Ақтөбе қаласының №2 соты ПТР тесттің жалған анықтамасын жасап сатқан жеке клиника дәрігері мен оның күйеуіне қатысты үкім шығарды. Соттың шешімімен олар кінәлі деп танылып, әрқайсысына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (555 600 теңге) айыппұл салынды. Ерлі-зайыптыға Қылмыстық кодекстің 285-бабы 2-бөлімі — ұйымдасқан түрде жалған құжаттар жасау, сату бойынша айып тағылды. Сот Т.Кундолов әйелі Ж.Маханова медициналық орталықтың дәрігері екенін пайдаланып, одан ақшаға нәтижесі оң ПТР тестінің анықтамасын жасап беруді сұрағанын анықтады. Маханова онымен келіскен. Олар сотта өз кінәсін мойындады. Мемлекеттік айыптаушы оларға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот айыпталушылардың кінәсін мойындағанын, кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, әрқайсысына 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады.