Жамбылда журналистерге неге шүйлікті?
Жамбылда журналистерге неге шүйлікті?
285
оқылды

Жамбылдағы жарылыстың жаңғырығы әлі басылар емес. «Бұған дейін жаралылардың санынан жаңылып, енді бір байламға келдік пе?» дегенде құзырлы орган өкілдері жарылысты жазған журналистерді тергеуге алып, қалам ұстаған қауымның наразылығын тудырды.

Тілшілерге қандай айып тағылды?

Жалпы, облыстық прокуратура мен Полиция департаменті «Же­тінші арнаның» тілшісі Данияр Әлімқұл мен Turaninfo.kz ақпарат агенттігінің журналисі Исламбек Дастанды апта басында қорғануға құқығы бар куә ретінде тергеуге шақырған. Төрт сағат жүргізілген тергеуден кейін оларға Қылмыстық кодекстің «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Арнайы сараптама жүргізу үшін Данияр Әлімқұлдың ұялы телефоны тәркіленген. Алай­да әріптестерінің жағдайын жур­налистер кеш білді. Тек журналист Жасұлан Әбдіхалықтың Facebook парақшасында жазған жазбасынан кейін көпшілік тілшілерге көр­сетіліп жатқан қысымнан хабардар болды. «Бүгін бір топ журналист ІІД мен прокуратураға бардық. ІІД Құдайға қараған екен. Барған мә­селемізді барынша түсіндіруге ты­рысты. Прокуратураң пысқыр­мады. «Аға көмекшімін» деген әде­мі қыз шығып, «келесі аптаның сейсенбісінде келіңдер, қабыл­дай­мыз немесе әне тұрған қорапқа шағымдарыңды тастаңдар, болды» деп бұрылып кетті. Байзақтағы жантүршігерлік жарылыстан кейін бірнеше қыл­мыстық іс қозғалған. Соның ішін­де «БАҚ пайдалану арқылы қо­ғамдық тәртіпті бұзу қаупін ту­дырған жалған ақпаратты тарату» бабы бойынша тергеу жүріп жатыр. Облыстың екі журналисін ІІД-ге шақырып, біреуінің ұялы теле­фонын тәркілеп алыпты. 4 сағаттан астам ұстаған. Телефоны тәркі­лен­ген «Жетінші арнаның» «Айбат» жаңалықтар қызметінің тілшісі – Данияр Әлімқұл. «Біреудің ауласында бала-шағаға қауіп төндіріп жатқан пә­лен тонна қалдық металды эфирге шығардың, сол арқылы қоғамдық тәртіпті бұзып, жалған ақпарат тараттың, жұртты дүрліктірдің» деп айыптаса, қолындағы телефо­нын тәркілеп алса, біздің құзырлы органдар біткен екен. Қайта дер кезінде дабыл қағып, елді сақ­тандырып, құзырлы органдарды құлақтандырып, ақпарат тарат­қаны үшін ұялы телефон сыйлай­тын жөндерің ғой. Ақпарат тара­тушылармен алысқанша, алапат апаттың себебін анықтап, кінә­лілерді жазалайтын уақыттарың болды емес пе?!» – деп жазды Ж.Әбдіхалық. Бұдан кейін түрлі әлеуметтік желілерде журналистерді қолдау жазбалары пайда бола бастады. тергеу «Шұғыл! Қол жинаймыз! Жа­рыл­ғаны рас. Жарған Данияр Әлім­құл емес! Құрметті әріптестер, Жам­былдағы жарылыстың жаңғырығы басылмай жатып әріптесіміз Да­нияр Әлімқұл белгісіз себеппен тергеуге алынды. Телефоны тәр­кіленіп, өзінен тіс жармауға қолхат жаздырып алынған. Бізге белгілісі Даниярдың құзырлы органдардан шақырту алғанына себеп – Бай­зақтағы кәсіпкердің ауласындағы снарядтарды көрсетуі. Сонда егер қауіпті затты көрсең үндемей кету керек пе? Жемқорлықты, ұрлықты, жалпы қылмысты көрсең айналып өтуіміз керек пе? Снарядтың дүм­пуінен Даниярдың сюжеті елге, қоғамға қауіп төндірді ме? Бүгінде БАҚ пен жергілікті билік арасы күннен-күнге алшақтап бара жат­қаны, сорақысы оған жауап­ты­лар­дың қыңқ демей отыруы алаң­да­тады. Сондықтан бүгін сағат 15.00-де Жамбыл облыстық про­кура­турасының алдында әріпте­сімізді қолдауға шақырамыз. Жа­рыл­­­­ғаны рас. Жарған Данияр емес!», – деген үндеу ерекше екпін алды. Бұл үндеуге үн қосуға, қажет болса қол қоюға Жамбыл облы­сының ғана емес, өзге өңірлердің де журналистері ниет танытты. Сондай-ақ құзырлы органдардың әрекетін сынап, әріптестерімізге араша түскендердің саны да аз болмады.

Прокуратура өкілдері не дейді?

Ал түстен кейін 30-ға жуық журналист облыстық прокура­ту­раның алдына жиналып, өздерінің талап пен сауалын жолдады. Жур­налистер әріптестеріне тағылып жатқан айыптың негізсіз екенін айтып, халыққа қауіп төндіруі мүм­кін жарылғыш зат туралы жаз­ғаны үшін жазаланатын болса, бұл билікке де, ішкі істер органдарына да ұят нәрсе екенін алға тартты. Бастапқыда журналистерді жүре тыңдап, арыз-шағымдарын жаз­баша түрде жәшікке тастаңыздар деген прокуратураның өкілі ке­йіннен тілшілердің кетпейтінін түсінді ме, бұқаралық ақпарат құ­ралдарының алдына облыстық прокуратураның басқарма бас­шысы Жомарт Науатов шықты. Ол Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастан бұл істе күдікті емес, куәгер ретінде тергеуге шақырылғанын жеткізді. Сондай-ақ әріптес­тері­міздің үстінен облыс әкімдігінен арыз түскеннен кейін тергеу амал­дарын бастағанын сөз арасында айтып қалды. Бұдан басқа, ақпарат тергеу амалдарының құпиялығына байланысты айтылмайтынын алға тартқан басқарма басшысы ка­рантин шараларына байланысты екі журналистің ішке қарай кіріп, мән-жайды толығырақ білуге бо­латынын айтты. Бұқаралық ақ­па­рат құралдары өкілдерінің аты­нан Қазақстан Журналистер одағы Жам­был облыстық филиалының төр­ағасы Дәулет Төленді мен «КТК» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Руслан Әбдіхалық облыс прокурорының бірінші орын­басары Қанат Мамаевпен тіл­десіп шықты. Әріптестерімізден біл­геніміз, қос журналиске қа­тыс­ты тергеу ұзаққа созылуы мүм­кін екен. Сондай-ақ ұялы теле­фондағы видеоларға жүргізілген сарап­та­мадан кейін олар куәгерден күдік­тіге де айналып кетуі бек мүмкін. Алайда прокуратура өкіл­дері бұл істе барынша әділ болып, барлық жағдайды жіті тексеруге уәде етіпті.

Күдікті жоқ, тек куәгерлер бар

Осылайша, журналистер қауымы әріптестеріне араша түсіп, облыстық прокуратураны сұрақ астына алып жатқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеме жасады. Министр журналист қай кезде де өзінің жұмысын істейтінін айтып, бұл мәселені жіті бақылауына алып, әділ шешілуіне көмек қолын созатынын жеткізді. Үндемеу туралы қолхат бер­геннен кейін Данияр Әлімқұл мен Исламбек Дастан да әзірге еш мә­лімдеме жасаған жоқ. Алайда Ис­ламбектің қорғаушысы Әлия Арзым­бетова іс бойынша күдікті жоқ, тек куәгерлер барын айтады. Сондай-ақ қылмыстық істің қоз­ғалуына не түрткі болғаны да бел­гісіз. Десе де, бейресми ақпарат бо­йынша, Данияр Әлімқұл Байзақ ауданындағы кәсіпкерлік нысан­ның артында үйіліп жатқан сна­рядтарды түсіргені, ал Исламбек Дастан жарылыс кезінде жақын маңнан тікелей эфир таратқаны үшін тергеліп жатқан секілді.

P.S.

Облыстық прокуратура өкіл­де­рімен тілдескеннен кейін жур­на­листер қауымы «арыз түсірді» де­лін­ген облыс әкімдігіне сауал жол­­дады. Алайда ондағылар бұл ақ­паратты жоққа шығарды. Сонда әріп­тес­те­ріміздің үстінен арыз жаз­ған кім? Бәлкім, бұл ауласынан сна­рядтар табылған кәсіпкер ме? Ол жа­ғы тер­геуден кейін белгілі болмақ. Алайда бір айтпағымыз, Консти­туцияда: «Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Респуб­ликасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді» деп көрсетілген. Ал журналист үшін ақпарат жинау, оны тарату – кәсіби қызмет. Сон­дықтан құзырлы органдар Ата Заңда айқындалған осы тармақты негізге алып, өзінің кәсіби жұмысын жа­саған журналистерді ақтап шы­ғарады деп сенеміз...

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы