Атырауда алаяқтық азаймай тұр
Атырауда алаяқтық азаймай тұр
222
оқылды

Алаяқтық – әлем бойынша өте кең тараған қылмыс. Бұл қылмыстың біздің елімізде, әсіресе Атырау өңірінде таралуына жергілікті тұрғындардың аңғалдығы мен сенгіштігі себеп болып тұр. Алаяқтардың арбауына түспей, қырағылық таныта білуге әзірге атыраулықтар дайын емес секілді. Өңірде алаяқтық оқиғаларының көп болуы осыны айқындап отыр.

Айталық, ғаламтор өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналғалы бері интернет алаяқтық ұғымының өзіндік сипаты көріне бастады. Мәселен, интернет поштаға көп кө­лемде ақша ұтқаны не мұра­герлік және тағы да басқа ақпарат жолдау, арзан бағаға автокөлік және оның қосалқы бөлшектерін сату тәрізді амалдар кеңінен таны­мал. Алаяқтардың негізгі мақсаты өзгенің мүлкін иеленуге бағыт­талған. Сондықтан азаматтардың алаяқтардың арбауына түспей, қырағылық таныта білуі маңызды болса да, алданып қалатындар еселеніп тұр. Атырау облыстық Полиция де­партаменті берген ресми дерек­терге сүйенсек, жыл басынан бері 1 164 алаяқтық оқиға тіркелген. Оның 662 оқиғасы интернет алаяқ­тық. Енді оқиғаларға көшсек, шілде айында Атырау қаласының 1981 жылғы тұрғыны полицияға өзінің ұялы телефондағы банк қосымшасы арқылы белгісіз біреу 1 миллион теңге несие рәсімдегені туралы арызданған. Жәбірле­ну­шінің атына интернет арқылы несие рәсімдеген алаяқ Павлодар облысының 31 жастағы тұрғыны екені анықталды. Осыған сәйкес, Қылмыстық кодекстің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. – Ақпараттық жүйені пайдала­нушыны алдау немесе сенімін те­ріс пайдаланған жағдайда күдік­тінің мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе бел­гілі бір қызметпен айналысу құқы­ғынан 3 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе 4 мың ай­лық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 4 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығын шектеуге, не сол мер­зімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бас­тығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

«Баспана алып беремін» деп алдайды

Айталық, алаяқтықтың зоры баспанаға байланысты жағдай­лар­да көп кездеседі. Төмен бағада үй, кезексіз жаңа пәтердің иесі болу, жер алу – алаяқтардың «ол­жа­сы» болудың тағы бір әдісі. Бір ғана адамды емес, бірнеше адам­ның се­німін теріс пайдаланып, қара­жа­тын иемденіп алатындары да жетерлік. Былтыр тамыз айында бір әйел өзінің танысына Атырау қаласы, Нұрсая шағынауданынан 3 бөлмелі пәтер алып беремін деп өтірік айтып, 800 мың теңгесін иемденіп алған. Бұдан соң да қоймай, қара­ша айында үй алуды армандап жүр­ген әйел адаммен танысып, 4 бөл­мелі пәтер алып беруге уәде етіп, 495 000 теңгесін алған. Әбден дәніккен ол биыл қаңтар айында WhatsApp желісі арқылы шыға­рылған жер телімінің жарнамалары арқылы тұрғынмен танысып, Аты­рау қаласындағы жақсы ықша­мау­даннан жер телімін алып беремін деп 750 мың теңге ақша сұраған. Тұрғындардың тірнектеп жиған ақшасын қалтаға басып жүрген ол ақыры құқық қорғау органы қыз­меткерлерінің қолына түсті. Атал­ған деректерге байланысты Қыл­мыстық кодекстің 190-бабы 3-бө­лігі 4-тармағымен тергеу жүргі­зі­ліп, сотқа жолданды. Сөйтіп, алаяқ әйелге сот 3 жыл 1 ай бас бостандығынан айыру жазасын кесіп, жәбірленушілерге келтірген залалдың орнын өтеп беру ше­шімін шығарды. Атырау қаласы Полиция бас­қармасының тергеушісі, полиция аға лейтенанты Ерсұлтан Нұрбо­латтың айтуынша, төмен бағада немесе кезектен тыс үй алып бере­мін деген алаяқтар көбіне өзін мем­лекеттік қызметші ретінде та­ныстырып, жәбірленушілердің сені­міне кіреді. Тіпті, болашақта ала­тын үйді көрсетіп, өзге адам­дар­ға осылай үй алып бергенін айтады.

Былтыр да Атырауда алаяқтық көп тіркелді

Атырау облыстық сотында алаяқ­тық бабымен қаралған қыл­мыстық істер бойынша 2020 жылы 109 тұлғаға қатысты 103 қылмыс­тық іс қаралып аяқталған. Сот 76 тұлғаға қатысты 73 айыптау үкімін шығарды. Оның ішінде: 6 тұлға­ға айыппұл салынып, 36 адамның бас бостандығы шектелді, 1 адам шартты түрде сотталса, 33 тұлға бас бостандығынан айырылды. Татуласуына байланысты 19 тұлғаға қатысты 17 іс қысқартылды. Атырау облыстық сотынан алған ресми дерекке назар салсақ. 2021 жылдың 15 қыркүйегіне дейін 100 тұлғаға қатысты 97 қылмыстық іс қаралып, аяқталған. Бұл деге­ніңіз былтырғы көрсеткішпен бірдей. Ал жылдың аяқталуына әлі үш ай уақыт бар. Заңгер Салтанат Рахимованың айтуынша, өзіне алаяқтықтың құрбаны болып көмек сұрап ке­летіндер көп. «Тәжірибе көрсеткендей, алаяқ­тық жолымен жеке адамның мүлкін иемденіп кету көбіне тауар­лар мен қызметтерді тұтыну нары­ғында болады. Бұл жағдайдың же­ке әрі заңды тұлғаларға елеулі дә­режеде материалдық және ­мо­раль­дық зиян келтіретіні тү­сінікті. Алаяқтар тұтынушы не­сиелерін рәсімдеу қызметтерін ұсыну жо­лымен халықтың сені­міне кіруге тырысады», – деген Салтанат Ас­қарқызы алаяқтыққа тұсау қоятын өзінің екі ұсынысын ашық айтты. Оның айтуынша, алаяқтық қылмыстардың көбі ұялы телефон арқылы жасалады. Тіркелмеген ұялы телефон арқылы сөйлесіп, алаяқтық жасайды немесе тіркел­меген нөмірлерге ақша аудартып алады. Осыны болдырмау үшін ұялы байланыс операторлары тір­кел­меген мобильді нөмірлердің қосылуына тыйым салғаны жөн. Екіншіден, интернет ар­қылы ақ­шаны есепшоттан аударып алудың бірнеше сатылы жүйесі болуы керек. Алайда ең алдымен азамат­тар­дың сақтығы керек. Әдетте алаң­ғасарлар алаяқ­тардың ал­да­уына түсіп қалады.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы