«Болашағы жоқ» ауылға асфальт үміт сыйлай ма?
«Болашағы жоқ» ауылға асфальт үміт сыйлай ма?

Мемлекеттік  бағдарламалар жетерлік. Олардың орындалу деңгейі әр жерде әртүрлі. Бір ауылға су, бір ауылға жол  керек. Ал кейбір елді мекенге екеуі де керек. Дегенмен болашағы жоқ ауылдарға оның не керегі бар? Әр адамға ыңғайлы жағдай жасалуы керек. Ол дұрыс. Бірақ «болашағы жоқ» деп есептелетін ауылдың инфрақұрылымы үшін қаржы бөлу қисынды ма? Әдетте елімізде ауыл тағдыры мектеппен байланысты болатыны бар. Ал Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы бір ауылда мектеп жабылғанымен, жолға асфальт төселуде...

Айтайын дегеніміз, Ақтоғай ауданы Айыртас ауылдық мектебінде биыл алғаш­қы қоңырау соғылған жоқ. Өткен оқу жы­лында Айыртас мектебінде оқыған 24 бала қайда кетті? Сұрақ көп. Жауап жоқ. «Қош, Айыртас ауылында мектепте оқитын бала саны аз делік. Онда болашағы жоқ ауылға осыдан 3-4 жыл бұрын не үшін «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы мемлекет есебінен қыруар қаржы жұмсап, ауызсу тартты. Ақтоғай ауданы әкімінің комму­нал­дық сала бойынша орынбасары Қ.Қо­шантаев: «Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қусақ, Айыртас ауылдарына асфальт төсеп үлгермедік. Ол жұмыс биыл жалғасын тауып, аталған ауылдарға 28 миллион теңге қаржы бөлініп, жұмысы жанданып, жалғасын тапты» деп отыр. Сонда не үшін жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мектебі жоқ ауылдың көшесіне асфальт жол төселіп жатыр. Әлде аудан басшылығы Мемлекет басшысының «Болашағы жоқ ауылдарға мемлекет қаржысын босқа шашпаңдар» деген талабын білмей ме?», – дейді ауыл тұрғыны Мүсіркеп Сейдахмет. Статистикалық мәліметке көз салсақ, еліміз тәуелсіздік алар алдында Ақтоғай ауда­нында халық саны 31 мыңнан асып жығы­лып­ты. Бүгінгі ол көрсеткіш 17 мыңға кемі­ген. Бұдан шығатын қорытынды Ақто­ғай ау­даны 30 жыл аралығында халқының тең жа­рымына жуығын жоғалтып отыр деген сөз. Демек, алаңдауға негіз бар. Айыр­тас мек­те­бінің тағдыры Ақтоғай ауданының басына кел­месіне кім кепіл?! Өйткені Ақтоғай ауда­ны бойынша жаңа оқу жылында мектеп та­бал­дырығын аттап отырған оқушы саны – 2 934. Ал аудан орталығындағы екі мектепте оқитын бала санын қосып есептегенде 600 оқушыны ғана құрайды. Бұл Ақтоғай секілді үлкен аудан үшін тым аз көрсеткіш екені талас тудырмаса керек. Ал Айыртас ауылы аудан орталығынан 250 шақырым қашықтықта орналасқан. Басты пробле­масы – ауыл тұрғындары санының аздығы. Осы уақытқа дейін бұл мәселеге ауыл әкімінің мән беріп, алдын алуға қарекет жасамағаны таңғалдырады. Тіпті, аудан атқамінерлері мұндай тосын жағдайдың орын аларын күні бұрын болжап, күтпеген де болуы керек. Күні бұрын болжаса халық саны аз, Айыртас секілді ауылдарға қан­дастарымызды шақырып, қоныстандыру арқылы проблеманы шешуге болар еді ғой. Бірер жыл бұрын Ақтоғай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылына Ақмола облысынан Қытайдан елге оралған қандастарымыздың он шақты отбасы көшіп келіп, қоныстанған. Олардың бірі – қазір ауылдағы мектепке жұмысқа тұрып, енді бірі – шаруа қожа­лықтарына жалданып еңбек етіп жүр. Балалары Қарабұлақ мектебінде оқушы санын арттырып, білім алып жатыр. Жақып Баймолла есімді азамат аудан орталығына орнығып, Жидебай ауылының аумағында егін салумен шұғылданып отыр. Бір тілдескенімізде «Алдағы күндері жер­асты суын пайдаланып, суармалы егіспен айналыспақпын. Жер берсе Айыртас ауы­лын адамға, мектебін оқушыға толтырар едім» деген ойын да білдірген. Егер де ау­данға осындай өзге елден Отанына оралған қандастарымызды тартып, Айыртас секілді халық саны аз ауылдарға қоныстандырғанда, бұл проблема туындамас па еді? «Еліміздің басты байлығы – адам» дей­міз. Дей тұрғанмен, аудан халқының саны жылдан-жылға кеміп бара жатқанын естен шығармайық. Айыртастың кебін өзге ауыл­дар кимесін десек, бұл мәселені ше­шу­дің жолын осы бастан қарастырып, қол­ға ал­масақ, кеш қалып, бармақ шайнап қала­ры­мыз анық», – дейді Мүсіркеп Сейдахмет. Бұл мәселе басылымдарда бірнеше рет көтерілді. Дегенмен «баяғы жартас, сол жар­тас». Мәселе шешілер түрі жоқ. Ауыл­дағы жағдайды түсінетін уақыт болды емес пе? Құлшынып отырған адамға неге жағдай жасамасқа? Осылай деп аудан әкімінің құла­ғына алтын сырға ілуге тура келер, бәлкім?!.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы