Жыл басынан бері елімізде ПТР-анықтама мен вакцина паспорттарын қолдан жасау және пайдалану бойынша 156 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кезекті отырыста мәлімдеді.
Профилактикалық шаралар мен түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жалған медициналық құжаттарды дайындау және пайдалану тыйылмай тұр. Polisia.kz порталының мәліметінше, елордада 15 қыркүйекте қалалық емхананың 2 медбикесі мен делдал – мектеп мұғалімі ұсталды. Олар маусым айынан бастап жалған вакцинация жүргізген. Алдын ала мәлімет бойынша 100-ге жуық азамат жалған паспорт алған. Барлық факті бойынша жалған екпе алған адамдарды анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа 20 қылмыстық іс жолданды, 17 адамға қатысты айыптау үкімі шығарылып, 200 АЕК-ке дейін (583 мың теңге) айыппұл салынды. Осыған ұқсас заңбұзушылықтар Маңғыстау облысында да тіркелді. 30 мың теңге үшін жалған вакцина паспортын сатумен айналысқан сегіз адамды, соның ішінде 4 медицина қызметкері ұсталды. Олардың жауабына сүйенсек, жалған құжат 150-ден астам азаматқа берілген. Ал Ақтөбе қаласында жеке клиниканың медицина қызметкері мен делдалдық қызмет көрсеткен жұбайына облыстық соттың шешімімен әрқайсысына 200 АЕК (583 мың теңге) айыппұл салынды.Айбике ЖАНАСЫЛ