Медиафорум мәңгілік құндылықтарды атады

Медиафорум мәңгілік құндылықтарды атады

Нұр-Сұлтанда XVII Еура­зиялық медиафорум ашылды. Медиақұрылтайдың күн тәртібіне заманауи халық­аралық саясат пен ақпарат құ­ралдары қызметінің өзекті мәселелері шығарылды. Алқалы жиын Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналған пленарлық сессиядан бастау алды.

Онлайн және оффлайн форматта өтетін форумды Еуразиялық медиафорумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы, Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева ашты. Оның байламынша, биыл  Қа­зақстан үшін ерекше мәнге ие: елдің азаттық алғанына 30 жыл. Бұл «бейбітшілік, жасампаздық, заманауи мемлекеттілік пен аза­маттық қоғамның институттары құрылған жылдарға» айналды. Д.Назарбаева жаңа Қазақстанды қалыптастыру­дағы Елбасының рөлін ерекше атады: – Соңғы 30 жыл тұрақты саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйе, саяси және азаматтық мәде­ниет қалыптаспаған дамушы әлем­де даму траекториясы көш­бас­шысының ерік-жігеріне өте қатты тәуелді екенін дәлелдеді. Бастапқы жағдайлар, табиғи ресурстар үлкен рөл атқарады. Ең бастысы, көшбасшының тұлғасы, оның болашаққа көзқарасы, елдің әлемдегі орны маңызды. Тұңғыш Президенттің басшылы­ғымен елі­міз қысқа тарихи ке­зеңде тәуел­сіздікке, мемлекеттік еге­мен­­­­дікке қол жеткізді, то­лыққан­ды заманауи экономика мен қар­қын­ды дамып келе жатқан әлеу­меттік саланы құра білді, – деді ол. Форумның ұйымдастыру ко­ми­тетінің төрайымы тәуелсіз Қазақстанның қазіргі халықара­лық саясаттағы, әсіресе Орталық Азия өңіріндегі рөліне тоқталды, БАҚ-тың, интернеттің, әлеу­мет­тік желінің рөліне тоқталған ол «жа­­һан­дық ақпараттық орта ұлт­тық және мәдени егемендікке елеулі қауіп төндіретініне» форум қа­ты­су­шыларының назарын аударды. Жиында коронавирус пандемиясы және оның қазіргі халық­ара­лық қатынастар жүйесіне әсері талқыға салынды. Пандемия ха­лықаралық сенім мен диалог те­тік­терінің үдерісін жеделдетті. Бұл ретте, Еуразиялық медиафорум сияқты алаңдардың рөлі зор. «Біздің айтарымыз, талқы­лайтын мәселеміз бар, айырма­шылықты емес, сындарлы өзара іс-қимыл үшін қиылысу нүктеле­рін іздеу керек», – деп түйді тө­райым. Жұмысын бүгін жалғасты­ратын XVII Еуразиялық медиа­форумға Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, әлемдік және қазақстандық жетекші БАҚ өкілдері, халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, ғалымдар, қо­ғам және мәдениет қайраткер­лері қатысуда. Жиында қазіргі геосаяси, әлеуметтік, идеологиялық сын-тегеуріндер, қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлер, жаңа технологияларды дамыту, білім беру және бас­­­қа да толғауы тоқсан, мән-ма­ңы­­зы терең мәселелер талқыға түседі.

Елдос СЕНБАЙ