21-24 қыркүйекте С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрында Ж.Хаджиев атындағы театр форум-фестивалі өтеді. Іс-шара халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Серәлі Қожамқұловтың 125 жылдығына арналады. Сондай-ақ Серке театрының 50-театр маусымының ашылу қарсаңында өтеді.
COVID-19 індетіне сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық шектеу шараларына байланысты жыл сайыңғы Ж.Хаджиев атындағы Халықаралық театр фестивалі биыл форматын өзгертіп, форум-фестиваль ретінде өткізіледі және қатысушылар саны шектеулі болады. Форум-фестиваль кезінде актер шеберлігі, сахна қозғалысы және сайысы, сахна тілі бағыттары бойынша шеберлік сыныптары мен тренингтер, конференция сабақтары жүргізіліп, оған республика театрларынан өтінім берген 18-35 жас аралығындағы Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Қызылорда, Өскемен, Қарағанды, Жезқазған театрларының актерлері қатысады. Сонымен қатар форум-фестиваль аясында С.Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» көрмесі ашылады. Көрме барысында С.Қожамқұловтың өмірі мен өнері туралы баяндайтын эксклюзивті жеке қолданыста болған заттары, сахналық киімдері және құнды суреттері көрсетіледі. Форум-фестивальге РФ К.Станиславский атындағы Мәскеу «Электра» театрының актері, киноактер Азамат Нигманов, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали дәріс беруге келеді.