Жапонияда қазақ жігіті құрттың суынан дәрі әзірледі
Жапонияда қазақ жігіті құрттың суынан дәрі әзірледі
©turkystan.kz
841
оқылды

Бүгінде Әбдібек Қалибек Жапонияда заманауи қондырғылармен жабдықталған орталық ауруханада жұмыс істейді. Қазір ол сүттен жасалатын ұлттық тағам – құрттың суынан дәрі әзірлеп жатыр. Оның айтуынша, бұл дәрі адамның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алады.

– Ойлап тапқан биоқоспаның бірі адам­ның иммунитетін көтеріп, қартаюдың алдын алып, ішек құрылысының жұмысын реттейді. Сосын өзіміздің ұлттық тағамымыз құрттың сары суынан бір биоқоспа жасап жатырмын. Оны «Фузилакс» деп атадым. Өнімді әрі атауын патенттеп алдым. Бұл дәрі де иммунитетті көтереді. Әсіресе, оның спортшыларға тигізетін пайдасы көп. Олар әдетте, бұлшықетін қатайту үшін көбіне ақуыз ішіп жатады ғой. Құрттың суында сондай қасиеті бар. Бұл қоспаның ішінде он алты түрлі құрам бар. Мысалы, құрттың суын зерттеп көрсеңіз, ішінен он түрлі құрам табасыз. Соған өзім әзірлеген алты түрлі қоспаны қостым. Осы дәріні әзірлеп жатқанымызға бес жыл болды. Жапонияда бір дәріні шығару үшін кем дегенде төрт-бес жыл кетеді. Бұйырса, осы жылдың соңына дейін үш түрлі өнімді әзірлеп шығармақ ойымыз бар, – дейді ол. [caption id="attachment_161308" align="alignnone" width="1024"]құрт ©turkystan.kz[/caption]

Оның айтуынша, сары судың пайдасы бар екенін қазақтың медицина тарихын зерттей келе түсінген. «Қазақ медицинасының тарихын ақтарсаңыз, таңдай қақтыратын деректер жетерлік. Ата-бабаларымыз жаугершілік заманда жамбасы я белі сынған жауынгерлерді емдеу үшін дәрілерді қалай жасап шығарғанын оқысаңыз, таңғаласыз. Мысалы, жылқы майының зор пайдасы бар. Біздің қыз-келіншектер Оңтүстік Кореяда әзірленетін косметикаға тапсырыс беріп, қала берді, сауда орталықтарында таласып, сатып алып жатады. Солар жылқы майының корей косметикасынан да асып түсетінін білсе ғой. Жылқының майын бетіңізге жақсаңыз, аллергия болмайды, әжім түспейді, қара дақ қалмайды» деген ол, сиыр мен қойдың майын жей берсе, холестерин көтеріліп, тамырға зиян келетінін тілге тиек етті.

Әбдібектің сөзінше, түйе жүнінің де пайдасы зор. Ол инфекцияны таратпайды, ісікті қайтарады. Бұрынырақта аталарымыз түйе жүнін жылы суға салып, оған тұз қосып, жібіткен. Сосын оны науқастың сынған сүйегінің үстіне басып, гипс секілді қолданған екен.

– Сәби дүниеге келген соң көп нәрсеге төтеп беруі керек. Аталарымыз көшіп-қонып жүргенде киіз үйде жатқан балаға құрт-құмырсқа жоламасын деп қойдың майын жаққан. Қойдың майының иісі жаман ғой, сол арқылы ата-бабамыз нәрестені көп нәрседен қорғаған. Сондай-ақ ол майды вирус, бактерия жұқтырмау мақсатында да қолданған. Мысалы, коронавирус кімдерге жұғады? Бала кезінен иммунитетіне дұрыс көңіл бөлінбеген, генетикалық әлсіздігі бар адамдарға жұғады. Сосын тәжірибе көрсеткендей, диабетпен ауыратын, семіздікке шалдыққан адамдар вирусқа төтеп бере алмай жатыр. «Коронавирус жұқтырмау үшін иммунитетіңізді көтеріңіз» дегенді жиі естиміз. Бірақ иммунитет бір-екі күнде көтеріле салмайды ғой, ол туа сала денемізге қойдың майын жаққаннан, тіпті ауылда балалармен бірге ойнап жүріп, арасында қатық тұрған дорбаның сыртын тілмен жалағаннан бастап көтеріледі.

Жалпы, организм жасартуда ішек-қарынның рөлі орасан. Ішек-қарын дұрыс жұмыс істемесе, адам тез қартаяды. Біле білсеңіз, ішек-қарынның да жасы болады. Сол адамның қанша уақыт өмір сүретінін «белгілейді». Ал сол ішек-қарынның жұмысын жақсартатын – осы сарысу. Өзім қалада өскен қазақпын, десек те каникул кезінде ауылға жиі баратынмын. Сол кезде апаларымыздың құрт жасаған кезде жиналған сары суды кішкентай балалар мен келіндеріне ішкізетінін үнемі көретінмін. Міне, сол дұрыс дүние» деген  дәрігер алдағы уақытта көпшіліктің оған көзі жететініне сенім білдірді. Қытайдың Үрімші қаласында туып-өскен ол – қазақ. Шыңжаң медициналық университетінде клиникалық медицина мамандығын алған. Кейін, 2004 жылы Жапониядағы Juntendo университетінің магистратурасы мен докторантурасын бітірген. Сөйтіп, университет әрі клиника саналатын мекемеге алғашында жәрдемші болып жұмысқа тұрған. Қазір сонда көмекші профессор болып жұмыс істейді. Оның ендігі арманы – туған еліне, жеріне пайдасын тигізу. «Жас ұлғайған сайын қоғамға пайда келтірудің орайын іздеп, артыңнан із қалдыру үшін шәкірт тәрбиелеуді, білім мен біліктілікті дұрыс арнаға бағыттауды көп ойлайды екенсің. Елдегі медицина жүйесін өзгертетін білікті маман ретінде барып, еңбек еткім келеді. Осы салада жинаған жиырма жылдық тәжірибеме сүйеніп, Қазақстан медицинасын ілгерілетуге мүмкіндік берсе екен деймін» деді ол «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.