Қазақстанда бала құқықтарын қорғау үшін әлеуметтік желілерге қосымша талаптар қойылады. Тиісті заң жобасы Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата бірінші оқылымда мақұлдады. Жиында депутаттар мен меморган өкілдері балалардың құқықтарын қорғауға қатысты пікір алмасып, заң жобасын жан-жақты талқылады.
Мәжіліс Төрағасы құжатта отбасында балалардың мүддесін қорғау, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу мәселелері қарастырылғанын атап өтті. Әсіресе, буллинг пен кибербуллинг қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет. Статистикаға жүгінсек, 18 жасқа дейінгі балалар мен жастар арасында 2020 жылы 143 суицид және 306 өз-өзіне қол жұмсауға әрекет ету оқиғасы тіркелген. Биыл жарты жылда 105 суицид пен 193 өзіне қол салу әрекеті болыпты. – Шынында, буллинг және кибербуллинг – өте қауіпті нәрсе. Ол балалардың психологиясын бұзатын, суицидке алып баратын жол. Сондықтан мектеп жасындағы балаларды буллинг және кибербуллингтен толықтай қорғайтын нақты нормалар енгізуіміз керек. Осыған байланысты екінші оқылымға дейін тиісті жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Н.Нығматулин. Оның байламынша, бұл заң жобасы қазіргі қоғамға қажетті көптеген мәселелерді, әсіресе балалардың құқығын қорғауға қатысты проблемаларды шешуі тиіс. Балаларды қорғау үшін отбасылық қатынастар, білім беру, денсаулық сақтау салаларында қосымша шаралар қарастырылды. Мәжіліс Төрағасы осы заң жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың азаматтарды интернет арқылы қысым көрсетуден заң деңгейінде қорғау тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты. Дегенмен спикердің пікірінше, балалардың құқығын қорғау саласындағы проблемаларды бір ғана заң жобасымен шешу мүмкін емес. Заң жобасымен жұмыс істеу барысында оған балалардың тұрғынжайға құқығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ отбасылық қатынастарда баланың мүдделерін қорғауға және интернет желісіндегі құқыққа қарсы контентті жоюға арналған бірқатар норма қосылды. Жалпы, отырыста депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда құптады.Елдос СЕНБАЙ