ШҚО-да бұзақылық жасаған 40-тан астам жасөспірім анықталды
ШҚО-да бұзақылық жасаған 40-тан астам жасөспірім анықталды
Сурет: succo
195
оқылды

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері төрт күн ішінде ұсақ бұзақылық жасаған 40-тан астам жасөспірімді анықтады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңір аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсат – кәмелеттік жасқа толмағандардың алкоголь, есірткі және психотропты заттарды тұтыну фактісін анықтау, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу.
«Шараның алғашқы 4 күнінде 520 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, бала тәрбиесі бойынша міндетін орындамаған 35 ата-ана, ұсақ бұзақылық жасаған 41 жасөспірім, алкогольді ішімдік ішкен кәмелеттік жасқа толмаған 27 баланың әке-шешесі жауапқа тартылды. Сондай-ақ түнгі уақытта көше кезіп жүрген 98 жасөспірім тіркелді», – делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта облыстағы ішкі істер органдарында 309 бала есепте тұр. Шара барысында олардың барлығы тексеріліп, заңды бұзбау қажеттігі жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізілген.