Қос ұйым Ауғанстанға көңіл бөлуі тиіс
Қос ұйым Ауғанстанға көңіл бөлуі тиіс
186
оқылды

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының бірлескен отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Мемлекет басшысы өз сөзінде соң­ғы айларда Ауғанстандағы әс­кери-саяси жағдайдың тез өзгеріп, ахуалдың тұрақсыздану қаупі туындағанын атап өтті. Президенттің айтуынша, дағ­дарыс­тан шығу үшін бұл елдегі ішкі ресурстар мүлде жеткіліксіз. БҰҰ-ның бағалауы бойынша Ау­ған­стан гуманитарлық апат жағ­дайында тұр. – Бұл асыра айтқандық емес. Жуық арада Ауғанстан аса ауыр азық-түлік дағдарысына ұшырауы мүм­кін. Осы қиыншылық Ор­та­лық Азия аймағының да шекара­сын айналып өтпейді. Оның сал­дары жаһандық сипат алады. Атал­ған жағдай ең алдымен тұр­ғын­дардың көшуге мәжбүр болуы­нан туындайды. Алайда қазір жай болжам жасаудың емес, нақты іске көшудің маңызы зор. Елдеріміз бен ұйымдарымыз деңгейінде Ау­ғанстан халқына көмектесу үшін «гуманитарлық көпірді» жедел түрде салған жөн. Қазақстанның инфрақұрылымы мен логис­тика­лық мүмкіндіктерін ескере оты­рып, мұндай «көпірді» ұйым­дас­тырудың маңызды бөлігі ретінде Алматы қаласында аймақтық хаб құру ұсынылады, – деді Мемлекет басшысы. Мемлекет басшысы ауған мә­се­лесі бойынша өзара іс-қимылдар жүр­гізгенде ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттердің кезек күт­тір­мейтін міндеттерін шешуден бө­лек, келешекті де назардан тыс қал­дыруға болмайтынын атап өтті. Қазақстан Президентінің пі­кірінше, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға мү­ше мемлекеттер Ауғанстанның жаңа билігімен бейресми диалог құруға бастама жасағаны жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қо­­­рытындылай келе ШЫҰ мен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер мүд­делерінің сәйкес келуі және олар­дың бірлескен күш-жігері аймақ­тың қауіпсіздігі мен орнықты дамуының өзекті мәселелерін ше­шу жөніндегі ортақ іс-қимыл­дар­дың тиімділігін арттыруға мүм­кіндік беретініне сенім білдірді.