Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясының (ТүркПА) бас хатшысы Алтынбек Мамаюсуповты қабылдады. Кездесу барысында ұйымның мерейтойлық X пленарлық отырысына дайындық мәселелері талқыланды.
Түркітілдес елдер парламентшілерінің форумы биылғы 27-28 қыркүйекте түркі әлемінің астанасы Түркістанда өтеді. ТүркПА Кеңесінің оныншы құрылтайына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Түркия парламенттерінің басшылары қатыспақ. Мәжіліс Төрағасы Парламент өкілдерінің алдағы кездесуін тілге тиек етіп, X пленарлық сессияның маңызына тоқталды. Ол депутаттарға алғашқы онжылдықтағы жұмысының қорытындысын шығарып қана қоймай, сондай-ақ қазіргі заманның өзекті мәселелерін және ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын толық ауқымды талқылауға мүмкіндік беретініне назар аударды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясына бүгінде Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы мен Түркияның парламентшілері кіреді. Венгрия 2014 жылы ұйымда бақылаушы мәртебесін алды. ТүркПА-ның мерейтойлық Х пленарлық отырысына Өзбекстанның Олий Мажлис заң шығару палатасының спикері бастаған өзбек Парламентінің өкілдері де шақырылды.Елдос СЕНБАЙ