Astana Ballet Дубайдағы EXPO-2020 бүкіләлемдік көрмесінде екі қойылым көрсетеді. Бұл туралы театр директоры Александр Совостьянов хабарлады.
Олар Дубай опера сахнасында 27-28 қазанда «Махаббат туралы аңыз», ал 29-30 қазанда «Бейбарыс сұлтан» балетін сахналайды. «Біз үшін қазіргі шектеулерге қарамастан IX театр маусымын өз уақытында ашу өте маңызды болды. Қатты уайымдадық, көрермендермен қауышуды асыға күттік. Әртістер сахнаны, ал көрермен спектакльдерді сағынды. Қазір біздің үлкен жоспарларымыз бар. Бүкіл көрерменді Astana Ballet театрына шақырғым келеді», – деді А. Совостьянов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Айта кетерлігі, тоғызыншы театр маусымы 9-10 қыркүйекте «Бейбарыс сұлтан» балетімен ашылды. 17-18 қыркүйек күндері «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетілмек. «Махаббат туралы аңыз» бен «Бейбарыс сұлтан» – керемет қойылым. Оларды ұзақ карантиннен кейінгі алғашқы гастрольге апарамыз. Яғни, пандемияға байланысты кейінге қалған Дубайдағы EXPO-2020 көрмесінде өнер көрсетеміз. Astana Ballet театрының ұжымы Дубайдың үлкен, жаңа, алдыңғы қатарлы театрларының бірі ретінде осы екі тамаша туындыны ұсынады», – деді Александр Севостьянов.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ