Мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысы өседі

Мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысы өседі

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған жаңа сенатор, Маңғыстау облысы­ның бұрынғы әкімі Серікбай Трұмов ант берді. Ол пала­та­ның Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі комитеттің мүшесі болды.

Депутаттар «Кейбір заңна­ма­лық актілерге азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қор­ғау мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын І оқы­лымда қарады. Ол мүгедек азамат­тардың және оларға күтім жасайтын адамдардың құқығын қорғау­ды күшейтуге, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Онда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасына назар аударылады. I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамға жәрдемақы алғаш рет енгізілді. Сондай-ақ қам­қоршылардың еңбек өтілінде ескерілетін мерзімді ұзарту ұсы­нылды. «Бүгінде «Зейнетақымен қам­сыздандыру туралы» заңға сәйкес, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшiн еңбек өтілін есептеу кезiнде 16 жасқа де­йiнгi мүгедек баланы бағып-күт­кен уақыт есепке алынады. Заң жо­басында еңбек өтілін есептеу уа­қы­тын 18 жасқа дейін ұзарту көз­дел­ген. Бұл шара зейнеткерлік жас­қа келген адамдарға мемлекеттік базалық зейнетақысын және жа­­сына байланысты зейнетақы тө­лемін алу кезінде еңбек өтілін то­­лық ескеруге мүмкіндік береді», – деді сенатор Н.Төреғалиев. Сенаторлар мақұлдаған және екінші оқылымда қарауға жі­берілген бұл заң жобасы елдегі 400 мыңға жуық азаматтың құқығын қорғауды жақсартуға мүмкіндік береді. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің түсіндіруінше, бұл заң жобасында мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарас­ты­рылған. «Қазір I топтағы мүгедектігі бар 66 мың адамның әрбір үшін­шісі күтім жәрдемақысымен де, жеке көмекшінің қызмет­терімен де қамтылмаған. Заң жобасын қабылдау арқасында өзгенің қам­қорлығына мұқтаж 24 мың адам күтім бойынша жәрдемақымен қосымша қамтылады», – деді министр. Бала денсаулығының бұзылу және тіршілік әрекетінің шектелу дәрежесін ескере отырып, заң жо­басында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды ересектер секілді әртүрлі мүгедектік топтарына бөлу көзделеді. Бұған дейін бір ғана топқа жатқызылатын. Бұл шара оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде балалар ауруының дәрежесіне қарай жәрдемақылардың мөлшері бөлігінде саралауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, мүгедектігі бар балалардың барлық тобы үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл ша­ра 30 мыңнан астам балаға қа­тысты болады.

Елдос СЕНБАЙ