Кездесу барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ибрахим Раисиді жақында өткен Президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы байланыстарды жоғары бағалады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Өз кезегінде Ибрахим Раиси сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны және ұлықтау рәсіміне арнайы делегация жібергені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.– Бұл – біздің алғашқы кездесуіміз. Осы жүздесу біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастарға жаңа серпін беретініне сенімдімін. Иран – біздің Каспий өңіріндегі тату көршіміз және ислам әлеміндегі жақын серіктесіміз. Дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық тұрақты түрде артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар кездесуде тараптар биыл сауда-экономика бағытында оң үрдістер байқалғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда-саттықты одан әрі арттыруға және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, инвестиция салалары бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айтты.– Иран мен Қазақстанның өзара ынтымақтастығы жан-жақты қалыптасқан. Әрине, әлеуеті жоғары байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге мол мүмкіндік бар. Біздің бүгінгі кездесуіміз осы ықпалдастықтың бастауы боларына сенемін, – деді Иран президенті.
Кездесу соңында Мемлекет басшылары өзара сапар алмасуға келісті.