Көші-қон мәселесі әлі де ел саясатындағы басым бағыттардың бірі болып тұр. Жыл сайын мыңдаған қандасымыз атажұртына оралады. Бұл – қуанарлық әрі құптарлық дүние. Дегенмен осы тұрғыдағы түйткілді проблемалардан да түбегейлі арылдық дей алмаймыз. Мысалы, тарихи Отанына келіп, бірақ азаматтығын ала алмай жүргендер жетерлік. Бұл кемшіліктер бірнеше жылдан бері сөз болып келеді. Ал жағдайдың оңалмай тұрғанының себебі не?
Биылғы көштің қарқыны жақсы
Осы аптада Ираннан 53 қандасымыз елге жеткізілді. Маңғыстау жеріне келген олар құжаттарын реттеу үшін 2-3 күн Ақтау қаласында аялдап, әрі еліміздің солтүстігіне аттанбақ. Яғни, теріскейдегі жұрттың қарасына қосылмақ. Арасында бес айлық егіздер Ділнәз бен Диляра есімді қыздар да бар. Жалпы, былтыр басталған пандемия қандастар көшіне де кері әсерін тигізген тәрізді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, 13 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алған екен. Олардың 53,1 пайызы Қытай елінен келсе, 31,3 пайызы Өзбекстаннан, 8,7 пайызы Түрікменстаннан, 3,7 пайызы Моңғолиядан, 3,3 пайызы басқа елдерден келіпті. Көшіп келген ағайындар негізінен Алматы облысына (51,3 пайыз), Маңғыстау облысына (13,3 пайыз), Түркістан облысына (5,6 пайыз), Нұр-Cұлтан қаласына (4,1 пайыз), Шымкент қаласына (3,9 пайыз) қоныстанған. Былтыр 13 мың этникалық қазақ Қазақстанға көшіп келгенін айттық. 2019 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4 мыңға аз. 2019 жылы «қандас» мәртебесін 17,7 мың этникалық қазақ алған. Алайда «Келушілердің саны азайып бара ма?» деп секем алуға болмас. Себебі биылғы көрсеткіш жаман емес. 2021 жылы алғашқы 6 айда 8 867 адам тарихи Отанына оралып үлгеріп, қандас мәртебесін алыпты. Биыл жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы, яғни 75,5 пайызы Өзбекстаннан, 10,4 пайызы ҚХР-дан, 7 пайызы Түрікменстаннан, 2,5 пайызы Моңғолиядан және 4,5 пайызы басқа елдерден келген. Бұл жерде бір нәрсені аңғардық. Осыған дейін Қытайдан келетін қандастар көп болатын. Ал енді Өзбекстаннан келгендер үлесі артып жатыр. Оралғандарды қоныстандыру бойынша алдыңғы қатарда сол баяғы облыстар тұр. Алматыға 29,9 пайызы, Түркістанға 14,5 пайызы, Маңғыстауға 18,7 пайызы және Жамбылға 8 пайызы тұрақтаған. Айтпақшы, келгендердің еңбекке қабілетті жастағыларының үлесі – 55,5 пайыз, еңбекке қабілетті жастан кішілер – 25,3 пайыз, зейнеткерлер – 19,2 пайыз. Ал білім деңгейі бойынша – 10,9 пайызының білімі жоғары, 39,3 пайызының орта кәсіби, 45,9 пайызының жалпы орта білімі бар екен. Қалған 3,9 пайызының білімі жоқ. Аңғарсақ, басым көбіне елімізде білім алу жағын қамтамасыз ету керек-ақ. Сонымен биыл қандастар көші артып жатқанын сөз еттік. Енді мәселелерге тоқталсақ.Ауған жеріндегі қандастарға қиындық көп
Тәуелсіздік алған тұстан бері ілкіде алыс елдерде қалған ағайынға атажұртына оралуға жол ашылды. Осы кезге дейін 1 миллионнан астам қандасымыздың елге оралғанын білеміз. Атажұртқа оралған ағайындардың ішінде әлі Қазақстан азаматтығын ала алмай жүргендер көп. Көші-қон қызметі, Халыққа қызмет көрсету орталығы секілді құзырлы орындардан көңілі қалған ағайын амалсыз қоғамдық ұйымдарға жүгініп жатыр. «Көші-қон туралы» заң тармақтарында қарама-қайшылықтың көп екені жиі айтылады. Жат жердегі қандастарымызды атажұртқа қайтару мемлекеттік саясаттың басым бағыты бола тұра, жағдай мүшкіл секілді. Бәрінен бұрын олардың жанына бататыны – көбі қазақ бола тұра, сонысын дәлелдей алмай әлек болып жүр. Азаматтығы болмаған соң не жұмыс жоқ, дәрігерге қаралу, білім алу мүмкіндігі жоқ, қысқасы, құжатын реттей алмай сандалып жүргендерді құқық қорғау органдары да бір жағынан қысымға алатын көрінеді. Қазір ауған жерінде болып жатқан шиеленіске толы жағдайдан хабардармыз. Осы тұста сондағы қандастар елге оралғысы келетінін айтып, көмек сұрағанын көрдік. Бірақ олардың елге оралғаны бір төбе, қандас мәртебесін алуының өзі қиын. Негізі, ұлтын растайтын анықтама – қандас мәртебесін де, азаматтық алуға да негіз болатын басты құжат. Дегенмен кейбір елдер куәлікке ұлтын белгілемей, тек тілін ғана жазады. Бұлардың қатарында Ауғанстан бар. Ауғанстанның «таскира» деп аталатын туу туралы куәлігі бар. Сол куәлікте тегі деген жерде арабша қазақ деп тұрады. Бірақ ол тегі дегенді ұлты деп қабылдай бермейді. Ал таскирада ұлты көрсетілмейді, тілі қазақ деп қана көрсетіліп тұрады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мұндай жағдайда Ұлттық қауіпсіздік комитеті азаматтық беруге келісім бермейтінін жариялаған. Сондықтан ондағы қандастардың елге оралуы екіталай деп айтсақ жаңылыспаймыз. Осыған дейін біз қандастарға қол байлау болған азаматтық алу мәселесін жаздық. Көбінің базынасын да тыңдадық. Қағазбастылықтың кесірінен әлі айыға алмадық. Биылдан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізуге тырысып жатқан қор, азаматтық алу үшін қандастар жинауға тиіс 46 құжатты 26-ға дейін азайтқанын жариялады. Дегенмен қағазбастылық – «баяғы бір жартастың» орнында. Қандастарға азаматтық беру ісінде «Көші-қон туралы» заң талаптарын жеңілдету қажет. Олардың мәселесімен «Отандастар қоры» айналысады. Арыз-шағымын қарайды. Қазір қанша ағайынның құжатқа қолы жетпей жүргені жайлы нақты дерек жоқ. Әйтеуір жыл басында жаңағы «Отандастар қоры» қандастардан келетін шағымның көп екенін мәлім етті. 2019 жылдың өзінде 11 мыңға жуық өтініш түсіпті. Кейбіреуін әлі шешіп жатқан көрінеді. Бірақ барлығын қамтымағанын көріп отырмыз. Елімізден кетіп жатқандардың барын білеміз. Басым бөлігі тарихи Отанына аттанады. Енді бірі жұмыс бабымен қоныс аударып, оралмай жатады. Бұл жағдайда айналып келгенде еліміз адами капиталдан айырылып отырғаны көрінеді. Соның орнын толтырып, оған қоса демографиялық ахуалды реттеудің бір амалы қандастарға жол ашу болса керек. Ол үшін жоғарыда аталған проблемалар шешімін тапса жөн.Мадияр ТӨЛЕУ