Ата-аналарды алаңдатқан хаттың күші жойылды
Ата-аналарды алаңдатқан хаттың күші жойылды
© khabar.kz
739
оқылды

Екпе жайлы елдің пікірі әлі де екіге жарылып тұр. Әсіресе, қызылордалық ата-аналарды Қызылорда облысы Жа­ла­ғаш аудандық білім бөлімі басшы­сының мектеп директорларына жазған қызмет хаты қатты алаңдатты. Басшы­ның «Аса шұғыл!» белгісі бар хатында аудандық білім бөлімі санитарлық-эпидемиологиялық орталығының хатына сәйкес 12 жастан асқан балаларға коронавирус инфекциясына қарсы екпе жұмыстарын жүргізу жоспар­ланғанын хабарлаған.

Аталған хаттың суреті жалағаштық ата-аналардың ортақ чатына түскен. Осыдан соң фото желіде қызу талқыланып, қоғам­дық резонанс туғызды. Кейбіреулері оқу­шыларға екпе салдыруға қарсы екенін білдіріп, бала­ларға арналған вакцинаға күмән келтірген. Құзырлы орындар аталған хатты «фейк» немесе «жалған» ақпарат деп жаба салғысы келгенімен, елі ішіндегі шу басыла қоймады. Амал жоқ, облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мен облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова журналистер алдына шығып, хаттың күші жойылғанын мәлім етті. Аймақтың бас ұстазы ата-аналарды аландатып, қоғамды екіұдай пікірде қалдыруға жол берген аудандық білім бөлімі басшысының қызметтік жауапкершілігін қарап, тәртіптік жаза қолданғанын жеткізді.
– Заңға сәйкес, Үкіметтің 24.09.2020 ж. № 612 Қауылысына орай 18 жасқа дейінгі ба­лаларға ата-аналардың келісімінсіз ешқандай екпе жұмыстары жүргізілмейді. Өздеріңізге мәлім, екпе жасар алдында әр ата-анаға келісім парағы беріледі. Арнайы келісімсіз балаға екпе жасалмайды. Аталған жағдайға байланысты Білім және ғылым министрлігі, Білім басқар­масы тарапынан балаларға екпе жұмыстарын жүргізу туралы қандай да бір құжат қабылдаған емес, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.
Ал облыстық Санитариялық-эпиде­мио­ло­гиялық бақылау департаменті бас­шы­сының орынбасары Әлия Әбдіқайымова «аудандық білім бөліміне жіберілген хаттың мазмұны басқа болатын» деп ақталды. хат
– Айта кету керек, аталған хат Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес егілетін вакциналар туралы мектептердегі ата-аналар комитеті өкілде­ріне ақпараттық-түсіндірме жұмыс­тарын жүр­гізу мақсатында мәлімет жинақтау үшін жіберілген. Қазір республика көлемінде 12 жастан асқан балаларды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мәселесі қарас­ты­рылып жатыр. Дегенмен бұл түп­кілікті шешілмеген және балаларға арналған вакцина біздің елге жеткізілген жоқ, – деді облыстық Сани­тариялық-эпидемио­ло­гиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Тек аудандық білім бөлімінің басшысына ғана тәртіптік жаза қолданып, өздері сүттен ақ, судан таза болмаққа әрекеттенген қос басшы мәселені осылай жылы жаба сал­мақ болған сияқты. Алайда Instagram әлеу­меттік желісіндегі dauletten парақша­сында тағы бір хаттың суреті жарияланғанын олар ескермеген көрі­неді. Онда Жаңақорған аудандық бас дәріге­рінен Жаңақорған аудандық санитарлық-эпидемиологиялық орталығы басшысының міндетін атқарушы аудан бойынша 12 жасқа толған балалар мен жүкті әйелдердің және соның ішінде КВИ-ге қарсы егілуге тиістілер санын сұратқан. Атышулы хатқа байланысты Қызылорда облыстық Cанитариялық-эпидемиоло­гиялық бақылау департаментінен Жалағаш аудандық білім бөліміне осы жылдың 7 қыр­күйегі күні жолданған №2216 хаттың маз­мұнын сұраған едік. Алайда департамент өкілі редакциядан ресми хат сұратып, содан кейін ғана хат маз­мұны туралы ақпарат алу мүмкін болатынын алға тартты. Жалпы, елімізде шенеуніктер тарапынан қоғамдық пікір туғызатын осындай оқиғалар жиі болып тұрады. Алайда шулы мәселелердің дені сол мекеменің күзетшісі немесе учаскелік полиция инспекторының тәртіптік жазасымен аяқталады. Бұл жолғы кезекті оқиға да аудан­дық білім бөлімінің тәртіптік жауапкершілікке тартылуымен тәмамдалған сияқты.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, Қызылорда облысы