Тұмауға қарсы да вакцина бар
Тұмауға қарсы да вакцина бар
405
оқылды

15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцина салу науқаны басталды. Бас санитар дәрігер өткен жылдан бері аталған екпені қыркүйек айынан бастап салуға рұқсат берді. Әдетте халық мұндай маусымдық екпе түрін қазан айының ортасында салдыратын. Алайда респираторлық вирусқа қарсы вакцинаны бәрі бірдей ала алмайтыны бар. Сонымен, тұмауға қарсы вакцинаны кімдер ала алады? Оның КВИ-ге қарсы екпемен әрекеттесуі қалай?

Вакцинаны тегін салдыруға бола ма?

Еліміз «Гриппол+» екпесінің 2 млн 500 мың дозасын Ресейден са­тып алды. Өткен жылы да атал­ған вакцинаны көрші елден ал­дырттық. Одан басқа «Санофи-Пастер», «Инфлювак», «Синовак Био­тек» тіркеуде тұр. Тұмауға қар­сы екпенің иммунитетте бір жыл­ға дейін сақталатынын ес­керіп, жылына бір рет алу керек. Мәлімет бойынша, жыл сайын 1 миллионға жуық адам респи­ра­торлық вирустық инфекция жұқ­тырса, соның жартысынан көбі – балалар. Себебі балалар тұмаумен ауыруға бейім екен. Сондықтан дәрігерлер ата-анасының рұқса­тымен балалардың аталған вакци­наны алғанын құптайды. «Тұмауға қарсы вакцина алған дұрыс. Әсіресе, күз айларында ал­лергияның қозып, ағзаның инфек­ция жұқтыруға бейім екенін ес­керіңіз. Вакцина алғасын тұмаумен ауырған күннің өзінде симп­том­дары жеңіл өтеді әрі жүкті әйел­дерге де осы екпе түрін салдыруға болады. Бірақ жүктіліктің алғашқы триместрінде емес, ІІ немесе ІІІ триместрде алған жөн. Егер коро­навирусқа қарсы вакцина сал­дыр­ған болсаңыз, тұмауға қарсы екпе екеуінің арасы бір ай болуы керек. Қандай да бір екпе алмас бұрын дәрігер кеңесіне жүгініңіз», – дейді дәрігер Назым Әбуова. Әрине, міндетті вакциналаудан бірінші кезекте медицина қызмет­керлері өтеді. Одан кейін меди­ци­налық ұйымдарда диспансерлік есепте тұрған балалар мен 6 айдан асқан әрі жиі ауыратын нәрес­те­лерге екпе егеді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлы­ғын­сыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де вакцина алады. Сонымен қатар екпені денсаулық жағдайына бай­ланысты осал топқа жататын аза­маттар және қарттар мен мүге­дек­тер үйінде тұратындар салдырады. Оның ішіне жүрек-қан тамыр жүйесі мен тыныс алу орган­да­рының созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. Егер сіз жоғарыда аталған топтарға жатпайтын бол­саңыз, вакцинаны жеке қаражат есебінен салдырасыз. Дәрігердің айтуынша, вакци­налаудан кейін антиденелер 8-12 күннен кейін пайда болады. Со­ның ішінде егде жастағы адамдарда иммунитет 12 айға дейін сақталады. Әртүрлі жастағы адамдарда екпе алғаннан кейін тұмау вирусына антиденелердің қорғаныш титрла­ры екпе алған адамдардың 75-92%-ында анықталады. «Гриппол плюс» егудің Ұлттық күнтізбесіндегі бел­сенділігі жойылған және тірі вак­циналары мен БЦЖ және БЦЖ-м екпелерін қоспағанда, бір мезгілде алуға болады. Ал қандай көрсеткіштер бо­йынша тұмауға қарсы вакцинаны салдыруға болмайды? Екпе құра­мында өте аз мөлшерде тауық ақуызы болу мүмкін екенін ескер­геннен, аталған затқа аллергиясы барлар вакцина алмайды. Бронх де­мікпесі, неврологиялық ауруы немесе тері дерматиті бар адамдар екпеден бас тартуына болады. Өйт­кені созылмалы аурулардың өр­ши­тін кезеңінде аллергиялық реакция беруі мүмкін. Одан бөлек, бұрын вакцинаның мұндай түрін алғанда қандай да бір реакция болған болса, екпе алмағаныңыз абзал.

КВИ жұқтырғандар тұмауға қарсы екпе ала ма?

Айта кетерлігі, мамандар күз мезгілінде денсаулыққа көбірек көңіл бөлу қажетін айтады. Әсі­ресе, суық тигізіп алсаңыз, КВИ-мен ауырып қалсаңыз, қалыпқа келгесін 2 аптадан кейін тұмауға қарсы вакцина салдыруға рұқсат. Алайда дәрігермен кеңесіп, құлан таза айыққаныңызға көз жеткізу керек. Бұдан кейін вакцинаның кері әсері бары не жоғы туралы сұрақ туары анық. Медицина қызмет­кер­лерінің айтуынша, екпе алға­сын дене қызуы 0,5 градусқа кө­теріліп, тамақ қызаруы мүмкін. Ағзада ви­рустық инфекцияның симптом­дары байқалғанымен, бірнеше күннен соң белгілер жо­йылады. Сондықтан алаңдаудың қа­жеті жоқ. Әрі тұмауға қарсы вак­цина тек тұмау вирусынан қор­ғайтынын ескерген жөн. Бұл екпе түрі ко­ронавирусқа қарсы тұра алмайды. Коронавирус пен тұмауға қар­сы вакцинаның әрекеттесуіне келсек, мұны мамандар былайша түсіндірді. Мәселен, Жандарбек Бекшиннің айтуынша, егер адам КВИ-ге қарсы екпе алған болса, екі апта аралықты сақтауы керек. Осылайша, кейінірек екінші вак­ци­наны алады. Ал алдымен тұмауға қарсы вакцинаны салдырған бол­са, 2-4 аптадан кейін коронавирусқа қарсы екпе ала алады. Бірақ кейбір медицина қыз­меткерлері «сақтансаң сақтай­ты­нын» ұмытпауға шақырады. Мә­селен, Павлодар облыстық Ден­саулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің айтуынша, коронавирус жұқтыр­ған тұрғындар тұмауға қарсы вак­цина салдырмағаны дұрыс. Өйт­кені ағзада түрлі асқыну симптомы білінуі мүмкін. Оның үстіне имму­нитет толық қалыптаспағаннан, кез келген жағдай болуы ықтимал. «Қазір ерекше қауіп төндіретін екі вирус бар: екеуі де тыныс алу жолдарын қабындырады. Тұмау мен коронавирус ағзада бір мезгілде кездескен жағдайда, қа­лай әрекет ететінін білмейміз. Бі­ріншіден, үлкен мәселе – біз COVID-19 туралы әлі де аз білеміз. Сонымен қатар КВИ-дің әртүрлі көрінісі бар өте күрделі вирус еке­нін көріп отырмыз. Оның қауіп-қатер тобы – созылмалы аурулары бар адамдар мен қарт адамдар. Сондықтан егер адамдарды кем дегенде бір инфекциядан, яғни тұмаудан қорғауға мүмкіндік бол­са, онда қолдан келгенін жасау керек. Әрине, мұның негізі – тұ­мауға қарсы екпе алу», – дейді №3 қалалық емхананың терапия бө­лімінің меңгерушісі Көркем Нұр­мағамбетқызы. Осы орайда тұмауға қарсы вакцинаға қатысты ел арасында тараған «аңыздарға» тоқталып өт­сек. Алдымен, «екпе ексең, ауыр­майсың» дейтінге келсек, бұл – қате тұжырым. Себебі вакцина ал­ған күннің өзінде тұмаумен ауы­рып қалуыңыз мүмкін. Бар­лы­ғы денсаулықты қалай күтетініңізге байланысты. Егер екпе алғасын тұмауратып қалсаңыз, вакцина симптомдардың жеңіл өтуіне, тез айығуға көмектеседі. Ал «вакци­наны өмір бойы бір рет алу жет­кілікті» дейтіндерге айтарымыз, тұмауға қарсы екпе түрін шешек пен қызылша сияқты ауруларға арналған вакцинамен шатас­тыр­маңыз. Иә, бұл вакцина түрін жылына бір рет егуге болады. Бірақ бұл бір доза өмір бойына жетеді дегенді білдірмесе керек. Содан кейін «тұмауға қарсы вакцинаны тегін егеді» дейтін жалған ұғым бар. Жоғарыда жазғанымыздай, белгілі бір топқа аталған екпе тегін егеді. Мұндай топқа кірмейтін тұлғалар вакцинаны ақылы түрде салдырады. Ал тұмауға қарсы екпе салу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады.

Айбике ЖАНАСЫЛ