Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ЮНЕСКО-ның «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркін өзінің дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне қосқанын хабарлады.
Мұндай шешім 15 қыркүйек күні ЮНЕСКО бағдарламасының «Адам және биосфера» халықаралық үйлестіру кеңесінің 33-сессиясында қабылданды. Министрліктің мәліметінше, «Көлсай көлдері» өтінімінің елдегі және әлемдегі күрделі эпидемиологиялық шектеулер жағдайында дайындалғаны ерекше назар аударуға тұрарлық. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі әкімшілігі қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасының биосфералық резерваттарының Ұлттық желісі тағы бір биосфералық резерватпен толықтырылды. Осылайша, бүгінде ЮНЕСКО ұлттық желісінің Қазақстандағы биосфералық резерват саны – 13. Бұл сан Орталық Азияның басқа елдеріндегі биосфералық резерваттар санынан едәуір асып түседі. Биосфералық резерваттар көлемінің осылай танылуы Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау мәселелеріне әлемдік қоғамдастықтың назарын аударғанын және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға ұмтылатынын көрсетеді.А.ЖОЛДАС