Биыл жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмысы дәлелденген 570 адам сотталған. Ал сотқа жіберілген істер саны 772 екен. Бұл істерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет сотқа жолдапты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаровтың айтуына қарағанда жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 1 038 істі тергеген. Сөйтіп олардың 772-сін сотқа жолдапты. Осынау қылмыстық істер бойынша 135 лауазымды тұлға ұсталса, 122 адамға «күзетпен ұстау» және 29 адамға «үйқамақ» шаралары қолданылыпты. Ал сотталған 570 адамның 138-і пара алғаны, 237-сі пара берген, 12 адам делдалдығы үшін істі болыпты. Олардан бөлек 78 адам алаяқтығы, 42 адам ұрлығы үшін қамалған. Тағы 42 адам өзінің қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланған көрінеді. 11 адам билікті немесе лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланыпты. «Бас бостандығынан айыруға – 172 адам, бас бостандығын шектеуге – 56 (қалғандары шартты мерзімге және жазасын өтеуді кейінге қалдыра отырып – 8), пара сомасынан бірнеше еселенген айыппұлдарға 330 адам тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 1,9 млрд теңге болды», – деді Данияр Бегайдаров.А.СҰЛТАН