Анаға құрмет
Анаға құрмет

Қарағанды облысында тағы да бір жағымды жаңалық. Ұлысты ұйыстырып, руды ұйытқан ұлт анасы Қарқабатты білмейтін жан жоқ шығар?! Кешегі қаздауысты Қазыбек бидің арғы әжесі, әйел де болса ел анасы атанған ержүрек батыр анаға Қарқаралы қала­сында ескерткіш қойылды. Тастұғыр тоғыз жолдың торабында тоғысар қанша қазақ баласына рух беріп һәм шежіре қуғызып, ұрпақ сабақтас­тырары сөзсіз.

Ескерткіштің орнатылуына Орталық Қазақстан академия­сының ректоры Бақтыбай Жүнісов бастамашы болып, ашылуына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкіл­дері қатысты. Күйеуінің кебісін көдемен ұлтарақтап, құманын қойнына салып жылытқан жұмақ жүзді, жауһар ізді ана туралы аңыз-әңгі­мелер қаншама. «Алғыс арты ақ май, қарғыс арты қара нан» демекші, жарының жанынан ризашылық алған осынау ұлы әйел тұлғасы ма­ңайына сән, өлі далаға жан бер­гендей-ақ. Монумент қоладан құйыл­ды. Биіктігі тұғырымен бірге – 7,5 метр. Мүсіннің авторы – Бейбіт Мұстафин. – Қазақ аналарының ұлығы – Қарқабат ана. Ол – қазақ дала­сындағы аналардың бар асыл қасиеттерін бір арнаға тоғыстырған тау тұлға. Бұл ескерткіш бүкіл ана атаулыға арналады. Қарқабат ананың даналығы, өмір жолы мен бейнесі өскелең ұрпақ үшін үлгі болады. Себебі ол – халық бірлігін, патриотизмді және парасат­ты­лықты білдіретін нышандарының бірі, – деді Жеңіс Қасымбек. Атағы атан түйе шөктірер аруақ­­ты ана бұл күнде тек шежіре. Тастан тұғыр қойылды. Бұл да бір рухани баюдың белесі. Десек те, тағы бір қыры ескерткіштің бүгінгі аналарға өнеге екенінде.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы