компаниясы тағайын­даған «Ізгі жүрек» сыйлығының лауреаты атанды. Биыл осы мамандықта оқитын 1-курс студенті жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері – Нұрәлі Советханов Токиода өткен Параолимпиадалық ойындарда ел намысын қорғап, сегізінші орынға жайғасты. Бұл біз үшін, күллі Шығыс Қазақстан жұрты үшін үлкен жетістік! Осындай мықты жастардың өз облысымызда білім алып, болашағын байланыстыруы үшін мұндай кешенді жұмыстардың берері мол. – Биылғы оқу жылынан бастап рек­торлардың рейтингі енгізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген басшылық қатаң, тіпті қызметінен кету жазасына тартылады. Бұл шаралар аймақтық уни­верситттерге пайдасын тигізді ме? – Әрине, кез келген мекемедегі әлеу­меттік ахуал, оның имиджі мен болашағы басшысына тікелей байланысты. Бұл ретте жоғары оқу орын ректорларының алдында тұрған басты миссия – зият­керлік элитаны қалыптастырып, ғылым мен жаңа технологияларды өзара са­бақтастыра дамытып, елдің адами капиталының сапасын арттыру ісінде нақты нәтиже көрсету. Біздің оқу орнында жемқорлыққа жол жоқ! Мұны оқытушыларға да, сту­денттерге де үнемі ашық, жария түрде айтамын. Әлеуметтік желідегі парақ­шаларымда кез келген студент өзіме ті­келей толғандырған мәселелері бойынша арызын жазып, жібере алады. Оны білім алушылар жақсы біледі. Жемқорлықпен жаппай күресуде сананы тәрбиелемесе, салдарымен күресу – нәтижесіз талпы­ныс, бос әурешілік. Мен ректорлық қызметпен қатар, қалалық мәслихатта депутатпын, «Nur Otan» партиясының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы міндетін атқарамын. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жолында жүйелі жоспармен жұмыс атқарамыз. Оқу процесі мен басқару ісінің ашықтығы, қолжетімділігі ақпараттық-коммуникативтік және цифрлық тех­нологиялар арқылы қамтамасыз етіледі. «Виртуалды университет» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл онлайн порталдары жұмыс істейді. Антиплагиат АЖ арқылы білім алушылардың жазбаша жұмыстарын тексеру жүзеге асырылады. Емтихан сессиялары мен мемлекеттік емтихандар кезінде Экзамус Прокторинг жүйесі қолданылады. Ашықтық, жариялық прицип негі­зінде жұмыс істеу басты қағидамыз бол­ғандықтан, PARASAT студенттерге қыз­мет көрсету орталығы ашылды. Барлық қызмет электронды түрде көрсетіледі. «Парасатты университет» жобасын іске асыруда SANALY URPAQ студенттік клубы белсенді рөл атқарады. Мысалы, «Информатика» мамандығының студенті Жарқын Дидар әзірлеген «Адалдық кітап­ханасы» мобильді қосымшасы 2020 жылдың қараша айында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы республикалық сту­денттік байқауда үздік деп танылды. – Бүгін өңірлік университеттер ұлттық мәртебесі бар ЖОО-мен бәсекеге түсуі қажет. Сонда ғана ашық білім нарығында бәсекеге қабілетті болуы мүмкін. Қазіргі мектеп оқушыларын, болашақ студенттерді немен қызықтыра аласыздар? – Біріншіден, студенттер саны 60 пайызға артты. Қазір университеттің контингенті білім берудің барлық бағыты бойынша 8 500 адамды құрайды. 3 жыл бұрын 4 мыңның үстінде еді. Екіншіден, профессорлық-оқыту­шылық құрам мен қызметкерлер жала­қысын екі есеге өсірдік. 32 жаңа білім беру бағдарламасы ашылды. Білім бағ­дарламаларын енгізуде біз басымдықты облыс аумағында аса сұранысқа ие мамандықтарға бөлдік. Себебі педагог, инженерлермен қатар, ауыл шаруа­шы­лығы бағытында, оның ішінде ара және марал өсіру, аңшылық ісінде маман тап­шылығы өте жоғары. Осы қажеттіліктерді ескере отырып, «Орман ресурстары, аңшылықтану және ара шаруашылығы» бағдарламасын іске қостық. Сондай-ақ ядролық физика мен атом энергетикасы, компьютерлік мехатроника, материал­тану және жаңа материалдар техноло­гиясы, қайта өңдеу өндірісінің техноло­гиясы, материалдарды өңдеуде және машина жасауда бағдарламалау мен аппараттар сияқты жаңа мамандықтар ашылды. Бұдан бөлек, Ресей Федера­ция­сының Алтай мемлекеттік универси­тетімен бірге екі мамандық алып шығуға мүмкіндік беретін қос диплом бағдар­ламасын жүзеге асырып жатырмыз. Үшіншіден, ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын қаржыландыру көлемі 110 мил­лион теңгеден 10 есеге артып, 1 миллиард 163 миллион теңгені құрады. 20-дан астам ғылыми жоба жүзеге асырылады. 10-нан астам PhD докторлары жұмысқа алынды, физика-химия ғылымдары бо­йынша диссертациялық кеңес ашылды. – Қазір еңбек нарығына сай маман­дықтар да жылдам өзгеріп жатыр немесе бірі сұраныстан шығып, жаңалары пайда болып жатыр. Мұндай өзгерістерге оқыту­шыларды қалай дайындап, бейімдеу керек? – Ұстаз міндеті уақыт ағымына, заман талабына сай өзгеріп, жаңарып отырады. Сондықтан педагог дайындау ісінде кәсіби құзыреттілікті дамыту бағытына басымдық беру керек. Сыни ойлаумен қатар Soft skills, яғни болашақ маман бойында жаңа жағдайға тез бейімделетін жұмсақ дағдыларды қалыптастыру. Жаһандану ғасырында адамзат өміріндегі цифрлық рөлін бәріміз көріп отырмыз. Бұл дамудың бөлек, жаңа кезеңі. Сондықтан әр мамандық иесінде IT құзыреттіліктің болуы шарт екенін түсінеміз. Педагогика саласында қазір, мәселен digital pedagogy – цифрлы педагогика, киберпедагогика деген ұғым­дар бар. Әртүрлі цифрлы техно­ло­гияны қамтитын, оның нәтижесінде білім беру қызметтерінің жоғары сапасын қамта­масыз етуге бағытталған педа­гогикалық процесс бұл. Оқу орнымыздың даму тұжырымдамасы да осы IT тех­нология­ларды дамытуға негізделген. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақ­стан универ­ситетінде қазіргі заманға сай цифрлы жабдықтармен жарақталған жаңа зерт­ханалар, соңғы үлгідегі оқу аудиториялары ашылып жатыр. Бұл біздің университет студенттеріне еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. – Кәсіпкерлер көбіне ЖОО түлектері жұмысқа қажет кәсіби қабілетке ие емес деп арызданып жатады. Сарапшылар мұның себебін ЖОО-ның жұмысын жұмыс берушілер емес, министрліктің баға­лауымен түсіндіреді. Оқу бағдарламасын еңбек нарығына сай ету үшін не істеу қажет деп ойлайсыз? – Қазіргі талап бойынша тек Білім және ғылым министрлігі бағаламайды. Стейкхолдер бар, яғни ата-аналар, жұмыс берушілер. Солардың тікелей бағалауына сай дайындап жатқан ма­мандардың қабілет деңгейі сараланады. Бұдан бөлек, соңғы үш жыл көлемінде ұлттық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бағалайды. Сондай-ақ ұлттық және халықаралық аккредитациялық агент­тіктер бар. Бұл мекемелер біздің универ­ситетіміздің нарыққа қажет маман­дықтарды дайындау бағытындағы жұ­мысымызды жақсы бағалап отыр. 128 оқу орны ішінде 6-орын берді. Яғни, біздің дайындайтын мамандарымыздың дең­гейі заманға сай, сұранысқа ие. Оқу бағдарламасын еңбек нарығына сай ету үшін, әлбетте атқарып отырған істің нәтижесін зерттеу қажет. Мәселен, біздің өңірге қандай мамандар қажет, біз кімді оқытуымыз керек, қалай оқытуы­мыз керек? Түлетіп жатқан маманда­рымыз нарықта сұранысқа ие ме, әлде біздің тараптан қателік бар ма деген сауалды қоя отырып, кем дегенде әр үш жыл сайын терең сараптама жүргізу керек. Біз мемлекеттен алған гранттың немесе ата-ананың өз баласының ма­мандық алуына жұмсаған қаражатының, жалпақ тілмен айтқанда, «далаға» емес, елдің экономикасын көтеріп, әлеуетін арттыратын тұлғалар дайындауға жұм­сауымыз керек. Сонымен қатар дайындап жатқан кадрларымыз аймақтық, республикалық деңгейдегі талаптарға сәйкес болуы керек. Бұл бағытта дуальді оқыту түрі бар. Оның негізінде біз штаттағы қызмет­керлердің 20 пайызға дейінгі бөлігін жұмыс берушілердің құрамынан алып отырмыз. Мәселен, Титан-магний ком­би­наты, Үлбі металлургия зауыты, мек­тептерден, балабақшалардан бізге келіп практик мамандар жұмыс істейді, сабақ береді. Және біздің студенттер сол жер­лерге барып тәжірибеден өтеді. Біздің университет тарапынан соңғы үш жыл ішінде 32 жаңа білім беру бағдарламасы енгізілді. Олардың барлы­ғы нарықта сұранысқа ие жаңа маман­дықтарды қамтып отыр. – Тәуелсіздігімізге биыл 30 жыл толды. Тәуелсіздігіміздің ең үлкен жетістігі деп нені айтар едіңіз? – Тәуелсіздіктің біздің елімізге берген ел үлкен жетістігі – ол ұрпағымыздың еркіндікте ержетуі. Ал мемлекетіміз сол ұрпағының бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуы үшін қолынан келер барлық жағдайды жасауда тартынып қалмауы тиіс.  – Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Әлихан ИСМАН