Жалған ПТР-тест жасайтын цех табылды

Жалған ПТР-тест жасайтын цех табылды

Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің СҚО бойынша департаменті Шекара қызметімен бірігіп, Петропавл қала­сының тұрғындары ұйымдас­тырған заңсыз көші-қон арна­сының жолын кесті.

Оған қатысы бар адамдар тұрғын үй пәтерінде жалған құжат жасайтын «жасырын» цех ашқаны анықталды. Онда «026/у нысанына сәйкес диагноз бен емделу мерзімін растау үшін аумақтық амбулаториялық-емха­на­лық ұйымның дәрігерлік-консуль­та­циялық комиссиясының қорытын­дылары», «шетел медициналық ұйым­­дарынан емделуге шақыру хат­тар», «ПТР-тестілер» секілді қо­ғам­­да қазір жоғары сұранысқа ие анықтамалар әзірленген. Бұл құжат­тар карантин шектеулері қолданыл­ған кезде Ресеймен арадағы шекараны кедергісіз кесіп өту үшін Қа­зақстан азаматтарына сатылған. Тінтулер барысында қазақстан­дық және ресейлік медициналық ұйымдардың мөрлері, облыстың клиникалық-диагностикалық зертханасы мен емханасының ПТР-тестілерінің қорытындылары әш­кереленді. Осыған орай Қылмыс­тық кодекстің 394-бабы 2-бөлігі – «адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған заңсыз көші-қон» фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Елдос СЕНБАЙ