Бас штаб бастықтары неден қауіптенеді?

бас штаб

Соңғы күндері Орталық Азия елдеріндегі саяси, әскери бағыттағы кездесулер, келіссөздер саны күрт көбейді. Шамасы, өңірдегі мемлекеттердің басшылары Ауғанстан­дағы жағдайға әлі де алаңдайтын болса керек. Тіпті, оған аталған елден әскерін алып кеткен АҚШ-та бейжай қарай алмайды.

Генералдарды не мазалады?

Жуырда елордада Орталық және Оңтүстік Азия елдері Қарулы күштерінің бас штаб бас­тықтарының конференциясы өтті. Былтырдан бері корона­вирус пандемиясынан қауіп­теніп оффлайндағы кездесулер сирек ұйымдастырылушы еді, осы жолы олай болмады. Әс­кери­лер бетпе-бет жүздесті. Жиынға Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Тә­жікстан мен Өзбекстан елде­рінің және АҚШ өкілдері қа­тыс­ты. Әскерилер әдеттегідей сөзге сараңдық танытып, бас­қосуда өңірдегі қауіпсіздік, Ау­ғанстандағы жағдай талқылан­ғанын айтқанымен, бұл жиын­ның бұрынғылардан өзгеше тұсы бар. Ол – АҚШ өкілдерінің басқосуға қатысуы. Ең қызығы, конференцияда өңірдегі қауіп­сіздік мәселелері, түрлі сын-қатерге қарсы іс-қимыл­дарды пысықтау жағы қарас­тырылған. Әрі қандай да бір қауіпке қарсы ҰҚШҰ мен Шанхай ынтымақ­тастық ұйымының рөлі пысық­талған-ды. Ал бұл ұйымдар әдетте АҚШ пен НАТО-ның потенциалды бәсекелесі саналады. Оның үстіне, жиыннан бірер күн бұрын Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов АҚШ Қарулы күштері орталық қол­басшылығының басшысы, генерал Кеннет Маккензиді қа­былдаған. Сол кездесуде де Ауғанстан мәселесі сөз болған-ды. Ал кейін, дәлірек айтқанда бейсенбі күні Тәжікстан астанасы Душанбеде министр Мұрат Бектанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің, Қор­ғаныс министрлері кеңесі­нің және Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысына қатысты. Онда да Ауғанстан мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Біздің пайымдауымызша, әскерилер мен дип­ломаттардың қарбаласы Ау­ғанстандағы жағдайдың шынымен де күрделеніп бара жатқа­нын байқататын сияқты. Әрине, масс-медидада тарап жатқан мәліметтерге қарап «Талибан» қозғалысы Ауғанстанды толық бақылап отырғанына сенуге болар еді, бірақ әскерилердің қолында барлау деректері болатынын ескерген дұрыс.

бас шатаб

Маккензи қандай кеңес айтты екен...

Жалпы, жоғары шенді әс­кери қызметшілердің кездесулерін әдеттегі оқиғалардың қа­тарына жатқызуға болар еді, бірақ бүгінде Орталық Азиядағы жағдай көңілге күдік ұялатады. Оның үстіне, әдетте кез келген ұсақ-түйекке бола өре түре­ге­ле­тін теріскейдегі көршінің ме­диасы АҚШ генералы Кеннет Маккензидің сапарына қатысты көп ештеңе айтпады. Тек ақ­парат таратумен шектелді. Егер жағдай бұрынғыдай болса «Ойбай, Қазақстан НАТО-ға кіргісі келеді, бізден алыс­­тауға тырысады» дейтін мазмұндағы пікірлерді таратып, түрлі сарапшыны сөйлетіп алар еді. Әзірге тыныш. Біздің па­йым­­дауымызша, мұның өзі Ау­ғанстан тарапынан төнуі мүмкін қауіпті өңірдегі бар­ша мемле­кет­тің тиісті құры­лым­да­ры сезіп отырғанын бай­қатса ке­рек. Ал америкалық әс­ке­ри­лер қазақ­стан­дық әріп­тес­теріне біршама мәлімет берген де шығар. Ай­та­лық, сол Кенттен Маккензи Ауғанстан жерін ДАИШ-тың 2 мыңнан астам террорисі паналап жүр­генін айт­қан еді. Егер аме­ри­калық генералдың айт­қаны рас болса, түстік жақтан бәрібір қауіп бар деген сөз. Оның үс­ті­не, Тәжік­стан билі­гі­нің «Талибанды» мо­йында­май­тынын ашық мәлім­деп, Панджшердегі Ахмад Масудты қол­дауға әзір сыңай та­нытуы да ой­лан­ды­ратын дүние. Сондық­тан әс­ке­рилер жан-жақты ақылдасып, қауіп­тің алдын алуды ойлап жүр­генге ұқсайды. Мұндай жағ­дайды бі­ле­тін кез келген ма­ма­нның ке­ңе­сі артық болмаса керек. Бәл­кім, Маккензидің де пайдалы кеңесі болған шығар, кім білсін?!

P.S.

Ауғанстандағы жағдай қанша алаңдатты дегенмен, Орталық Азия елдері, соның ішінде Қа­зақстан өз жерінде шетелдің әскери базасын орналастыру әрі Ауғанстаннан келетін босқын­дарды қабылдау ниеті жоқ. ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңе­сінің сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымға мүше елдердің осынау ұстанымын қолдады. Мұндай шешім жан-жақ­ты пысықталған соң ғана қа­былданады. Әскери мамандар­дың да пікірі ескеріледі. Бәлкім, әскерилердің «кеңесіп пішкен тоны» осындай тоқтамға келуге септігін тигізді ме, кім білсін?!

Ардақ СҰЛТАН

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.