Жамбылда қауіпті кеселден 471 адам көз жұмған
Жамбылда қауіпті кеселден 471 адам көз жұмған
5,142
оқылды

Мемлекеттің басты байлығы- адам десек, дені сауұрпақ  ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны  белгілі. Бүгінде дерттің түрі көп. Заман жақсарып, техника дамып, мүмкіндіктер молайып жатса да, көбісінің дауасын таба алмай  жатқанымыз да ақиқат. Соның  бірі – АИТВ/ЖИТС індеті.

Ғасырдың індеті болып табылған АИТВ/ЖИТС яғни, адамның иммунитет тапшылығы вирусы және жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы төңірегіндегі қорқыныш уақыт өткен сайын үдей түсуде. Жыл сайын оның шырмауына миллиондаған өрімдей жастар, небір тағдырлар тажал құрбанына айналуда. Бүкіл дүниежүзілік ұйымның деректеріне сәйкес ЖИТС індеті тіркелгеннен бастап 25 миллионнан астам адамның өмірін жалмапты. Бүгінгі күні әлемде 60 миллионнан астам адам АИТВ (ВИЧ) жұқпасының тасымалдаушысы екендігі анықталды. Күн сайын 7000-ға жуық адам індет жұқтырып, ал 2,5 мыңнан астам адам осы дерттен көз жұмады екен. Қазіргі кездегі ғылымның жетістігі - АРВ препараттарымен емдеу арқасында ЖИТС-ке қатысты өлім санын азайтуда. Қазіргі кезде еліміздегі  АИТВ індетінің эпидемиологиялық жағдайына келсек, 41743 адам осы індетпен тіркелініп тұр екен. Оның 13000-нан  астамы қайтыс болғандар. Елімізде ең көп тіркелінгендер Алматы қаласы, Қарағанды облысы және Шығыс Қазақстан облыстарында. Ал Жамбыл облысына келсек ең алғаш індет тіркелінген 1989 жылдан бері  1359 адам осы аурумен ауырған.  Ал кеселден  471 адам көз жұмған. Соңғы жылдары ауру жұқтырғандар арасында жастарымыздың, өзіміздің азаматтардың қатары жиі көрініс таба  бастады.Тіпті көбейіп келеді десекте жаңылыспаймыз. Бұл ауру ұлт, жыныс, өңір немесе мемлекет талдамайды.      «Қызға қырық үйден тыю» деп қазақ атамыз болашақ отбасы санасының тәрбиесіне қатаң қараған еді. Қазір осындай халықтық тәрбиенің құндылығы босаған. Ал адамның иммундық тапшылығы синдромы ауруына қарсы тұру - әр адамның дұрыс жолмен жүруі, сезім тазалығына байланысты. ЖИТС-қа қарсы мемлекеттік бағдарлама бойынша мамандар мектептерде , мекемелерде, жалпы тұрғындар арасында түсіндіру  жұмыстарын жүргізуде. ЖИТС жұқтырғандардың барлығының тағдыры өте ұқсас. Олардың диагнозы туралы кейде медицина қызметкерлерінің құпияны сақтамайтыны, қоғамның оларды құбыжықтай көріп, салқындықпен қарауы науқас өмірін қиындата түседі. Сондықтан ЖИТС ауруына шалдыққан жандарға қоғамда толерантты көзқарас керек. Ал  бәрінен бұрын адамдар арасында одан сақтану, өз денсаулығына жіті қарау, мәдениеттің қалыптастыру жұмыстарын жүйеге қою қажет. Сонда қоғам тазалығын сақтап, болашақты жарқын етуге үлес қосамыз. Індетті жұқтырған адамдарды қоғамнан аластауға ешқандай негіз жоқ. Керісінше ондай адамдар қолдауды, түсінушілікті қажет етеді. Тараз қаласында ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу орталығы 1989 жылы ашылған. Орталық мамандары АИТВ-мен тіркелінген ауруларды диспансерлік тізімге алып, қадағалап отырады. Сонымен қатар жастар арасында, халық ішінде  қауіпті топтар құрайтын нашақорлар, жезөкшелер мен гомосексуалдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жұғу жолдарын ескерту үшін ине, мүшеқап тарату және де басқа да шаралар өткізу үшін «Достық кабинеті», «Сенім» пункті және жылжымалы сенім пункті жұмыс жасауда. Кез келген адам  осы кабинеттерде анонимді тексерілініп, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулардан ақысыз емделуге болады.

Орынкүл Абдикеримова,  Жамбыл облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромының алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының  бас дәрігерінің орынбасары